«ХАЛЫҚ ЗАР ИЛЕП, ЖЫЛАП ЖАТСА, МЕН ӘКIМ БОЛМАЙ-АҚ ҚОЙДЫМ» ДЕП АШЫҒЫН АЙТТЫМ»

441
0

Данияр ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, ОҚО Ордабасы ауданының әкімі

«Бiздiң сұхбат» айдарының бүгiнгi қонағы – Оңтүстiк Қазақстан облысы Ордабасы ауданының әкiмi Данияр Тiлеубергенов. Шынын айту керек, үстiмiздегi жылдың сәуiр айында аталмыш ауданға басшы болып тағайындалғанға дейiн бұл есiм жалпақ жұртқа беймәлiмдеу болатын. Және оның себебi де жоқ емес. Данияр Iзбасарұлы еңбек жолын алғаш бастаған сонау 1983 жылдан берi ешқайда табан аудармастан туған жерiн түлетуге мейлiнше үлес қосып келедi. Тiптi, биыл Темiрланды топан су басып, халық әбiгерге түсiп, асып-сасып қалғанда, сауаттылық һәм тегеурiндiлiк танытып, «қалайда тығырықтан шығар жол табамын» деп аласұрған да осы Тiлеубергенов болатын. Еңбек елеусiз, ескерусiз қалған жоқ. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов азаматтың iскерлiгiн бағалап, ауылдық округтiң әкiмi қызметiн атқарып жүрген жерiнен бiрден ауданның көшiн сүйреудi сенiп тапсырды. Ордабасылықтарға етене таныс, бiрақ бәрiмiз бiрдей бiле бермейтiн Данияр Тiлеубергенов шын мәнiнде кiм? Бұл сұраққа төмендегi сұхбаттан жауап iздеп көрейiк.

– Дәке, Сiз Ордабасы ауданына әкiм болып тағайындалғанда, расында да, облыс орталығында «Бұл кiм едi? Қайдан келдi?» дегендi естiдiк. Себебi, әдетте облыс әкiмдiгiнде жұмыс iстеп, көзге көрiнiп қалған немесе тым болмаса аудан әкiмiнiң орынбасары лауазымын атқарған жiгiттерге таңдау жасалаушы едi. Бұл жолы кадрлық саясаттағы сол сең бұзылғандай. Ордабасы ауданының төл перзентi екенсiз. Өзiңiздi жақынырақ тани түссек деп едiк.

– Бұрынғы Бөген ауданының (қазiргi Ордабасы ауданы) Бадам кеңшарына қарасты Коммунизм деген бөлiмше болатын, сонда дүниеге келдiм. Атам Тiлеубергеннен бiр ұл, бiр қыз тарайды: әкем – Iзбасар және оның қарындасы. Темiрланнан Арысқа бет алған тұста Бағыс деп аталатын ауыл бар, бiздiң ата-бабаларымыз әу баста сонда мекендеген. «Жалғыз ұлым бiлiм алсын. Орталыққа жақындайын» деген мақсатпен Коммунизмге кейiнiрек қоныс аударады. Сонда баласын Темiрланның батыс бөлiгiнде орналасқан мектепке өзi әкелiп, өзi әкетедi екен. Атам – темiрден түйiн түйген кiсi, ұстаханасы болатын. Әндi керемет салатын, әзiлқой, тiлге шешен едi. «Тiлеуберген айтпақшы» дейтiн әңгiмелер елдiң аузында әлi күнге дейiн айтылады. Ал, әкем Iзбасар бойшаң, алпамса денелi, намысшыл азамат-тын. Алматыдағы мал дәрiгерлiк институтын тәмамдаған ол осында оралып, түрлi қызметтерде абыройлы еңбек еттi. Ауылда көзi ашық, оқыған екi азамат болса, бiрi менiң әкем-тiн. Бүкiл ауыл қандай да бiр мәселемен әкеме келiп жүгiнетiн. Атадан бiр ұл болса да, немере iнiлерiне қамқор-тұғын. Баршасын оқытты. Атқа құмар едi, көкпар десе, делебесi қозып тұратын. Коммунистiк партияның қатарындағыларға көкпар шабуға тыйым салынғандығына қарамастан, додаға өзi кiрiп кететiн. Ол кезде үнемi екi тұлпарды үйде баптап ұстайтынбыз. Өте қонақжай едi. Мейманының алдына барын шашатын. Екi күннiң бiрiнде қой сойылып жататын. Бiрақ дүниеден ерте кеттi. Бүйрекке жабысқан суық ұзақ жылдар мазалап, түбi жеңiп тынды ғой. Қырық үш жасында дүниеден өттi. Бұл мен жоғары оқу орнына түскен кез едi. 1978 жыл.

Анамыздың көзi тiрi, 75 жаста. Былтыр үлкен қызметте жүрген бiр ағамыздың шешесi 89 жасқа қарап, бақилыққа аттанғанда, оның «Анамның құрметiне бiр той жасап бере алмадым-ау» деп ағыл-тегiл жылағаны жүрегiмде қатты сақталып қалыпты. Сол секiлдi бiр әке, бiр шешеден 2 ұл, 3 қыз өрбiдiк. Ағам қайтыс болып кеттi. Қайсыбiр күнi соны ойлап әпке-қарындастарыммен «Жанымызда жүргенде, анамыз мәңгi өмiр сүретiндей көрiнедi. Әйтсе де ертеңгi күнi Пәленше көкемiздей өкiнiп қалмайық» деп анамыздың мерейтойын өткiзу жайын ақылдастым. Шешем қиыншылықты көрудейiн көрдi, жастайынан аурушаң едi, талып қала беретiн. Әкем оны ауруханадан-аурухана апарып жүретiн. «Әй, осы әйелiм өлiп қалады-ау» дейтiн жиi. Керiсiнше, әкем дүниеден ерте озды. Анам содан кейiн аурухана бiр-ақ рет түстi де, сауығып кеттi. Бүкiл ауру-сырқауын әкем өзiмен бiрге алып кеттi-ау деп ойлаймын осы күнi. Шешем – Арғынның қызы. Күнi бүгiнге дейiн бiр тойдан, бiр жаназадан қалмайды. Зейнетақысы бәрiне жетедi, әйтеуiр. Мен ақша берсем, «Балам, қандай ақша бұл?» деп мiндеттi түрде сұрайды. «Таза жолмен келген ақша, ала берiңiз» деймiн мен.

Бала күнiмде мен де әкем секiлдi зоотехник болуды армандадым. Алайда әкем зоотехник болғанымды қаламады. Содан құжаттарымды құрылысшы мамандығына тапсырамын деп барып, талапкерлер көп болғасын инженер мамандығы бойынша бағымды сынадым. Инженер-механик болғандықтан, еңбек жолым 1983 жылы Бөген ауданы Қ.Мұңайтпасов атындағы совхоздың механик-бақылаушысы болудан басталды. Ол кезде баламыз ғой. Мақта жинайтын комбайндардың қосалқы бөлшектерi сақталатын шеберхана қоймасының бiр уыс кiлтi – менiң қолымда. Кiмге қандай бөлшек беретiнiмдi арнайы журналға тiркеп отырамын. Сондай-ақ бастығым «Комбайндардың барлығының рет-ретiмен, бiр сызықтың бойына орналасуын қадағала» деп тапсырады. Тапсырманы екi етпеймiн. Сондай жауапкершiлiк жүктелгенiне өзiмше мәзбiн. Бiр-екi жылдан кейiн жер тегiстеу отрядының бригадирлiгiне ауыстым. Сонда жүрiп партияның жұмысына қызығушылық оянды. Бағыма орай, бiзге жекжаттық қатысы бар Қортаев деген азамат парторг болып келдi де, менi партия құрамына өтуге дайындады. Сонымен бiрге институтта әкемнен 2-3 курс төмен оқыған Жандарәлi Қожабаев ауданда I хатшы-тын. Бөген аудандық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнде Гайдан Дәнешов деген көкемiз бар. Бiзбен көршi тұратын Малдыбай Ендiбаев дейтiн ағайынымыз бар, парткомиссияда, соған партияға мүше болуды қалайтынымды қайта-қайта айтамын. Сондағы бар ойым – «Мен институтта не үшiн оқыдым? Бас инженер болуым керек» дегенге саяды. Не керек, партия құрамына өтуiме осы азаматтардың көп септiгi тидi. Тiптi, аудандық комсомол ұйымында II хатшының орны босап, Ж.Қожабаев бiр күнi маған сол қызметтi ұсынды. Комсомолда бұрын-соңды жұмыс iстеп көрмегенмiн, жүрексiндiм. Содан менi Қазақстан ЛКЖО Бөген аудандық комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi еттi. Мұның да жауапкершiлiгi мен қиыншылығы жетiп-артылады. Ол уақытта Алматы қаласында Республикалық комсомол мектебi болатын, онда елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi комсомол ұйымдарында еңбек етiп жүрген қызметкерлер бiлiмiн тереңдетедi. Бiр жолы оқуға өзiм сұранып кеттiм.

Солтүстiктегi облыстардың бiрiнде мен секiлдi ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiлiгiн атқарып жүрген жiгiтпен әңгiмелесiп қалдым. «Бұл қызметке орналасқаныма 6 ай толды, ендi I хатшылыққа әрекет жасамақшымын» дейдi. «Әлi ерте емес пе, мысалы, маған 3-4 ай болды» деймiн таңғалып. Сөйтсем, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетiнiң хатшысы Серiк Әбдiрахманов «Аудандардағы I хатшылыққа жастарды тарту керек» деп пәрмен берген екен. Дәл сол уақытта ауданымыздағы I хатшы қызметiндегi азамат парторг болып ауысты да, маған да жол ашылды. Содан бағым жанып, 25 жасымда аудандық комсомол комитетiнiң I хатшысы болып шыға келдiм.  1988-1989 жылдары Бөген ауданы Арыс ауданына қосылатын болғасын Арыс аудандық комитетiнiң I хатшысы болдым. Қазақстан ЛКЖО Шымкент облыстық комитетiнiң ұйымдастырушысы, Шымкент облысы Қазақстан соцпартиясы Бөген аудандық комитетi хатшысының орынбасары лауазымдарында да мейлiнше абыройлы еңбек еттiм деп ойлаймын.

Елiмiз тәуелсiздiк алған соң, әкiмдiк институт пайда болды. Бiздiң ауданға алғашқы әкiм болып Еркiн Сатқанбаев тағайындалды. Соцпартияда жұмыс iстемей тұрып-ақ комсомолды қойып, шаруашылыққа араласқым келiп, бiр совхозға директор болуды сұрап жүретiнмiн. Әйтсе де «Әлi жассың ғой» дейтiн әңгiмемен меселiм қайтатын. Бiр жұмысты айналдыра бергеннен кейiн кез келген адам мезi бола бастайды ғой, сол себептi әкiмдiк жүйе құрылғасын өнеркәсiп, көлiк саласына қатысты бөлiмдi сұрадым. Алайда қайтадан Ордабасы ауданы әкiмшiлiгi дене тәрбиесi, спорт және саясат, жастар iсi жөнiндегi комитетiнiң меңгерушiсi етiп бекiттi. Тағы да жастар. Бiрақ салым суға кеткен жоқ: Қажымұқан бабамыздың 120 жылдық мерейтойының ауқымды деңгейде өтуiне атсалыстық. Ұйымдастыру комитетi төрағасының орынбасары болдым. Ұлттық құндылықтарымызды паш ету үшiн түрлi сайыстар ұйымдастырдық: ақындар айтысы, көкпар, бәйге, күрес, т.б. Ол кезде сайыстарға автокөлiк тiгу деген кемде-кем болатын, себебi, ол тапшы, сатып алу үшiн де рұқсат алу қажет. Сөйтiп, мен екi «Москвич», бiр «Запорожец» автокөлiгiн алуға құжат әзiрледiм. Қысқасы, той жұрт айтып жүретiндей дәрежеде өткiзiлдi.

Сатқанбаевтан кейiн Оразәлi Омаров келдi. Сол кiсiнiң тұсында ғана Қажымұқан ауылдық округiнiң әкiмi болып тағайындалдым. Бұл – 1994 жыл. Кеңшарлар ыдырап, ұжым-ұжым болып ырду-дырду бөлiнiп жатқан кез-тiн. Айқай-шу көп. Соған қарамастан, хал-қадерiмiзше тер төктiк. Сөйтiп жүргенiмде, облыс әкiмдiгiне тiкелей бағынатын еңбек биржасы деген мекеме ашылды да, соның тiзгiнiн маған сенiп тапсырды. Жұмыссыздық әбден белең алған шақ. Бюджеттiк мекеме қызметкерлерi мен зайнеткерлердiң жалақылары мен зейнетақылары жылдап кешiктiрiледi. Құдай менiң мерейiмдi үстем етейiн дедi ме, кiм бiледi, тура осы кезеңде жалақы, жәрдемақы, зейнетақылар үстiн-үстiн берiле бастады. Ел iшiнде «Данияр Тiлеубергенов әперiп жатыр екен» деген әңгiмелер желдей естi.

Ордабасы ауданының әкiмi болып бұдан соң Өмiрзақ Әмет келдi. Менi осындағы бiр ақсақалдар жамандап барған көрiнедi, келе сала Ө.Әмет орынбасарлары арқылы «Тiлеубергенов жұмыстан кетсiн!» деп сәлем айтыпты. Орынбасарларының айтуына қарағанда, сондағы менiң кiнәм мемлекеттiң берген үйiне қосымша құрылыс жүргiзiп, қам кесектен екi қабатты үй көтерiп жатқаным екен. «Қайта бұған қуанбай ма?! Бәрi қирап жатқан шақта мен екi қабатты үй салып жатырмын. Маған қарап ертең Темiрланда екi қабатты баспаналар көбейедi» деп уәж айттым. Ертесiне Ө.Әметтiң жұмыс бөлмесiне кiрiп бардым. Ойымды ашық бiлдiрдiм. Ол кезде әкiмдердiң барлығы – бұрынғы комсомолдар-тұғын. Ғ.Жұмжаев, Ж.Байғонов, Қ.Айтаханов, З.Салықбаевтарды айттым. «Мен – осы жердiң азаматымын. Бiр қауым елмiз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», күндердiң күнiнде сiздiң үстiңiзден негiзсiз арыз-шағым түссе, халыққа дұрыс әңгiме айтатын, ентiгiн басатын адамдардың бiрiмiн» дедiм. «Мен жете зерттемей, солай деп айтып қалып едiм. Болды. Ештеңеге алаңдама! Жұмысыңды iстей бер!» дедi Ө.Әмет. Ол осыдан кейiн маған ләм-мим деген емес. Кедергi келтiрген жоқ.

Ө.Әметтен кейiн Мұрат Мақалов келiп едi, бiрақ ұзақ тұрақтамады. Iле-шала Ислам Әбiш тағайындалды. Әдеттегi әдетiне басып баяғы бiр-екi қария бұл жолы да Исекеңе менi жамандапты. Бетiң бар, жүзiң бар демей, әдiлдiктi айтатын, кемшiлiктi тiлiп айтатын мiнезiм бар, шамасы, сол қасиетiм әлгi ақсақалдарға жақпай қалса керек. Содан Исекең маған тиiсе бастады: түрлi арыздар ұйымдастырып, жүйкеме ши жүгiртедi. Мен – аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының бастығымын. Екеуiмiз де бiр замандарда комсомолдың I хатшысы болғанбыз. «Қалаған құзырлы органыңызға тексертiңiз» деп мен де қайтпаймын, кiнәсiз екенiмдi дәлелдеймiн. Бiр күнi «Исаханов ауылына әкiм болып барыңыз» дейдi. «Сiз менi жер аудармақшысыз ба? Бармаймын» деймiн мен. Тура сол кезде Шұбар ауылдық округiнiң әкiмi iстi болып қалып, орнынан босап жатқан-тын. «Шұбарға әкiм болсын» деп сәлем айтып жiберiптi. «Мен ешкiмнен жұмыс сұраған жоқпын ғой. Өз шаруамды дөңгелетiп жатырмын» деймiн. Не керек, бiр күнi түнгi бiр жарымда Исекең көлiк жүргiзушiсiн үйге жiберiптi. Ұйықтап қалған едiм. Ұмытпасам, мерекенiң қарсаңы-тын. Қатты ашуландым. «Исеке, не болды?..» деп, қатуланып кiрейiн деп есiктi аша берiсiмен «Данияр, түнде мазалағаным үшiн кешiр!» деп Ислам Әбiш ахуалды жұмсартып, алдымды орап кеттi. Әкiмнiң кабинетiнде орынбасарларынан бастап бiрқатар жауапты адамдар отыр. Тура сол кезде Темiрланға облыс әкiмi келуi керек едi, бiраз жұмысты бiтiрiп үлгере алмай жатқан көрiнедi: «Маған төрт дәнекерлеушi тауып бершi» дедi. «Жарайды». Сонымен, бәрi тарайтын болып, орнымнан тұра берiп едiм, менiң қалуымды өтiндi. «Бiлесiң ғой, шалдардың айтқанын iстеп қалып едiм. Әрлi-берлi ырғап көрiп едiм, мықты екенсiң. Байқадым. Өткенде менi «Исахановқа айдауға жiберiп жатырсыз ба?!» деп ұялтып қойдың ғой. Сен Шұбарға әкiм болып барсайшы» дедi. «Бөтен ауыл ғой. Қалай болар екен?..» деймiн мен күмiлжiңкiреп. «Әй, қойсайшы, онда жиырма үй – қоңырат, қалғанының бәрi – сенiң ағайындарың. Камардин Бектұрсын деген кiсi бар. Сонымен жақсы болсаң, болды…» деп күлдi. «Жарайды» деп келiсiмiмдi бердiм. Осы жолы екеуiмiз құшақтасып, төс қағыстыруға сәл-ақ қалдық. «Данияр, жасымыз 70-ке келгенде, екеуiмiз өте жақын араласатын боламыз» дедi ең соңында. Мен осы сөзiнiң әлi күнге дейiн шешуiн таппай жүрмiн.

Келесi тiзгiн Жамбыл Байғоновқа бұйырды. Ол келе сала менi қайтадан аудандық дене шынықтыру және спорт бөлiмiнiң бастығы етiп тағайындады. Ал, түпкi мақсаты өзiне орынбасар ету едi…

Ордабасы ауданын одан кейiн Асқар Ендiбаев басқарды. Оның тұсында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiн атқардым. Уран өндiрiсiнде пайдаланылған құбырларды ауызсу жүргiзуге қолданғанын құзырлы органдарға тексертiп «Неге халық уланған су iшуi керек? Мен осында туылдым, осында өлемiн» деп аудан активiнде шырылдағаным жұртшылықтың есiнде. Кейiн соған қатысы бар талай азамат жұмыстан кеттi ғой. Бiр кемшiлiгi, менiң ағайыным Асқар жұрттың сөзiне көп еретiн. Мен турасын айтамын да, оған жақпай қаламын. Сонымен екеуiмiз 7 ай бойына қырқыстық. Ақырында ол менi аудандық дене шынықтыру және спорт бөлiмiнiң бастығы етiп ауыстырды. «Мақұл» дедiм де, осымен үшiншi мәрте спорт бөлiмiне келдiм.

Соңғы жылдары ауданға жаңа әкiм тағайындалған сайын жұртшылық «Данияр әкiм болады, Данияр «зам» болады» дейтiн болды. Ол сөз маған ауыр тиедi. Себебi, мен әкiм болуға да, «зам» болуға да әрекет жасап жүрген жоқпын. Сәкен Қаныбековтың тұсында депутаттыққа түстiм. Ниетiм – халықтың болжамын шындыққа айналдыруға төте жол iздеу. Ордабасыға белгiлi азамат Перналы Жұрманның бiр кездерi «Данияр, мәслихат хатшысы болатын-ақ жiгiтсiң ғой…» дегенi есiме түстi. «Уақыты келедi. Сол кезде орныңызды берсеңiз болды» дегенмiн ол уақытта. Бiрақ түптеп келгенде, әкiмнiң аты әкiм ғой, соның әмiрi жүрiп, мәслихат хатшысы болу үшiн маған екi дауыс жетпей қалды. Сөйтiп, мемлекеттiк қызметтi жинастырып, депутат болып жүрейiн деп шештiм. Бiр күнi елге сыйлы кiсiлер келдi маған. «Сен қызықсың. Бизнесiң бар ма?» дейдi. «Жоқ». «Онда бала-шағаңды қалай асырамақсың?». «Өлмеспiн. Сайланып қойдым, ендi ұят болады». Не керек, ақыры райымнан қайтарды. Содан бiрде кешқұрым «Айғақ» газетi қолыма түсiп қалды. «Мәслихат хатшысы болмадым» деп депутаттықтан шыққан Тiлеубергенов Данияр Iзбасарұлы» деп жазылыпты. Мұздай тер шығып кеттi. Бiреулердiң әдейi қысастықпен осылай жаздырғанын сезе қойдым.

Шоқан Кенжеев әкiм болып тағайындалғанда, Қажымұқан ауылдық округiнiң әкiмi болу жөнiнде ұсыныс түстi. «Жарайды, барайын. Тек қолдау көрсетiп отырыңыз» дедiм. Және жаман жұмыс iстеген жоқпын деп ойлаймын: 20 көшенi асфальттаттық. «Шәке, Темiрланда Қажымұқан атында бiр спорт залы жоқ» деп жүрiп бiраз шаруа тындырдық. Алдағы уақытта бiзге үлкен спорт кешенi керек. Жалпы, соңғы уақытта аудан орталығы қатты тозып кеткенi, рас. Жан-жағымыздағы Созақ, Бәйдiбек, Отырар аудандары баяғыда қандай едi, қазiр қандай? Бiзден озып кеттi. Сондықтан дамыл тапқан жоқпыз. Коммунизм бөлiмшесiнде адамдарды көлiктiң қағып кету оқиғасы жиi орын алады, ол жақта жаяу жүргiншiлерге арнап аяқжол салдырдық, көшелердi жарықтандырдық.

– Ал, Ордабасы ауданына әкiм болып келгелi, қандай тiрлiктердi қолға алдыңыз?

– Мен еңбекке араласқалы берi ауданды 12 адам басқарды. Өзiм он үшiншiмiн. Маған дейiнгi 12 азаматтың әрқайсысының халыққа жағатын жақсы қасиеттерi бар. Соны алсам, жаман болмаспын деп пайымдаймын. Мысалы, Ислам Әбiштен еңбекқорлықты үйренуге болады. Күндiз-түнi тыным таппайды. Шоқан Кенжеевтiң үндемей құтылатын мiнезiн алуға болады. Бiз сөйлеп қоямыз. Ол үндемей-ақ бiрталай тiрлiк бiтiрдi, қаншама қаржы әкелдi. Өзiм әзiрге «тау қопардым» деп айта алмаймын. Темiрланда жаңа үлгiдегi мектеп-балабақшалар жоқтың қасы. Бәрi ескi-құсқы. Жаңасын сала қояйық десек, жер телiмi тапшы. Аудан орталығындағы жердiң барлығы бiр кездерi 2000-3000 долларға сатылды. Сонда да амалын тауып, Темiрланның сәл шеттеу жағынан жаңа мектеп пен балабақша салуға әрекет жасаудамыз. Өйткенi қарасаңыз, қазiргi таңда бiр Шұбарсудың өзiнде жаңа типтегi 3 мектеп бар. Темiрлан – Ордабасы ауданының астанасы. Сырт көз бiзге осы Темiрлан арқылы баға бередi, пiкiр түйедi. «Сондықтан бiрiншi кезекте барлық күштi аудан орталығын көркейтуге жұмылдырайық» деп отырмын. Жоғарыда айтып өткенiмдей, Қажымұқан атындағы спорт кешенi құрылысын жүргiзетiн жердi қарастырудамын. Ордабасылықтар әдетте Қажымұқанмен, Ордабасы тауымен мақтанады. Сол себептi атақты балуан бабаның зиратын мұсылман қауым дұға бағыштап, зиярат ететiн нысан салуды жоспарлап жатырмыз.

Елдiмекендердiң тазалығына, көгалдандыру iсiне мән берудемiн. Сонымен бiрге тәртiп мәселесiне ерекше ден қойдым: осында арақ iшуге тыйым салдым. «Арақ iшкендер менiң досым емес» дедiм. Осы жағдайға байланысты өзiммен бiрге өсiп келе жатқан екi жiгiттi, амал жоқ, жұмыстан босаттым. Қазiр жұмыссыз жүр. Арақ жақын ба, жұмыс жақын ба, қадiрiн түсiнсiн. Мен де iшкенмiн арақты, бiрақ жөн-жосығымен. Алты жылдан берi бес уақыт намаз оқимын.

Келе салып бұрынғы орталық мешiттiң қараусыз қалған ауласын қалпына келтiруге күш салдық. Сол жерден Ардагерлер аллеясын құру үшiн жемiс ағаштарын ектiрдiк. Дегенмен мың жерден тырбанғанмен, Темiрланды кесiп өтетiн күре жол асфальтталып, жылтырап жатпайынша, ештеңе көзге көрiнбейдi екен… Сондай-ақ орталық көшелердiң екi жерiне бағдаршам орнатсақ, үлкен тiрлiк болар едi. Ауданның қазына қоржыны анау айтқандай қомақты да емес: жылына 500 миллион теңге. Бiрақ жалғыз аудан әкiмiне ауыз ашып қарап отырмай, осы елдiң азаматтары «Туған жерiме титтейде болса, қолғабыс жасайын» деп ниеттенсе, керемет жетiстiкке жетенiмiзге сенемiн. «Көп түкiрсе, көл» емес пе?!

– Ордабасы ауданында ауыл әкiмi болып жүрiп-ақ аудан тiзгiнiн қолға алдыңыз. Шыны керек, мұны әркiм әрқилы қабылдады.

– Әуелi Аллаға мың да бiр шүкiр деймiн. Облыс әкiмi Асқар Исабекұлы менi зерттеген болуы керек, маған таңдау жасады. Осы лауазымға келу үшiн мен ешбiр көке-жәкемдi жағалаған жоқпын. Әрине, көке-жәкем жоқ емес, бiрақ бiр қасиетiм, ешкiмнiң алдына қызмет сұрап барғым келмейдi. «Неге аудан әкiмiнiң орынбасары болмағансыз?» деген сұрақты А.Исабекұлы да қойды. «Мен тiке және туралықты айтамын. Қандай жағдай болса да, халықтың сөзiн сөйлеймiн. Мұны қай әкiм жақтырсын… Әкiм болармыз, бiрақ ең алдымен ол қызметтен абыроймен кетудi ойлайтын адаммын. Соңымнан жақсы әңгiме еру керек. Осы күнге дейiн жиған кiшкене ғана абыройым бар, асып-тасып кетпесе де, тым болмаса соны ұстап қалуым керек. «Iзбасардың баласы елге игi тiрлiк iстеп кеттi. Айналайын, рахмет» деген жылы сөздi естiгiм келедi. Менде бәрi бар, артық нәрсеге қызықпаймын…» деген тұрғыда бiршама ойымды жеткiздiм. Жалпы, менi бiр уақыттарда комсомолдың Орталық комитетiне де жұмысқа шақырған. Өзiмше әзiлдеп «Жақсылардың барлығын Алматыға жинай берсеңiздер, ауылда кiм қалады?! Сол жақтан қонаққа келген жақсылар мен жайсаңдарды күтiп алып, шығарып салатын адамдар мұнда да керек қой» деп бас тартқанмын. Кейiнiрек Шымкентке де ауысатын мүмкiндiк туды. Бармадым. «Ер жiгiт туған жерiнде жүруi керек. Туған жерiне еңбегi сiңуi керек…» деген ой менен ешқашан аулақтаған емес. Алла-тағалам осының бәрiн таразылады-ау, сiрә, жоғары оқу орнын бiтiре салып оралған өзiмнiң Ордабасыма басшы болу бұйырды. «Ел құлағы – елу» ғой, «Талай жiгiттер тиын-тебенiн арқалап, әкiм болуға талпыныпты» деп естiп жатырмын кейiннен. Шынымды айтайын, мен ешкiмге ақша ұсынбадым. Жұрт айтып жүргендей, ұсынатын қомақты қаражатым да жоқ. Мемлекеттiк қызметке таза болып қадам бастым, сол қалпымды сақтап жүрмiн. Бiреуге «шенiмдi жоғарылатшы» деп пара ұсыну, бiреулердiң тобына кiрiп, көке-жәке жағалау дегендерден жұрдаймын. Менiң тарихымда болмаған. Құдайдың көзi тура болса, әлi талай белестердi бағындырып, асулардан асатын шығармыз. Ол үшiн ең алдымен адамның жан дүниесi таза болуы қажет. Ордабасы ауданын қанша уақыт басқарсам да, ел үшiн аянбай еңбек етуiм керек. Халық менен көп үмiт күтiп отыр.

– Яғни, туралық пен тазалық ешқашан зая кетпейдi дейсiз ғой.

– Осы ауданды қаншама адам басқарды. «Ашықаннан құныққан жаман» демекшi, кейбiреулерi сотталып та кеттi. Талай жiгiттер дүние қуып жүрдi. Менiң ойымша, керiсiнше, ақша сiздi қуып жүруi керек. Мен дүниенi тек Алладан ғана сұраймын. Бiреудiң ала жiбiн аттаған емеспiн. Ешкiмдi ренжiткен емеспiн. Қысастық жасаған емеспiн. Әкем өте намысшыл, ұлтжанды кiсi едi. «Малға көзiңдi сатпа» дегендi құлағымызға үнемi құятын.

Ендi менiң бар мақсатым – ауданымның көшiн тек алға сүйреу, әл-ауқатын көтеру. Қазiр заман талабы басқа. Ескiнiң бәрi қалды. Жаңаша көзқарас қажет. Темiрланда жаңа өндiрiс орындары жоқ, соны ашуымыз керек. Бадамда 8, Шұбарда 1 қыш зауыты бар, Темiрланда ол да жоқ. Жұмыс көзiн көбейтiп, жаңа цехтарды iске қоссақ деген ниеттемiз. Облыс орталығы жақын болғандықтан, жастардың көбiсi қалаға ағылады. Әйткенмен бейқам отыратын жағдай жоқ. Ордабасы ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына бейiмделген. Суы таза, минералды судың қайнар көздерi жеткiлiктi. Неге минералды су өндiретiн цех ашпасқа?! Мамандардың сараптауынша, Түлкiбастың суына қарағанда, бiздiң судың құрамы өте таза әрi пайдалы екен. Жерi шұрайлы. Әрине, халқымыз сәл жалқаулау едi, жердi дұрыс игермейтiн. Жоңышқаны егiп қойып, жататынбыз. Көкөнiс, жемiс-жидектiң бағасы ең қымбат базар – Темiрланда. Созақ бiзден арзан. Соңғы уақытта оралман қандастарымыз келiп, жылыжай iсiмен айналысуды, одан табыс табуды үйретiп жатыр. Алды көлiк мiндi. Әйтпесе бұрындары «Ой, мына ұлтарақтай жер не берiп қатырады?» деп мұрын шүйiретiнбiз. Мал бордақылауды қолға алдық. Қарақұмда ағайынды екi жiгiт 43 бас iрi қараны 5 ай бойына баптап, салмағын 900-1000 келiге жеткiзiп, сатты. Қазiргi таңда әр ауылдың жағдайын ескерiп, онда қандай тiрлiктiң көкжиегiн кеңейту керек деген тұрғыда семинарлар ұйымдастырудамыз. Мысалы, жүгерi мен мақта өндiрiсiн дамыту жайлы шiлде айында Төрткөл аймағында семинар өткiзбекшiмiз. Бұл әрi тәжiрибе алмасу үшiн де керек. Бiзде барлық мүмкiндiк бар, тек соның көзiн тауып, iске қоссақ болды. Ауданға әкiм болып тағайындалысымен күн-түнмен санаспай, 3 күн iшiнде 59 елдiмекендi толық аралап шықтым. Рас, ауданның тыныс-тiршiлiгiн бұрын да бiлетiн едiм. Бiрақ басы-қасына барып, проблемаларды нақтылап алайын дедiм. Мысалы, ауызсу мәселесi әзiрге 30 шақты елдiмекенде ғана шешiлген. Қалғандарының жобалық-сметалық құжаттарын дайындаудамыз. Ауыл арасындағы, iшiндегi жолдар жөнделу үстiнде. Бұрын коммуналдық шаруашылық бөлiмiнде еңбек етiп жүргенiмде, тұрғындардың арыз-шағымынан көз ашпайтынбыз. Қазiр жағдай мүлдем өзгеше. Мемлекет басшысы қазынадан қыруар қаражат бөлiп жатыр. Тек тиiстi құжатыңды дайында да, мектеп сал, балабақша аш, ФАП тұрғыз, т.б. Және ол нысандардың құрылысын сапалы жүргiзiп, дер кезiнде бұқараның игiлiгiне беру қажет.

Мен кабинетте отырғанды ұнатпаймын. Ауыл-ауылдарды аралап, жұмыстың барысымен таныссам, қалың бұқарамен пiкiрлессем, кәдiмгiдей рахаттанып қаламын.

—  Кадр саясатына қаншалықты мән бересiз? Жастарға басымдық берiп, ауыс-түйiс жасап жатқан көрiнесiз.

– Кадр тағайындауда ешкiмдi алаламаймын. Кiм жұмыс iстейдi, соны қолдаймын. Ұлтына, руына қарамаймын. Әрине, кейбiреулердiң «Өзiнiң ағайынын жанына тартты. Пәленше туысқаны ғой…» деп «саяси астар» iздейтiнi сөзсiз. Мен оларға «Ордабасы ауданының азаматтары өз жерiнде жұмыс iстемей, неғылады сонда?! Анау Отырар немесе Созаққа бара ма?!» дер едiм. Жақсы кадр болса, оған қажеттiлiк туындаса, нелiктен мен «елдiң сөзiне қалармын» деп оларды шеттетуiм керек?! Егер тiрлiгi қожырап жатса, қанша жерден ағайыным болса да, жұмыстан босатамын. Аты-жөнiн айтпай-ақ қояйын, мысалы, қазiр осындағы бiр қызметте туысқаным отыр, содан құтылуды ойлап отырмын. Өйткенi ол – маған абырой әпермейтiн ағайын. Маған ондай адамның қажетi жоқ. Менiң жұмысым нәтижелi болуы үшiн, мықты кадрлар қажет. Рас, қазiр ауыс-түйiстер болуда. Өйткенi екi қызметкерiм жұмыстан босады. Тағы бiреуiнiң бизнесi бар екен. Алған нысандарының соңында у-шу көп. «Жұмысты қой, бiржолата кәсiпкерлiгiңмен айналыс одан да» дедiм. Мiне, осы лауазымдар бойынша кадрлар жаңарып жатыр. Мысалы, Бадам ауылына сол жерде туып-өскен азаматты әкiм етiп тағайындадым. Өзi жас, талабы бар. Сырттан ешкiмдi әкелген жоқпын. Рас, кейде кадр мәселесiнде менiң де шамам келмей қалатын жағдайлар болуы мүмкiн. Бiрақ әзiрге ешкiм араласып жатқан жоқ.

Мектептердi де аралап көрдiм. Басындағы бағын бағалай алмай жүрген директорларды байқадым. Оқушыға бiлiм берудi емес, басқа нәрсенi көздеп жүр олар. Бiлiм бөлiмiнiң бастығына «Мыналарға реформа жасаңыз» деп тапсырма бердiм. Пайдалануға 4-5 жыл бұрын берiлген бiлiм ошақтарын тоздырып жiберген немесе ескi мектептiң өзiн тап-тұйнақтай етiп ұстап отырған директорлар бар. Тереңiрек үңiлген адамға мектеп директоры болу деген – бақ. Қызметтiк көлiгi, қарамағында пәленбай қызметкерi бар. ҰБТ өтердiң алдында ғана мектеп басшыларын жинап, «Қызыл-жасыл дүниеге қызығып, Құдай ұрып қалып жүрмесiн. Бiреуден пара алып, ұсталып жатсаңыздар, жазасын мойындарыңызбен көтерерсiздер. Бiрақ өсiрiп отырған перзенттерiңiздi ойлаңыздар: жұрт «Сенiң әкең немесе шешең пәлен тiрлiк iстеген…» деп көзге шұқып көрсетедi» деп айтып ауыз жиғанымша болған жоқ, кеше ғана Қызылжар мектебiнiң оқу iсiнiң меңгерушiсi парамен ұсталды. Жап-жас жiгiт. Ертең директор, бәлкiм, бiлiм бөлiмiнiң бастығы болар едi. Өзiне-өзi балта шапты. Сондықтан «ұйқыға кеткен» бiрқатар мектеп директорларын ауыстыруға мәжбүрмiн. Орайы келгенде айта кетейiн, көшелердi тазалау үшiн оқушыларды сенбiлiкке шығаруға тыйым салдым. Әр мектепте 50-60 қызметкер жұмыс iстейдi, солар шығуы керек.

– Темiрлан елдiмекенi биылғы қыста су тасқынынан едәуiр зардап шектi. Баспаналарынан айырылған тұрғындардың жай-күйi қалай?

– Су тасқынан берi бiраз уақыт өттi. Арнайы комиссия шығын көлемiн есептеп шықты. Ендi сол мақсатқа қаржы бөлдiру үшiн әзiрленген құжаттар Үкiмет жетекшiсi Кәрiм Мәсiмовтiң алдында жатыр. Өкiнiшке қарай, процесс тым ұзаққа созылып кеттi. Екi күннiң бiрiнде аудан әкiмдiгiне 30-40 әйел «Бiз жолды жабамыз. Анда шағымданамыз…» деп дiгiрлеп келедi де тұрады. Түсiндiру жұмыстарын жүргiзудемiз, бiрақ ойыңды алаңдатады екен. Тiптi, соңғы кездерi «Даниярға пәленбай ақша жинап берсең, өйтедi  екен, бүйтедi екен…» дегендей өсек-аяң төбе көрсете бастады. Кiмнiң аузына қақпақ боламын?! Маған ауыр тиедi. Сондықтан жұрттың басы қосылған жерде «Мен кiмнен ақша сұрадым? Осындай әңгiме таратып жүр екенсiздер» десем, бәрi сүттен ақ, судан таза бола қалады. Менiң сыртымнан әлгiндей әңгiме айтып, пысықайлық танытқысы келiп жүрген 1-2 жiгiттен күдiктенiп, шақырып алдым: «Су тасқынынан зардап шегiп, онсыз да әбiржiп жатқан халықтан бiреудiң атын пайдаланып, ақша жинаған адам екi дүниеде де оңбайды. Құдайдан соны тiлеймiн. Қайта қолыңнан келе ме, ақшалай жәрдем бер! Бере алмайсың ба, жылы сөзiңдi айт!» деп ескерттiм. Кеше судан сау-тамтығы қалмаған бiр үйге бас сұқтым. Үй иесi жүзi жылы жiгiт екен. «Ағамның баласы қазаға ұшырап, сонда жүргенiмде, мамандар бiздiң шығын мөлшерiмiздi 500 мың теңгеге бағалап кетiптi» деп қынжылады. Қынжылатынындай-ақ жөнi бар. Не деген масқара! 500 мың теңге оның қай жыртығына жамау болмақ?! Жүрегiм ауырды.

– Бiлуiмiзше, бұзылмаған үйлерi үшiн де ақша сұрап жүргендер кездесетiн сияқты ғой…

– Олар – «түйеден түк тартсаң да, пайда» демекшi, қисынын келтiрiп, Үкiметтен ақша жырып қалайық» дейтiн ниеттегi бәлеқор, арызқойлар. Олардың әрекетiнен түк те шықпайды. Себебi, топан су алған аумақ бiзге белгiлi. Күндiз-түнi басы-қасында жүрдiк. Менi ең негiзгi алаңдататыны, уақыт зымырап барады, ертең-ақ күз келедi, үйдi тездетiп салып бiтуiмiз керек. Қуаныш Айтаханов, Орынбай Рахманбердиев, Уәлихан Бишiмбаев секiлдi Сенат және Мәжiлiс депутаттарына рахмет, Үкiметке хат жолдап, мәселе көтерiп жатыр. Жапа шеккендердiң тiзiмiне бiрқатар тұрғындар енбей қалыпты, түнеугүнi облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында солардың қаражатын шешiп беруiн өтiндiм. Бiраз депутаттар басқаша ойлап қалыпты, сондықтан 12-13 депутатты осында әкелiп, көзiн жеткiздiм. «Халық зар илеп, жылап жатса, мен әкiм болмай-ақ қойдым» деп ашығын айттым. Өйткенi мен ешқайда көшiп кетпеймiн.

– «Турасын айтып туғаныңа жақпайсың» деймiз, дұшпандарыңыз да жеткiлiктi шығар.

– Құдай ақы, досым көп, қасымның кiм екенiн бiлмеймiн. Бетпе-бет келгенде, дос болып көрiнiп, сырт айнала бере дұшпанға айналатындардан сақтасын! Көпшiлiктiң көңiлiнен бiрдей шығу мүмкiн емес қой. Бәлкiм, менi жау санайтындар да бар шығар. Менiң кiшкене жетiстiгiмдi көре алмайтындардың барын сеземiн. Бiр таңғалатыным, аудан әкiмi болып тағайындалмай тұрған кезiмде, ылғи бiрге қымыз, шай iшiп жүрген азаматтар жұмыс бөлмеме аттап баспайды. Келмей қойды мүлде. «Әй, не болды сендерге? Келсеңдершi!» деп шақырып аламын. «Қойшы, саған зиянымыз тиiп жүрер…» дейдi ағынан ақтарыла. Мiне, бұлар – менiң шын достарым, нағыз туысқандарым. Керiсiнше, ұмыт болып кеткен жиендерiм, ұмыт болып кеткен ағаларым, көкелерiм табылып, «Бiздiң сiзбен мынадай байланысымыз бар ғой» деп түбiрiнен қазып жатыр. Құдай-ау, адамдар қандай боп барады? Қарның ашады. Мен мұндайды жақтырмаймын. Ал, шын ниетпен алдыма келген адамнан көмегiмдi аямаймын.

– Әңгiме арасында бұрындары осындағы бiрдi-екiлi қариялардың көңiлiнен шықпай, сыртыңыздан жамандап, арыз-шағымдардың борағанын айтып қалдыңыз. Әкiм болғалы, ақсақалдармен қарым-қатынасыңыз қалай?

– Ақсақалдар әдепкiде маған топырлап келiп жатты. Кейiн «Қандай проблемаларыңыз болса да, аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасына айтыңыздар» деп түсiндiрдiм. Қажымұқан ауылдық округiнде әкiм боп тұрғанымда, «дежурный» қариялардың бетiн қайтарып тастағанмын. Сондықтан олар менiң ұстанымыма қанық. Бұрындары әр iс-шара сайын сол бiр шалды елдiң алдына шығарып қоятын. Себебi, ол майын тамызып, әдемi сөйлейдi. Және ол бiрте-бiрте «Менен басқа мықты қария жоқ» деп тоқмейiлси бастайды. Ақырында ол елдi бұзады. Мiне, осыған жол бермес үшiн мақтангершiлiктi қаламайтын, бiрақ аузы дуалы, қазыналы қарттарды iздеп тауып, соларды өз кезегiмен халықтың алдына шығаруды қолға алдым. Өйткенi мен аудандағы қай қарияның қандай адам екенiн бес саусағымдай бiлемiн.

– Сұхбатымыздың соңында отбасыңыз туралы да айтып өтсеңiз.

– Жұбайым – педагог. Екеуiмiз 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, өсiрдiк. Қыздарымның  екеуi де отбасылы. Қалада тұрады. Бiрi педагогикалық институтты, екiншiсi Алматыдағы медицина университетiн тәмамдады. Олардан 3 немере сүйiп отырмын. Күйеубалалардың барлығы әкем Iзбасар секiлдi бiр шаңырақтың жалғыз ұлдары екен. Ал, екi ұлымның үлкенi – осындағы аудандық спорт бөлiмiнде бас маман. Кенже ұлым машина жасау мамандығы бойынша мемлекеттiк грантпен 2-курста бiлiм алуда. Алла нәсiп етсе, биыл, әрi барса, келесi жылы келiн түсiрiп, өз немеремiздi сүйсек деген ниетiмiз бар. Көңiлге медеу тұтатыным, әкем бүгiнгi күнге жетпесе де, менiң оқуға түскенiмдi көрiп кеттi. Ал, анамыз бақытты деп ойлаймын: бала-шағасының барлық қуанышына ортақтасып отыр.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Сiз не дейсiз?

Алмасбек МАМЫТБЕКОВ, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының 1-орынбасары:

– Данияр Тiлеубергенов бiрнеше жылдан берi мемлекеттiк қызметте ысылып, жемiстi еңбек етiп келе жатыр. Халықпен етене араласып жүрiп, ризашылығына ие болып, әжептәуiр абырой-бедел жинаған азамат. Әкiм болып тағайындала салысымен Ордабасы ауданының әлеуметтiк-экономикалық дамуына, елдiмекендердi көрiктендiруге қатысты бiрталай жұмыстарды қолға алды. Бастамаларының барлығы орынды. Бүгiнгi күннiң көкейкестi мәселесiн шешудi ертеңгi күнге қалдырмайтын жiгiт деп ойлаймын. Ауданның қыр-сырын бес саусағындай бiледi десем, қателеспеймiн. Өйткенi сол жерде туылды, сол жерде есейдi, түрлi қызметтiк баспалдақтардан өтiп келедi.

Сiз не дейсiз?

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

– Данияр Тiлеубергеновтi Бөген ауданында комсомол комитетiнiң I хатшысы қызметiн атқарып жүрген кезiнен берi бiлемiн. Бiрде «Лениншiл жас» газетiнiң тiлшiсiмен бiрге бiздiң үйге келген. Ұзын бойлы, сымбатты жiгiт екен. «Аудандық комсомол комитеттерiндегi I хатшылардың iшiндегi ең ұзыны, ең реңдiсi екен ғой» деп әзiлдегенiм есiмде. Жуырда Ордабасы ауданына әкiм болғанын естiп, қуандым. Себебi, сол ауданда туып-өскен азамат. «Еркектiң есi елуiнде кiредi» деген әзiл бар ғой, елу жастан асып қалғанда, әкiм болып отыр. Қызба емес. Әбден тәжiрибе жинақтап, ақыл тоқтатқан шағында ауданның тiзгiнiн қолына алды. Сондықтан игi тiрлiктер iстеп, туған жерiн көркейтуге, елдiң һәм жердiң қамын ойлауға қарым-қабiлетi толық жетедi деп есептеймiн. Салиқалы, салмақты әрi жаңашыл жiгiт. Егер дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырып, iзденiп жұмыс iстесе, уақыттың, заманның, нарықтың  әуенiне iлессе, жергiлiктi жағдайларды ескере отырып, оң тiрлiктер атқаратынына сенiмдiмiн. Осы тұрғыдан алғанда, Данияр Iзбасарұлы – дұрыс таңдалған кадр.

Сiз не дейсiз?

 Уәлихан ҚАЙНАЗАРОВ, ОҚО Сайрам ауданының әкiмi:

– Комсомол қатарында Данияр Iзбасарұлымен бiрге жұмыс iстедiм. Мен бiлетiн Даниярдың ең басты қасиетi – жүрегi таза. Кiсiнiң сыртынан ешуақытта ғайбат сөйлемейдi. Өзiне тән азаматтық ұстанымы мен пiкiр-көзқарасы бар. Ойындағысын iрiкпейдi, әңгiменiң ақиқатын бетiңе қарап тұрып, тiке айта салады. Ешкiмге қысастық жасағанын көрген де, естiген де емеспiн. Сондықтан мұндай азаматтардың ел басқаруынан мемлекет те ұтады, халық та ұтады деп ойлаймын.