ӘДЕМI ҚАРТАЙҒАНҒА НЕ ЖЕТСIН!

415
2

Менiң бiр көкем бар, зейнет жасына келген күнi өз өтiнiшiмен орнын босатып, қызметiн жастардың еншiсiне қалдырды да, «Уһ», — деп еркiн тыныстады. Қазiр немерелерiн ойнатады, үйiргелiк жерiн күтiп-баптайды, азын-аулақ қой-ешкiсiне қарайды. Артық-ауыс сөзi, құлдық ұрар қасиетi жоқ осы көкемдi кейде басқа көкелерiммен ойша салыстырып көремiн.

Зейнет жасына шықса да: «Менiң әлi күш-қуатым жетедi, үйде бостан-босқа қарап жата алмаймын, тағы 2-3 жыл iстей тұрайын» дейтiн көкелерiм көп-ақ. Қарап тұрсаң одан өткен бiлiмдар, одан асқан маман жоқ. «Бiлгенiмдi жастарға үйретейiн» дейдi. Елжiреп-ақ қаласың. Егер байыптап қарасаң, ол кiсiнiң тiрлiгi бақай есепке де келiңкiрейдi. Былайша айтқанда екi жеп, биге шыққысы келедi.

Жалақысы бар, зейнетақысы бар, қала бердi азын-аулақ шай-пұлы бар, қимайды. Сондықтан болар, орнын оңайшылықпен босатқысы келмейдi. Егер сол көкелерiме арналған заң шықсыншы, «зейнеткерлерге жалақы төленбесiн» деген. Ондай жағдайда олардың 63-жасқа жеткенше  күн санап кететiндерi анық. «Пәлен жыл еңбек еттiм, шаршадым, денсаулық та болыңқырамай жүр» дейтiндерiне бәс тiге аламын. Бұл не сонда? Адам деген жасы жер ортасынан асқан соң-ақ алды-артын пайымдап, ұрпақтарын ұятқа қалдырмайтын, соңынан сөз ермейтiндей тiрлiктер, атқарғаны жөн емес пе? Әдемi қартаю деген де осы болар!

Бiр көкем естен шығып барады. Әлдеқашан зейнетке шықса да, түгелдемеген төбесi қалмапты. Өзi жазушы, өзi асаба, өзi журналист, өзi бiрнеше немере-шөбереге ата болып жүрсе де әлдебiр басқармада баспасөз хатшысы деп естимiн.  Ұят-ай! Түрлi жиындар мен басқосуларда, мерейтойларда сол кiсiнi мiндеттi түрде көремiн.  Көкемнiң тағы бiр қасиетi, қыз-қырқын көрсе көзi оттай жайнап, бет-аузын жалап тастауға бар. Есесiне, сол көкемнiң жастарға ғибрат айтар, бағыт-бағдар берер пиғылы көп байқала бермейдi. Қашанда қарттарға құрметпен қарап, абыз қарияларға бас ұрған ұрпақпыз. Олар неге өз қадiрiн өздерi қашырып, арзымайтын атақ пен бақ-дәулетке тәуелдi болуға бар. Неге көкелерiмнiң көздерi от шашып тұрмайды? Неге бойларынан намыстың емес, бойкүйездiктiң  буы бұрқырап тұр. Түк түсiнбеймiн. Бiрақ мен көкелерiмнен ондаған жас кiшi болсам да, әдемi қартаюдың жолдарын бiлемiн. Маған мұны ешкiм үйреткен жоқ, қанымда бар қасиет.

Еркебұлан МАҚСАТ.