ОРДАБАСЫ: ӘКIМДЕР КЕЛIП ЖАТАДЫ, КЕТIП ЖАТАДЫ

381
0

Ордабасы ауданының тарихы әрiден, ғасырлар тереңiнен басталады. Бiрақ үзiк-үзiк. Сонау Хрущевтiң реформаларынан бастап бұл ауданның басынан бағы таюмен келедi. «Селолық аудандар» деген ұғым пайда болған тұста сол кездегi Арыс ауданы Сайрамның шылауында кеттi. Одан дамудың даңғыл жолына түсе қойған жоқ.  Кейiнiрек Түркiстан ауданына қарады.

Алпысыншы  жылдардың (өткен ғасыр) ортасына қарай Бөген су қоймасы салынып, Төрткүл аймағында тың жерлер игерiле бастады. Жаңа совхоздар бой көтердi. «Төрткүл екiншi Мақтаарал болады» деген сөз шықты. Бұл негiзсiз емес едi. Шынында да сол жылдары Темiрлан мен Түркiстанның арасындағы желi бiр басылмайтын далада мақта плантациялары, алма баулары жайқалды. Елге ел қосылды. Өзбекстанда сушылыққа, тракторшылыққа қол жеткiзе алмай жүрген қазақтар көптеп көшiп келдi…

Мiне, осындай дүмпуден кейiн жаңадан Бөген ауданы ашылды. Өте дұрыс шешiм едi. Шымкенттiң дәл iргесiнен басталып, Арыс қаласымен, Алғабас (Бәйдiбек), Түркiстан, Қызылқұм (Отырар) аудандарымен шектесетiн әлеуетi зор аймақ тозып бара жатқан.

Күре жолдың, мол судың жағасындағы Тамерлановка да алпысыншы жылдардың басында сұрқай тартып қалған. Баяғы «Полезный труд» колхозын құрған жандардың ұрпақтары оқуға түсiп, әскерге барып, тарихи отандарында қалып қоятын әдет шықты. Орысты емге iздейтiнге көштiк. Жоғары орыс сыныптары жабылды. Дәл осы кезде Темiрлан (осы тарихи атын қалпына келтiру үшiн қанша тер төгiлiп едi. Қазiр бұрмаланған атау қайта бас көтерiптi. Әр жерден төбесi қылтиып жүр) аудан орталығы болып белгiлендi. Қара орыстар көптеп келдi. Солардың балалары есебiнен орыс сыныптары қайта жанданды. Оны қойшы, жаңа ауданда қыз-қыз тiршiлiк басталды. Шыны керек, Темiрландағы қазiр көзге түсер ғимараттар негiзiнен сол кезде салынды.

Ауданның алғашқы басшыларының бiрi Владимир Байжанов болатын. Балалар үйiнде өскендiктен бе, мiнезi орысшалау, өжет, бiрақ ашық кiсi едi. Жұрт солай айтады. Өзiн қай жерде де еркiн ұстайтын, еркiн сөйлейтiн. Пiкiрiн ашық бiлдiретiн. Алпысыншы жылдар үшiн бұл, әрине, үлкен жаңалық, прогресс. Ол тұста облыста, жалпы Қазақстанда Байжанов сынды бiлiмдi, бiлiктi басшылар аз болса керек. Ол ұзамай облыстық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы қызметiне өсiп кеттi. Өкiнiшке орай, ғұмыры қысқа болды.

Сол жылдары, қарап отырсақ, аудан басшыға, қазақтың жалпақ тiлiмен айтқанда, кәдiмгiдей жарып қалыпты. Байжановтан кейiн келген Төлепберген Назарбеков те беттi, жүректi басшы болып шықты. Бет қаратпай сөйледi, бет қаратпай жұмыс iстедi. Көзге түстi. Облыстық партия комитетiнiң ауыл шаруашылығы мәселелерi бойынша хатшысы лауазымына тағайындалды. Уақыттың аясына сыя бермейтiн өжеттiгiнен тапты ма, аяқтан шалушылар көбейдi ме, әйтеуiр жасындай жарқылдаған шағында ауыр кеселдiң құрсауына түсiп қалды. Мықтылығы шығар, пенде жазыла бермейтiн дерттен жазылып шыға алды. Бiрақ, ендi кештеу едi. Басшылыққа қайта оралудың ретi түспедi. Жұмыс iстейтiн-ақ адам болатын.

Рашид Нұғыманов аудан басшылығына, ұмытпасақ, Түркiстан аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы қызметiнен ауысып, яғни өсiп келдi. Бiздiңше, ел есiнде қалған ерекше басшылардың бiрi ретiнде аудан тарихы таңбаланды. Iскерлiгiн былай қойғанда, нағыз өнерпаз қазақ болатын. Әндi аңыратқанда  Алматының атақты әншiлерiнiң өзi көз алдыңда аласарып бара жатады. Ал ендi дикторлығын айтсаңшы. Тарих шежiресiнде аты алтын әрiптермен жазылған Левитанның өзi оның даусын тыңдаса, таңданып, таңдай қағары сөзсiз едi-ау. Сол тұста облыс мемлекетке шиттi мақта тапсыру жөнiндегi жоспарды орындағанда Шымкенттiң орталық алаңында жиын өткiзiлiп, сонда КПСС Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы атына жазылған рапорттың мәтiнiн Нұғыманов оқитын. Апырмай, жоспар, мiндеттеме, 300 мың тонна шиттi мақта дегендей кәдiмгi сөздер сонда ерекше мәнге, мағынаға, әуезге ие болып, жұртты тебiрендiрiп, қанаттандырып жiберетiн… Нұғыманов та облыстық партия комитетiнiң хатшысы лауазымына жоғарылады.

Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiн әкiмдер институты келдi өмiрге. Ендiгi жерде Ордабасының басшылары жиi ауысты. «Команда» деген ұғым-желеу шықты. Жаңа тағайындалған облыс әкiмi аудан басшыларын түгел ауыстыратын әдет қалыптасты. Одан зардап шеккен басшылар жоқ есептi. Қарап отырсақ, Темiрланға келген әкiмдердiң көбiсi облысқа, басқа iрiлеу аудандарға өсiп кеттi. Мысалы, әкiмдiктiң әлiппесiн Ордабасыда алғаш рет қолға алған Өмiрзақ Әметов бiраз ысылған соң ұлы мерекенiң қарсаңында бұрқ-сарқ қайнап жатқан тарихи Түркiстанға ауысты. Одан кейiн бiр өзi бiр облысқа татитын Сайрам ауданына барды. Ұзамай бiр өзi екi облысқа пара-пар Шымкенттiң әкiмi атанды.

Кезектi әкiм Ислам Әбiш кәсiпкер ретiнде танылып қалған тұлға екен. Ордабасы оның да шамын жақты. Кәсiпкер ретiнде қалыптасып, әкiм қызметiнде тәжiрибе жинаған ол облыс әкiмдiгiнен бiр-ақ шықты.

Бiр қызығы, Темiрланға келген басшылар жоғары жақтағылардың көзiне түскiш-ақ әйтеуiр. Темiрланның тұрғындары соңғы жылдары тез көбейдi. Бiрақ аудан орталығы көркейiп кеттi дей алмаймыз. Оның iргесiндегi Ленин туы, Коммунизм ауылдарының аты өзгергенiмен, заты бұрынғы қалпы. Қайта құлдырап кеттi. Қажымұқан ауылында көзге түсер бiр ғимарат жоқ. Кезiнде, сонау совхоз заманында салынған мектеп тозып тұр. Клуб онсыз да сұрқай тартқан ауылдың әптiн ұшырардай. Басқа… Қазiр көп ауылдарда жекеменшiк өркендеп, жекешенiң тұрғын үйлерi жарыса бой көтерiп жатыр емес пе. Аталған ауылда ең болмаса сондай да нышан байқалмайды. Демек жекеменшiктiң  де жайы айтарлықтай емес. Кезiнде дүние жүзiн шарлаған, Қазақстанның талай қаласының тұрғыны болған күш атасы Қажымұқан мәңгiлiк тұрақты осы ауылдан тапқан ғой. Өйткенi дәулеттi, бау-бақшалы, сулы, нулы елдiмекен оған ұнаған… Қажекең қайта айналып келер болса, өз атын иемденген ауылда тұрақтап қалар ма едi? Әй, қайдам,

Темiрланның тәттi күлшесiн жеп, абыройлы әкiм атанғандардың бiрi – Жамбыл Байғонов шығар. Ол да өсiп кеттi. Сарыағаш сияқты 300 мыңнан аса халқы бар ауданның әкiмi қызметiне тағайындалу оңай ма? Кейiнгi әкiмдер қатарына жататын Сәкен Қаныбековты алдыңғы әрiптестерi сияқты сайраған соқпақпен өрлей бердi деу қиын. Ол әкiмдiктен өз еркiмен кеттi. Алғашқыда қайда кеткенi де белгiсiз едi. Артынан «Астанада екен» деген хабар жеттi. Көп ұзамай өзi де келдi. Облыс әкiмiнiң орынбасары болып оралды. Бұл – жалпақ жұртқа түсiнiксiздеу «жүрiс» болды.

Ауданның көп басшылары iшiнен бiр-екеуi ғана, шамасы, қызметiнен босатылды. Мысалы, Шоқан Кенжеев. Жұрт осы әкiмнiң қайдан шыққанын да бiлмей қалған алғашқыда. Сөйтсек Қараспанның тумасы екен. Өзi төре болып шықты. Жетiсайда аудан әкiмiнiң орынбасары мiндетiн атқарған. Ауданға келетiн жөнi бар. Қай жағынан қарасаң да «дұрыс шешiм». Бiрақ Кенжеев жайбасарлау екен. Қозғалуы да, сөйлеуi де, оталуы да қиын. Алдына шаруамен барған кiсiге не «болады», не «болмайды» демейдi. Қызуы стандартты. 36 градустан айнымайды, жер тепкiлеп жыласаң да, «Рейтинг» болып, артына шам алып түсiп жер тоқпақтап сынасаң да, жақсы ұсыныс, идея айтсаң да «қанатын қомдамайды». Айтпақшы, идеология жөнiндегi орынбасары сайма-сай келе қалды. Анаусы да, мынаусы да үнсiз, томсыраяды да жүредi. Аз сөйлеу ер азамат үшiн кемшiлiкке жатпас та. Бiрақ томсыраюдың, томаға-тұйықтықтың арғы жағында тоң мiнез жатпасына кiм кепiл? Әйтеуiр қай ауданға барсаң да  өз батырын, өз биiн, өз қаламгерiн, өз балуанын, тағы басқа ардақтыларын ұлықтап,  тойлатып, дүбiрлетiп, ескерткiш ашып, саябақ отырғызып, тiптi түк таппағанда аудандық газет редакторымен айтысып, улап-шулап жатқанда Темiрлан тып-тыныш, тоң-терiс отырды. Ауданда атақты тұлға болмағандай, оны қойшы, бұл елде ешқандай проблема жоқтай. Жоқ дегеннен шығады, бiраз уақыт Кенжеев тобе көрсетпей, «жоғалып» кеттi. Аудан әкiмсiз қалды. Бiреулер «ауырып жатыр» дедi. Екiншiлер «қызметтен босаған» дегендi алға тартты. Ақыры әкiм қайтадан әкiмдiкке кiрiп-шыға бастады.

«Жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды» деген рас қой өзi. Бiр басылып, бiр көтерiлген әңгiме расқа айналды. Кенжеев қызметтен кеттi. Көптен берi жұрттың көзi мен құлағы үйренген «өсiп кету» дәстүрi бұзылды. Бiрақ өспеген әкiм өшiп те қалмады. Бау-бақшалы, сулы, нулы, күлшелi ауданға, өзi үйренген орынбасарлыққа ауысып алды.

Осының бәрiн неге тiзбелеп отырмыз? Әкiмдердi неге түгендедiк? Әңгiме кiмнiң өсiп, кiмнiң көшiп кеткенiнде емес. Әңгiме – Ордабасы сынды ауданның құлдырап, тозып бара жатқанында.

Жұрт әлi ұмыта қойған жоқ. Сонау 80-шi жылдары Алматыдан ауысып келген  атақты Асанбай Асқаров облыстың экономикасын, әлеуметтiк жағдайын, ең бастысы халықтың рухын қатты көтерген. Сол кiсi алғаш келген бетте шалғайда жатқан Қызылқұм, Созақ ауылдарын көптеп-көмектеп қатарға қосу мәселсiн көтергенi есте. «Қызылқұмда  нан зауыты жоқ екен» деп таңданған. «Ордабасы (Бөген) артта қалыпты» дегендей сөз айтылған емес-тi. Ендi ше? Әкiмдерiн үздiксiз өсiрiп отырған ауданның өзi бiрте-бiрте кейiн шегiне берiптi-ау. Айтпақшы, бұл аудан облыс басшысы, Қазақстан Республикасының вице-президентi, ҚР Министрлер кабинетiнiң төрағалығына дейiн жеткен С.Терещенкоға да трамплин болған… Сонда әкiмдердiң жұмысы қандай көрсеткiштерi бойынша бағаланады?!

Иә, бұның бәрi өткен шақ. Өткенге салауат десек те айып емес. Бiрақ салауатты айта-айта тiлiмiз жауыр болды емес пе. Сабақ алатын кез жеттi ғой.

…Зымырап өтiп бара жатқан уақыт! Ордабасыға жаңа әкiм келген. «Келген» деп, шартты түрде айтып отырмыз. Әйтпесе осы жердiң, мынау «Коммунизмнiң» тумасы, диплом алу үшiн Темiрланнан ұзаса ұзаған шығар, қалған уақыттың бәрiнде ел iшiнде жүрген азамат. Айтпақшы, бойы бiрден көзге түседi. Кейбiреулердiң төбесi қылтиятын жерде оның кеудесi тұтас көрiнедi. Мiнезi де сондай сияқты. Томаға-тұйықтық жоқ. Ашық. Шоқ тастасаң лап ете түсетiндей. Қайрасаң өткiрленiп, шыңдасаң жалтылдап шыға келердей. Апырмай, үндемей өлтiргеннен бұл жақсы екен. Жарға сөйлегендей, құлазымайсың. Пiкiр таластырасың. Мойындатасың. Мойындайсың. Ал бiздiң журналист ретiнде, ауданның бiр тұрғыны есебiнде аудан әкiмiн тiптi де мойындатқымыз жоқ. Қайта оны жақсы басшы, азамат санатында мойындасақ деймiз…

З.ЖАНСЕЙIТ.