«Ұлттық құндылықтар үшiн күрестiң алғы шебi – орыс тiлдi қазақтар»

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

— Қазаққа қарсы ақпараттық саясаттың жүрiп жатқанын өзiм де байқап жүрмiн. Мысалы, соңғы кездерде бiр топ жас саясаткерлер мен сарапшылар бiрiгiп, тiл туралы, Кедендiк одақ туралы мәлiмдемелер жасадық. Соларды орыстiлдi баспасөз «ақымақтық», «есуастық», «дарақылық» деп көрсетуге тырысты. Әрине, одан бiздiң ұтылып немесе күйзелiп жатқанымыз шамалы. Осының негiзiнде бұрындары серiктес болған басылымдардың басшылары мен журналистерiмен талай айтысып, оларға жоламайтындай болдық. Қазақ баспасөзi де осындай iрi, принциптi мәселелерге келгенде ауызбiршiлiк танытып жатса болғаны. Мысалы, қазақ тiлiне, тарихына, мәдениетiне, мемлекеттiгiне қарсы шығып, аяқасты етiп жатқандарды бiрiгiп, масқаралап отырса, жетiп жатыр. Екiншi жағынан бiр түсiнгенiм, қазақ ұлтшылдары, ұлтжанды азаматтары бүгiнгi күнi тек қана қазақ тiлiнде ғана емес, орыс тiлiнде де сөйлеп, орыстiлдi баспасөз беттерiне шығып, өз позицияларын, ұстанымдарын жеткiзiп отыруы керек сияқты. Қазiргi күнi ұлттық құндылықтар үшiн жүрiп жатқан күрестiң алғы шебi — орыстiлдi қазақтар. Оларды ұлттық құндылықтар аясына қайтару, олардың мүкiндiктерi мен бiлiмiн ұлттық күрес үшiн ұтымды пайдалану — қазақ ұлттық қозғалысының басты мiндеттерiнiң бiрi. Олай болатын болса, қазақ құндылықтарын орыс, басқа тiлдерде насихаттайтын ұлтшыл баспасөз, интернет құралдары қажет.

 

«Abai.kz»

 ақпараттық порталы.