«Дәрігер адам баласын нәсіліне, ұлтына, түсіне қарап алаламайды»

1040
0

Жұмағали ИСМАИЛОВ, Оңтүстiк Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы:

Соңғы уақытта сынның қара бұлты Жұмағали Исмаиловтың төбесiнен үйiрiлiп кетпей қойды. Тәуелсiз басылымдардан бастап «Егемен Қазақстанға» дейiн Жұмекең газеттердiң бас кейiпкерiне айналып шыға келдi. Ол туралы сөз қозғайтындарды бүгiнде, тiптi, шартты түрде екi топқа жiктеуге де болады. Бiрiнде –  «қара көзiлдiрiк»: тек кемшiлiк һәм қателiктердi жiпке тiзедi. Екiншiсi оған шаң жуытпайды. Сонда кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс? Жалпақ жұрт қайсысының айтқанына илануы керек? «Адам сөйлескенше, жылқы кiсiнескенше» демеушi ме едi атам қазақ. Ең абзалы, Ж.Қазыбайұлының өзiмен тiлдесейiк деп шештiк.   

– Жұмеке, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы жауапты лауазымдарға кадрлардың өзге облыстардан әкелiнуi – ел аузында көп айтылып жүрген әңгiменiң қатарында. Сiз қалай қабылдадыңыз мұны? 

– Менiң таңғалатыным, қай жерде туылғанымның, қай рудан шыққанымның кiмге қажетi бар? Осы Шымкентке келгенге дейiн бiр адам менен руымды сұрамаған. Қарағандыға бiр мүшел жасымды бердiм. Түп-тамырыма ешкiм қызығушылық танытпапты. Менiң ойымша, бұл – өте мәдениетсiздiк. Қызылордада туылғаным құпия емес. Бiрақ ол жақта туып-өскенiм болмаса, Сырдың бойында бiр күн де жұмыс iстемегенмiн. Оңтүстiк Қазақстанның азаматтары да Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде жұмыс iстеп жүр. Сондықтан бұлайша ешкiмдi бөлiп-жарудың қажетi жоқ. Шынын айтсам, мұндай әңгiмелер туралы бас қатырғым келмейдi. Ең бастысы, мен ешқашан ешкiмнiң руын, жүзiн, туып-өскен жерiн сұраған емеспiн. Адамның кәсiби деңгейi, тазалығы, жұмысына iскерлiгi ғана қызықтырады.

Бүгiнге дейiн жүрiп өткен жолымда бүгiп қалатын дәнеңем жоқ. 1972 жылы Қызылорда облысында дүниеге келгенмiн. 1989 жылы орта мектептi бiтiрiп, сол жылы Қарағанды мемлекеттiк медицина институтына оқуға түстiм. 1995 жылы емдеу факультетiн «Хирургия» мамандығы бойынша тәмамдадым. Бұдан соң аталмыш оқу орнының клиникалық ординатурасында (2 жылдық кәсiби дайындық) «Госпиталдық хирургия» кафедрасын аяқтадым. Ғылыми жұмысым дайын болғандықтан, аспирантураға қабылданып, 8 айда кандидаттық диссертациямды қорғадым. Мұның соңы докторантураға жалғасты. Ординатура, аспирантура, докторантуралардың барлығы Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының базасында өттi. 2001 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми зерттеу орталығының Астанадағы филиалының директоры болып жұмыс iстедiм. Министрлiктiң ғылыми кеңесiнiң мүшесi болдым. Одан Алматы қаласындағы медициналық университетке ауыстым. Ал, мемлекеттiк қызметке келуiм Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментiнен басталады. Алматы қаласының Бас хирургi болып еңбек еттiм. АҚШ-тың Висконсин университетiнiң профессорларымен тiзе қоса отырып, Алматы қаласының негiзiнде кардиохирургия мен кардиология қызметiн дамыту жұмыстарын бастадық. Ол уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлiгiнiң алдында кардиология, кардиохирургия қызметiн дамыту бағдарламасын жасау мiндетi тұрған. Ана мен бала өлiмiн азайтуға қатысты, қан қызметiн жетiлдiру, салауатты өмiр салтын қалыптастыру бағдарламалары және туберкулезге қатысты ереже дайындалып, Үкiметтiң алдында қорғап, қолдау таптық. Соның нәтижесiн қазiргi таңда бiрқатар облыстар көрiп отыр. Мысалы, ОҚО-да кардиохирургиялық орталық бар. Кардиохирургиялық операциялар жасалу үстiнде. Халықаралық статистикаға үңiлсек, әр 1 миллион халыққа 1000 кардиохирургиялық операция жасалады екен. Ол – 1 жылдың қажеттiлiгi. Бұл дегенiңiз – бiздiң облыста екi жарым миллион халық мекендесе, жылына кем дегенде екi жарым мың операция жасалуы керек деген сөз. Сондай-ақ ОҚО-да сәбилердiң дүниеге келуi жыл сайын екi-екi жарым мыңға артып жатқаны қуантады. Әрине, олардың арасында денсаулығында туабiттi ақаулары бары да кездеседi. Бұл сырқаттар, әсiресе, ас қорыту мен жүйке жүйелерiне, жүрек қан тамыр ауруларына көбiрек қатысты. Осыны ескере отырып, былтыр наурыз айында Қазақстан бойынша облыстардың арасында алғаш рет Оңтүстiкте балалар кардиохирургия бөлiмшесiн аштық. Бұл бұйрықпен ә дегенде-ақ жүзеге аса салатын тiрлiк еместiгi анық. Оның негiзiн қалау үшiн алдын ала талай жұмыс атқарылды ғой. Материалдық ресурстармен қамтамасыз етiлдi, мамандар даярланды. Бұл саланың дәрiгерлерiн дайындауда Израиль, Ресей, Балтық маңы елдерi, Польша мамандарымен тығыз жұмыс iстеудемiз. Польша-Америка жүрек клиникасының мамандары осында келiп, алғашқы операцияларды өздерi жасап көрсетiп, шеберлiк сабақтарын өткiздi. Бұл бөлiмшеде жылына 350 операция жасалады.

Ал, бағдарламалардың жүзеге асырылуына келсек, бүгiнгi таңда аурухана, емханаларға қойылатын талаптар күшейтiлдi. Себебi, Елбасы «Шымкент республика бойынша үшiншi қала мәртебесiне лайық болуы керек» деген мiндет жүктедi. Бұл, бiр жағынан, үлкен абырой. Екiншi жағынан, зор жауапкершiлiк. «Үшiншi қала» мәртебесiн иелену тек халықтың санымен, тиiстi инфрақұрылыммен ғана өлшенбейдi. Бұл тұста «адам өмiрiнiң сапасы» да маңызды рөлге ие. Бұл көрсеткiш жөнiнен Астана мен Алматы қалаларынан кейiнгi үшiншi орында, ал, облыстардың арасында бiрiншi орында тұруымыз керек. Өмiрдiң сапасы ең алдымен әлеуметтiк, оның iшiнде медициналық қызметпен анықталады. Облыс көлемiнде ғана озық емхана немесе озық медициналық орталық болу – кешегi күннiң көзқарасы. Бiздiң қазiргi стратегиялық бағытымыз – республика бойынша жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетiп жатқан орталықтармен тереземiздi теңестiрiп, бәсекеге қабiлеттi болу. Осы мақсатта соңғы жылдары жүйелi жұмыстар атқарылуда: ол, әсiресе, инфрақұрылым мен материалдық ресурсты күшейтуге қатысты. Бұдан бөлек ерекше мән берiп отырған басым бағытымыз – кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру. Өткен жылдың өзiнде 3 мыңнан астам дәрiгер әр түрлi деңгейде бiлiктiлiгiн арттырды. Оның iшiнде халықаралық курстар, шеберлiк сабақтары, шетелдерге шығу, менеджерлердi дайындау – бәрi-бәрi бар. ОҚО бүгiнде мамандарды дипломнан кейiн үздiксiз, 3 деңгейлi (жергiлiктi, республикалық, халықаралық) қағидамен оқыту жүйесiне көшiрiлдi. №1 облыстық перинаталдық орталық пен облыстық балалар ауруханасында құрған тренингтiк орталықтарымызды қазiргi таңда халықаралық деңгейге дайындап жатырмыз. Ол үшiн халықаралық аккредитациядан өтедi. Ол жерде бiлiктiлiгiн арттырған мамандар халықаралық курстан өткенмен бiрдей болып есептеледi.

– Бәсекелестiк туралы айтып қалдыңыз. Бәсекелестiктiктiң қатаң талаптарына жауап беретiн емдеу нысандары бар ма қазiр бiзде?

– Тиiстi ресурстармен қамтамасыз еткендiктен, бүгiнгi таңның өзiнде кейбiр клиникаларымыз белгiлi орталықтарымен иық теңестiре бастады деп толық айта аламын. Мысалы, облыстық балалар ауруханасы. Мұндағы жаңа туған нәрестелер хирургиясы денсаулығында туабiттi ақауы бар сәбилердi емдеуде ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң бұйрығымен 3 облысқа (Қызылорда, Жамбыл және  Оңтүстiк Қазақстан облыстары) қызмет  көрсетiп отыр. Операцияның саны мен нәтижесi жөнiнен облыстық балалар ауруханасы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы институтымен емiн-еркiн бәсекелестiкке түсе алады. Бұл – бiз үшiн үлкен абырой. Мысалы, 2007-2008 жылдары жылына бар-жоғы 30 шақты ғана операция жасалып, балалардың 80 пайызы көз жұмған екен. Ал, қазiр жылына 150 операция жасалады, оның 71 пайызы аман қалады. Бұл – балалар хирургтерiнiң айналдырған 2-3 жылдың iшiнде қол жеткiзген жетiстiгi.

Сонымен қатар Кардиология орталығының келбетi мүлдем жаңарды. Медицина қызметкерлерiнiң кәсiби мерекесiне арналған түнеугүнгi салтанатты жиында ОҚО-ның Бас кардиологы Қазақстанның ең үздiк кардиологы мәртебесiне лайық деп табылды. Бұл – бiр адамға ғана емес, облыстағы медициналық тiректен бастап кардиоорталыққа дейiнгi бүкiл кардиоқызметке берiлген баға.

Жедел жәрдем көрсету бригадасындағы фельдшерiмiз республикадағы үздiк номинацияға ие болды. Соңғы жылдары Шымкент, Түркiстан қалаларындағы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы, облыстық санитарлық авиация қызметi толығымен автоматтандырылып, GPS-навигатор жүйесiне көштi. Бұл жүйе науқасқа шұғыл түрде жетiп, ем жасауға мүмкiндiк туғызары сөзсiз.

Ал, онкологиялық аурулар бойынша бiздiң облыстағы өлiм-жiтiм көрсеткiшi, елiмiздi тұтастай алғанда, ең төменгi орында. Қатерлi iсiк ауруларын емдеуде қолданылатын бiздегi әдiстемелер басқа облыстарда жоқ. Мысалы, бiздiң дәрiгерлер химиялық препаратты қан тамырлары арқылы iсiк ошағына тiкелей бағыттауды меңгердi.

Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы базасында бауыр мен ұйқы безiндегi кеселдерге бұрын болмаған ота жасалуда. Бүгiнге дейiн Алматы, Астана қалаларында ғана емделiп келгендерге ендi облыс орталығында ота жасауға мүмкiндiк туып отыр. Бұл мақсатта Ресей Федерациясының А.А.Вишневский атындағы алдыңғы қатарлы хирургия институтының гепатология және панкреатологиялық хирургия бөлiмiнiң меңгерушiсi, медицина ғылымдарының докторы, профессор Владимир Александрович Вишневский арнайы шақырылды. Жетекшi маманды шақыру үшiн тек дәрiгерлер емес, ота жасауда қажеттi медициналық жабдықтардың болуы да маңызды. Облыс әкiмдiгiнiң қаржыландыруымен құрал-жабдықтар жаңартылып, заманауи құрылғылар әкелiндi. В.А.Вишневскийдiң қатысуымен бiрнеше науқасқа ота жасалды. Шеберлiк сабақтарына облыстағы бiлiктi хирург дәрiгерлер қатысып, тәжiрибелерiн жетiлдiрдi.

Естерiңiзде болса, былтыр 17 сәуiрде Елбасы Үкiметтiң кезектен тыс кеңейтiлген мәжiлiсiн өткiзiп, инновациялық жұмыстарға қатысты бiраз тапсырмаларды белгiлеп берген-тiн. Соған орай бiздiң облыс та iс-шаралар жоспарын әзiрледi. Жоспарға сәйкес бiз облыстық һәм қалалық iрi клиникалардың, медициналық орталықтардың базасында (облыстық клиникалық аурухана, кардиоорталық, облыстық балалар ауруханасы, облыстық офтольмологиялық аурухана) 5 жоғары технологиялық орталықты ашуды межелегенбiз. Қазiр қажеттiлiгiне қарай облыстық офтольмологиялық аурухана базасында Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Шымкентте филиалын ашуды қарастырып жатырмыз. Бүгiнгi таңда ол мекеменiң материалдық-техникалық және кадрлық ресурстары бұл ойымызды жүзеге асыруға толық қауқарлы. Әрине, бұл ретте дамыған Ресей, Балтық маңы елдерi, Израиль, Польша, Түркия секiлдi алыс-жақын шет мемлекеттердiң клиникалық орталықтарымен тығыз байланыс орнатуымыздың зор септiгi тиюде.

– Шет елдермен байланысқа тiкелей өздерiңiз шығасыздар ма, әлде Денсаулық сақтау министрлiгi арқылы ма?

– Жоқ, тiкелей өзiмiз байланысамыз.

– Түрлi клиникалық орталықтар мен компанияларға, мамандарға таңдауды қалай жасайсыздар? Бiреулердiң кеңесiне жүгiнесiздер ме?

– Бiз маркетинг жүргiземiз. Бiрнеше мемлекеттiң қажеттi салаға қатысты мүмкiндiктерi мен жетiстiктерiн, нәтижелерiн зерттеймiз. Мысалы, ана мен бала өлiмi – ОҚО үшiн №1 проблема. Бiз бұл ретте алдымен Израильмен жұмыс iстедiк, Белоруссия мен Ресейдiң тәжiрибелерiн салыстырдық. Ақырында Литваға тоқтадық. Әрине, «Не үшiн?» деген сұрақ тууы – заңдылық.

– Ол да Қазақстан сияқты КСРО-ның шекпенiнен шыққаны өтiрiк емес қой.

– Қазақстан Республикасы 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының тiрi туу мен өлi туу критерилерiне көштi. Егер бiз кеңес дәуiрiнде нәрестенi тiрi деп 1000 грамнан бастап 28 аптадан жоғары дамыған мерзiмдi алсақ, халықаралық деңгей 22 апта, 500 грамды құрайды. Бұл өте жауапты қадам болды. Оған бiраз дайындық жүргiзiлдi. Бұл – Елбасының үлкен көмегi. Өйткенi елiмiз дамыған 50 мемлекеттiң қатарына кiретiн болса, бiздi бiрыңғай стандартпен салыстыруы керек. Аталмыш критерилердi бүкiл әлем мойындап, қабылдаған. Қырғыз ағайындар бiзден бұрын өткен. Ресей әлi бұрынғы жүйемен жүр. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей бiзден кенже қалды. Сондықтан ана мен бала өлiмiнiң көрсеткiшi жөнiнен Ресей бiзге үлгi бола алмайды. Ал, Литва бұл жүйеге 1991 жылы, Қазақстаннан 17 жыл бұрын өттi. Олардың бүгiнгi көрсеткiшi – Еуроодақтағы ең төменгi көрсеткiштердiң бiрi. Рас, Израильдiң тәжiрибесiне сүйенуге әбден болады, бiрақ өзара түсiнiсу үшiн арамызда тiлдiк кедергiлер бар. Германия, Австриямен де солай. Бiздегi дәрiгерлердiң басым бөлiгi ағылшын тiлiн меңгерген деп айта алмаймын. Соның бәрiн талдай келе, Литваны қош көрдiк: бiрiншiден, бәрiмiз кеңестiк кезеңде бiр жүйемен жұмыс iстедiк, екiншiден, 1991 жылы Тәуелсiздiк алған елдердiң iшiнде ең бiрiншi болып халықаралық стандарттарға өттi, үшiншiден, Еуроодақта өте жақсы нәтижеге жеттi, төртiншiден, орыс тiлiн олар әлi ұмытқан жоқ. Сөйтiп, Каунас университетiнде «Қазақстанда осындай облыс бар, көрсеткiштерi мынадай, пәлендей шаруалар атқарылып жатыр…» деп таныстырылым жасап, литвалық әрiптестерiмiздi серiктесе отырып жұмыс iстеуге шақырдық. Кризистiк орталықпен Меморандумға қол қойдық. Қазiр 2 жылдан асты, осында келiп, көмектесiп, көрген-түйгенiмен бөлiсiп жатыр. Бiздiң тәжiрибемiздi ескере отырып, литвалық мамандарды Алматы, Астана шақырды. Қазiр басқа қалалар да шақыруда. Бiр айта кетерлiгi, олар бiлетiнiн тек ауызша немесе iспен үйретiп қана қоймай, бiздiң дәрiгерлерге арнап орыс тiлiнде арнайы нұсқаулықтар шығарып жатыр. Онда бiрiншi, екiншi, үшiншi кезекте не iстеу керектiгiн қысқаша, алгоритм ретiнде түсiндiрген. Олар медицинаның теориясын оқытып жатпайды. Негiзгi сүйенетiнi – командалық қағида: әрбiр дәрiгердiң белгiлi бiр сатыда атқаратын өзiне тиесiлi функциясы бекiтiлген. Яғни процесс автоматты түрде жүзеге асады. Себебi, шұғыл жағдайда ойланып-толғанып тұруға уақыт жоқ. Өткен жылы алғаш рет литвалықтар бiздiң 700-ден астам маманды командалық қағидамен оқытты. Соның нәтижесiнде бiзде балалар реаниматологы ғана iстеп жүрген iстi орта буын медицина қызметкерлерi де меңгерiп алды. Сондай әдiстердi қазiргi таңда өзiмiздiң базамызда үйретуде. Алайда бiз өмiр бақи оларға аузымызды ашып қарап отырмауымыз керек қой. Сол себептi каскадтық қағидамен оны барлық деңгейде үйренiп жатырмыз. Оған қоса өзiмiздiң ұлттық жаттықтырушыларды дайындау үстiндемiз. Сегiз маманымыз шетелде толығымен дайындықтан өткеннен кейiн сондағы курсанттардан емтихан қабылдап, жаттықтырушы деген мәртебе алады. Осындай даму медицинаның барлық саласында жүруi керек.

Денсаулық сақтау саласының ең түпкi көрсеткiшi – адамның өмiр сүру ұзақтығы. Бүгiнде қазақстандықтардың орташа өмiр сүру ұзақтығы 68,8 жасты құраса, Оңтүстiк Қазақстан облысының тұрғыны шамамен 69,8 жыл өмiр сүредi. Яғни орташа көрсеткiштен 1 жылға артық. Әрине, мұнымен шектелмеуiмiз керек. Мемлекет басшысы қазiргi таңда қазақстандықтардың өмiр сүру ұзақтығын 72 жасқа дейiн ұзартуды тапсырып отыр. Бiз бұған ертерек жетуiмiз керек, өйткенi Оңтүстiктiң көрсеткiшi – жүйенi құрайтын көрсеткiш. ОҚО-ның республикамыздағы стратегиялық маңызы зор. Себебi, адам ресурсы жөнiнен ОҚО бiрiншi орында тұр. Сондықтан Оңтүстiктiң денсаулық сақтау саласындағы көрсеткiштерi республикалық көрсеткiштерге тiкелей әсер етедi. Мысалы, бiздiң облыстағы ана өлiмiнiң көрсеткiшi былтыр тұңғыш рет республикалық орташа көрсеткiштен төмен болды. Денсаулық сақтау саласының бiр ерекшелiгi, 1 жылдың көрсеткiшi орташа көрсеткiш болып есептелмейдi. Жүйелi баға беру үшiн 3 жылдың орташа көрсеткiшi шығарылуы керек. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросындағы халықаралық сарапшылар «Ендi қазiргi деңгейлерiңiздi бiрқалыпты ұстап тұрсаңыздар, тұрақтылықтың белгiсi сол» деп отыр.

– Адамның денсаулығында медицина қанша пайыз рөл ойнайды?

– Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметi бойынша адамның денiнiң сау болуында медицинаның үлесi 15 пайызды ғана құрайды. Қалған бөлiгi – генетика мен экологияның, дұрыс тамақтану мен салауатты өмiр салтын қалыптастыруының еншiсiнде. Адам емнiң емес, ауырмаудың жолын iздеуi керек. Бүкiл әлем осыған келе жатыр. Өйткенi стационарлық ем, стационарлық жүйе қаражатты өте көп қажет етедi. Мысалы, онкологиялық дерттi алайық.

Егер бiз оны бiрiншi сатысында анықтап, емдесек, нәтижесi әлдеқайда тиiмдi болады.Бес жылда өмiр сүру қабiлетi артады. Ал, экономикалық тұрғыдан алғанда, емдеу де арзанға түседi.

Жалпы, халықтың әл-ауқаты жақсарған сайын денсаулығы да нығаяры сөзсiз. «Таза су» бағдарламасының қаншалықты жемiс бергенiн ең алдымен дәрiгерлер сезедi. Қалайша? Гепатит пен iшек инфекциясы аурулары азайып жатыр. Әрине, алаңдайтын жайттар жеткiлiктi. Айталық, бiздiң облыстағы әйелдердiң денсаулық индексi 12-18 пайыздың төңiрегiнде ғана. Әрi барса, кейбiр аудандарда – 24 пайыз. Бұл – 100 әйелдiң 12-24-iнiң ғана денi сау деген сөз. Ал, денi сау әйелден денi сау бала туылатыны мәлiм. Туабiттi ақауы бар сәбилердiң барлығы денсаулығы сыр берген аналардан туылуда. Дүниеге ұрпақ әкелу үшiн, бәрiн күнi бұрын жоспарлау керек. Ер азамат өзiнiң жұбайының хал-ахуалына айрықша назар аударғаны абзал. Жүктi болардан алдын жан-жақты медициналық тексерулерден өтiп, денсаулығын түзеп алғаны жөн. Өкiнiшке қарай, қазiргi таңда бiздiң облыста туберкулез әйел де, жүрегi сыр берiп жүрген әйел де, бiр бүйрегi бар әйел де туады. Бәлкiм, түрлi жәрдемақыларға қол жеткiзiп, әлеуметтiк проблемаларын шешкiсi келетiн шығар, бiрақ өмiрдi бұлайша қауiп-қатерге тiгуге болмайды.

– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта орта буын медицина қызметкерлерiне сенiмсiздiк басымдау. Бұл жекеменшiк оқу орындарының кесiрiнен секiлдi. Мәселен, бiр ғана Сайрам ауданында екi медицина колледжi бар. Сайрамдағысын қайдам, Ақсукенттегi мүлдем талапқа сай келмейдi. Тiптi талапқа сай зертханасы да жоқ. Осындай оқу орындарын бiтiрген түлектердiң iшiнде укол сала алмайтындары да кездеседi.

– Әр маман өзiнiң лауазымына сәйкестiгiн жыл сайын дәлелдеп отырады. Егер Сiз айтып отырғандай жағдай орын алса, бiз ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi Медициналық және  фармацевтикалық  қызметтi бақылау комитетiнiң ОҚО бойынша департаментiне ақпарат берiп, сол медицина қызметкерiн санатынан немесе сертификатынан айыру мәселесiн қоямыз. «Шаласауатты мамандар дайындап шығаратын оқу орындарының лицензиясы қаншалықты орынды берiлген» деген мәселенi көтеру керек. Бiлiм және ғылым министрi бүгiн бiр басылымға берген сұхбатында 29 жоғары оқу орнын жабатындығын айтыпты. Себебi, ондағы бiлiм беру сапасы төмен, студенттердiң 30 пайызының оқу үлгерiмi нашар. Әрине, ол бiлiм ордаларының жұмысын тоқтату бiр күннiң тiрлiгi емес, кезең-кезеңiмен жүзеге асырылады. Сол секiлдi сапасыз кадр дайындайтын колледждердi де заңға сәйкес қарау қажет. Бiлiм беру үшiн медколледждердiң өздерiнiң клиникалық базалары болуы тиiс. Клиникасыз маман дайындауға құқығы жоқ. Әр облыста Бiлiм және ғылым министрлiгiне тiкелей бағынатын Бiлiм сапасын қадағалау департаменттерi құрылған, бұл мәселенi шешу сол органның тiкелей құзырына кiредi. Ал, бiздiң қолымыздан келетiнi – дипломнан кейiнгi бiлiктiлiктi арттыру.

– Жұмеке, қалай болғанда да кадр мәселесiне кешендi түрде қарау қажет қой. Ол медколледждi бiтiрген мамандар ертеңгi күнi айналып сiздердiң алдарыңызға келедi. Сондықтан «ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iзде» дегендей, мұны тек бiр мекемеге ысырып қоймай, сiз басқарып отырған басқарма тарапынан да белгiлi бiр деңгейде әрекет керек сияқты.

– Дұрыс, сiздiң пiкiрiңiзге қосыламын. Бұл мәселенi түбегейлi шешуiмiз керек, яғни сол орта буын медицина қызметкерлерiн дайындайтын оқу орындарының түлектерi бiлiктiлiк талаптарына жауап бермей жатса, лицензиясын қайтарып алуды төтесiнен қою қажет. Егер ондай мамандар кездесiп жатса, құзырлы органдарға жiберемiз. «Шымшық сойса да, қасап сойсын» демекшi, бұл ретте әркiм өзiнiң жұмысын адал атқаруды ойлаған жөн.

– Соңғы 3-4 жылда «Конго-Қырым қанды қызбасы» деген ауру бiздiң облысты, қала бердi, республиканы әбден шулатып бiттi. Ауылда өскендiктен, бала кезiмiзде кене бiздiң де денемiзге жабысатын, бiрақ мыжып-мыжып тастап, оған аса мән бермейтiнбiз. Менiң ойымша, сол кене – әлi сол кене. Кенеден неге сонша қауiптенiп, үдерiп кеттiк?

– Бiрiншiден, ол баяғы кене емес. Кенелер Қырым-қанды вирусы бар және вирусы жоқ деп 2 түрге бөлiнедi. Бұрын сондай вирусты кенелердiң табиғи ошағы Созақ, Бәйдiбек аудандарымен шектелсе, қазiргi таңда Түлкiбас ауданынан да шығуда. Яғни бүкiл облысқа таралып отыр. Мұның бiрден-бiр себебi, малдың миграциясы. Екiншiден, бұрын дезинсекция жұмыстары жүйелi түрде жүргiзiлсе, соңғы уақытта бiрнеше жыл қатарынан бұл мақсатқа қаржы жеткiлiктi деңгейде бөлiнбедi. Iрi қара және уақ малдар жекеменшiкте болғандықтан, дезинсекцияға бiрiмiздiң қаржымыз жетпедi, бiрiмiз оған немқұрайлы қарадық. Ақыры соның зардабын тарттық, 2009 жылы кiсi өлiмi орын алды.

– Соңғы кезде «Жас алаш», «Рейтинг» газеттерi Сiз туралы көбiрек бiржақты пiкiр қалыптастырып жiбердi. Оған екiншi жақтың пiкiрiн «Әдiлет» басылымы қалыптастырып жатыр. Әрiсi, денсаулық сақтау саласында атқарып жатқан жұмыстарыңыз, берiсi, Ломоносов атындағы ордендi иеленгенiңiз – бәрi-бәрi сын тезiне салынып жүр. Тiптi, «Егемен Қазақстан» газетiнiң таяудағы санында «Нүктесi қойылмайтын дау» деген тақырыпта көлемдi мақала жарық көрдi. Сондағы көрсетiлген жайттармен келiсесiз бе?

– Ломоносов атындағы ордендi Ресей Федерациясы ұсынып, Мәскеуден өкiлдерi арнайы осында келiп, маған табыс еттi. «Ресей мен Қазақстан арасындағы денсаулық сақтау саласына Исмаиловтың қосқан ғылыми-тәжiрибелiк үлесi үшiн» деп марапаттады. Тәжiрибелiк үлес дегенiмiз – облыста атқарып жатқан шаруаларымыз, ал, ғылыми үлес дегенiмiз – мен осы күнге дейiн 1 ғылым докторын, 7 ғылым кандидатын дайындадым. Олардың барлығы елiмiздiң әр облысында, тiптi, бiреуi Қырғызстанда практикалық медицинада қызмет етiп жүр. Оған алып-қосар ештеңем жоқ. Бар шындық – осы.

Екiншiден, ОҚО-да, қателеспесем, 260-тай бұқаралық ақпарат құралы бар. Оның бәрiнде не айтылып, не жазылып жатқандығын бақылап отыруды мақсат тұтқан емеспiн. Негiзiнен, ресми басылымдар мен телеарналарды қарайтындықтан, тәуелсiз БАҚ-тардың көтерiп жатқан мәселесiнен көбiнесе бейхабармын. «Рейтинг» сияқты газеттер қандай да бiр мәлiмет беруiмдi өтiнiп, ресми түрде хат жазған емес. Жалпы, Денсаулық сақтау басқармасы мен менiң атыма сын-ескертпелер айтылса, оны анық-қанығын анықтау – құзырлы органдардың еншiсiнде. Тек солар ғана ақ-қарасын ажыратып баға беруi керек. Ал, «Егемен Қазақстан» газетiнде айтылғандай, экономикалық сотқа жүгiнген бiрнеше әлеуеттi өнiм жеткiзушi компаниялар барлық процесс 100 пайыз Денсаулық сақтау басқарамасының мүддесiне шешiлгенiн ұмытпауы тиiс. Бұл – бiр. Екiншiден, оларды конкурстан шеттетуiмiздiң объективтi себептерi бар: бiз заң мен ережеге ғана жүгiнемiз. Егер ережеге сәйкес болса, жолыңыз ашық, керiсiнше жағдайда бiз көзжұмбайлыққа салына алмаймыз. Заң тұрғысынан келгенде, күмән туғызған фармкомпаниялар болғаны рас. Бiз мәселенiң мән-жайын анықтау мақсатында өздерiнiң келiсiмшарттарын тапсырған барлық тасымалдаушы фармкомпаниялар жұмысының заңдылығын тексеру үшiн өндiрушi кәсiпорындарға хат жiбердiк. Олар өз кезегiнде ақпарат бердi. Мемлекеттiк деңгейде, мемлекеттiк қызметкер ретiнде ашық, объективтi ақпарат алу үшiн Ресей Федерациясының Бас прокуратурасына да хат жолдадық. 23 мамырда жауап келдi. Ростов облысының прокуратурасы анықтағанындай, «ЭКО-БАРС» ЖШС ОҚО-дағы тендерге жалған құжатпен түскен, яғни, конкурс кезiнде «ЭКО-БАРСТЫҢ» келiсiм-шарты жоқ екендiгi анықталды. Оның Қазақстан аумағында тауар тасымалдауға құқығы болмаған. Ендi осыны негiзге алып, оны заңсыз компаниялардың тiзiмiне қосу үшiн бұл хатты бiз құзырлы органдарға жiбердiк. Оның iшiнде экономикалық сот та бар. Бұдан артық қандай дәлел керек?! Нақты айғақ қолымызда тұр. Ендi артық әңгiме болмауы тиiс.

– «Ел құлағы – елу» ғой, «Исмаилов басқарма бастығы болып тағайындалғалы берi, кадрлар тұрақтамай жатыр. Көбiсiн жаратпайды, әйтеуiр, көңiлi көншiмейдi…» деген сөздердi жиi естимiз. Оңтүстiкте кадрлардың сапасы шын мәнiнде сын көтермей ме?

– Медицинаның көшiн iлгерi сүйрейтiн – бiлiктi кадрлар. Сондықтан бiз осы бағытқа ерекше күш салып жатырмыз. Бiздегi медицина қызметкерлерiнiң басым бөлiгiнiң бiлiктiлiгiнiң өз деңгейiнде болмауы олардың да кiнәсi емес, заман сондай болды. Тек медицина ғана емес, барлық сала, бүкiл мемлекет 1990 жылдары күйредi. Қанша мамандар отбасын асырау үшiн басқа салаға бет бұрды. Ұрпақтар сабақтастығы үзiлiп қалды. Бiраз құлдыраған сол жүйенi 2-3 жылда қалпына келтiру мүмкiн емес. Жұртшылық осыны дұрыс түсiнсе екен. Былтыр жылдың аяғында денсаулық сақтау саласының көрсеткiштерiне талдау жасадым. Мысалы, 2010 жылы бар-жоғы 998 дәрiгер бiлiктiлiгiн арттырған. Кеңес дәуiрiндегi қағида бойынша бiлiктiлiк 5 жылда 1 рет қана арттырылатын. Ал, бүгiнгi күннiң талабына сүйенсек, 5 жылда заман нешеме рет өзгерiп кетедi! Ғылым да, медицина да, жаңа технология да бiр орында тұрған жоқ. Сондықтан бiздiң қағидамыз бойынша, дәрiгерлер өз бiлiктiлiгiн үздiксiз көтерiп отыруы шарт. 2011 жылы 3039 дәрiгер бiлiктiлiгiн арттырды. Егер облыста жетi жарым мың дәрiгер бар деп есептесек, бұл көрсеткiш соның жартысына да жетпейдi.

Әзiрге тек ана мен бала өмiрiн сақтауға жауап беретiн мамандарға, кардиология, онкология, травматология, т.б. саласының дәрiгерлерiне ғана басымдық берiп үлгердiк.

– Мақтаарал ауданындағы Алаш ауылынан хабарыңыз бар шығар. Құны 25 миллион  теңгеге татитын жаңа фельдшерлiк-акушерлiк пункт салынды. Бұл құрылыстың Денсаулық сақтау басқармасына қатысы болмағанымен, салаға қатысы бар. Осы нысанның апатты жағдайға душар болуынан байланысты қазiр кiнәлiлер жауапқа тартылып, қылмыстық iс қозғалуда. Бұл жөнiнде не айта аласыз?

– Бұл мәселеге кәсiби тұрғыда қарау қажет. Денсаулық сақтау басқармасы құрылыс жүргiзiлетiн кезде «Бiзге мына ауылда немесе қалада осынша медпункт, осынша ФАП керек» деп өз қажеттiлiгiн анықтайды. Осыған орай бiз объективтi критерилердi талқылап, ұсыныс жасаймыз. Өз кезегiнде Құрылыс басқармасы жобалық-сметалық құжатын әзiрлейдi, сосын конкурс жариялап, мердiгердi анықтайды да, құрылыс жүредi. Сондай-ақ аталмыш басқарма мемлекеттiк комиссияны тағайындайды, соның iшiне бiздiң басқармадан 1 маман мүше болып кiредi. Денсаулық сақтау саласының маманы болғандықтан, бiз өзiмiздiң құзырымызға сәйкес ондағы құрал-жабдықтарға, медициналық аспектiлерге ғана көңiл бөлемiз. Ал, ғимарат құрылысының сапасына, ашығын айту керек, баға бере алмаймыз. Себебi, ғимараттың қаншалықты талапқа жауап беретiнiн анықтайтын мамандар жеткiлiктi. Комиссия құрамына енген сол мамандар рұқсат бергеннен кейiн ғана емдеу нысаны бiздiң қарамағымызға өтедi.

– Жұмеке, ғылымнан қол үздiңiз бе?

– Ең бастысы, мен – дәрiгермiн. Емдеу iсiмен айналысамын. Мен «Науқасты емдеп, аяққа тұрғызу үшiн не керек? Жәдел жәрдем уақтылы жету үшiн не iстеу керек? Нақты медицина қандай болуы керек?» деген мәселелерге басымырақ көңiл бөлемiн. Қазақстан Болон конвенциясына кiргендiктен, аспирантура, докторантура жүйесi жойылды. Сондықтан шәкiрттердiң санын көбейту осыған байланысты шектелiп отыр. Бiрақ ғылыми iзденiстерiм тоқтаған жоқ: 80-нен астам мақалаларым, 3 монографиям жарық көрдi, 20 ғылыми жаңалығым бар. Олардың баршасы емдеу процесiне байланысты. Қазiр ұйымдастыру саласында жүрмiн, бұл да тұтастай ғылым деп ұғамын.

Бiздiң оқырмандарымыз Жұмағали Исмаиловты Оңтүстiк Қазақстан облысының бас дәрiгерi ретiнде бiршама таныды ғой деп ойлаймыз. Ендi отбасыңыз туралы айта отырсаңыз.

– Бiздiң шаңырағымыз медицина қызметкерлерiнен тұрады. Жұбайым да – дәрiгер. Кардиолог. Құдайға мың да бiр шүкiр, ұл да, қыз да өсiрiп отырмыз. Бала санын шектемеймiз, Алладан әлi де үмiтiмiз бар. Шымкентте өмiр сүрiп жатқандықтан…

– Демографияға үлес қоса беремiз дейсiз ғой. Оңтүстiкке келiп дос көбейттiңiз бе?

– Сырттан келген адамға бiр жағынан, қиын, бiр жағынан, оңай. Оңай болатыны, мұнда ағайын, жора-жолдастарым жоқ. Ешкiм өтiнiш айтып мазаламайды. Адамдар тек жұмыс барысымен ғана хабарласады. Қиын жағы, қазiр кейбiр басылымдар жазып жүргендей, менi туып-өскен жерiме, ру-жүзiме қарай жiлiктегiсi келедi. Алайда дәрiгерге бәрiбiр: адам баласын нәсiлiне, ұлтына, руына, түсiне қарап алаламайды.

– Бәрiнiң ағзасы бiрдей.

– Әлбетте. Он жетi жасымда Қызылордадан Қарағандыға оқуға кеттiм. Студенттiк шақта Арқадағылар бiздi топтап-топтап «Оңтүстiктiң жiгiттерi» дейтiн. Бiрақ ру-тайпаға бөлiнбеппiз. Денсаулық сақтау министрлiгiнде еңбек етiп жүргенiмде, барлық облысты араладым. Әр аймақтың өзiне тән ерекшелiктерi бар ғой. Қазiр балам балабақшаға барып жүр, тiлi жатық. Осы Оңтүстiктiң диалектiсiмен сөйлейдi. Қазағы қалың орналасқандықтан, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз осында қатты сақталған ғой, сондықтан соған өзiмiз де төселiп қалдық. «Мен – Қазақстан азаматымын. Одан артық маған ештеңе керегi жоқ» дегендi жиi айтамын. Өйткенi республиканың абыройын асқақтату үшiн елдiң атынан дүйiм жұрттың алдына шыққан кездерiм болды. Женевада БҰҰ-ның Балалар құқығы жөнiндегi комитетi бар. Оңтүстiк Корея төрағалық етiп, 2007 жылы 200 мемлекеттiң өкiлдерiнiң қатысуымен осы комитеттiң алқалы жиынында бiз Қазақстан Үкiметi дайындаған есебiн қорғадық. Сол кезде сенiң артыңда бүкiл елiң тұрғанын кәдiмгiдей сезiнесiң. Ол жерде сенiң қай облыстан екенiң, қай руға жататының ешкiмдi қызықтырмайды. Елiмiздiң бүкiл денсаулық сақтау саласына байланысты сұрақтарға мiнберде жауап берiп тұрдым. Бейжiңде ШЫҰ-ның денсаулық сақтау саласы бойынша жиналыс өттi. Мен Қазақстанның атынан бардым. Ол – үлкен жауапкершiлiк. Анадай үлкен деңгейдi көргеннен кейiн, сенiң артыңда бүкiл мемлекетiң, ұлтың тұрғанын сезiнгеннен кейiн қазiр газеттер жазып жатқан нәрселер адамның күлкiсi келетiн, өте ұсақ, майда-шүйделер болып көрiнедi. Әрине, туған жерiңдi, руыңды бiлуiң керек…

– Бiрақ оны ұлтты бiрiктiрушi фактор ретiнде пайдалану керек деген ойдасыз.

– Иә.

– Сiзге бiр кездерi облыстық мәслихаттың депутаттары сенiмсiздiк бiлдiре жаздаған көрiнедi…

– Оның бәрi – алыпқашпа әңгiме. Жай өсек. Депутаттар – халықтың қалаулылары. Денсаулық сақтау саласындағы жетiстiктерде облыстық мәслихат депутаттарының үлесi зор. Өйткенi бiздiң бағдарламаларымызға қаражат бөлiп, бастамаларымызды қолдайтын, iске асырылуына ықпал етiп отырған – депутаттар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқандар

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Ердәулет СҰЛТАН,

Талғат БАЛТАБАЕВ.

 

Сiз не дейсiз?

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ, ҚР Парламентi Сенатының депутаты:

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

ҚР Парламентi

Сенатының депутаты:

 

– Жұмағали Исмаилов, менiң бiлуiмше, сауатты азамат. Денсаулық сақтау басқармасына тағайындалғалы берi, облыс медицинасына көптеген оң өзгерiстер әкелдi. Ана мен бала өлiмi ондаған пайызға азайды. Керек болса, алдыңғы қатарлы Еуропа елдерiмен байланыс орнатып, солардың тәжiрибесiн бiздiң облысқа енгiзiп, жұмысты жүйелi жүргiзiп, бiрталай жемiстi тiрлiктер атқарып жатыр. Өзiнiң жұмысын жете бiледi. Терең бiлiмдi ғалым, жақсы ұйымдастырушы. Рас, ОҚО-да биыл ана өлiмi орын алды, осыған орай сын да айтылуда. Әйткенмен кез келген жағдайда мәселенiң екi ұшы болады ғой… Ал, тұтастай алғанда, Ж.Қазыбайұлы – өз саласын терең игерген, жаңашыл, инновациялық жетiстiктердi Оңтүстiктiң медицинасына енгiзiп жатқан бiлгiр маман. Денсаулық сақтау министрлiгi оның тәжiрибелерiн республика көлемiнде мақұлдап, басқа облыстарға үлгi етiп көрсетуде.

 

Ciз не дейсiз?

 

Келесбек ЖАРТЫБАЕВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:

– Оңтүстiк Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының тiзгiнiн қолға алғалы, өзiн жақсы қырынан көрсетiп жүрген азамат ретiнде мен Жұмағали Исмаиловты қадiрлеймiн. Неге десеңiз, Елбасының жыл сайынғы Жолдауында денсаулық сақтау саласы үнемi бiрiншi орында тұрады. Медицинаға республикалық бюджеттен былтыр 6-7 миллиард теңге бөлiнсе, биыл 14 миллиардтай қаржы аударылып жатыр. Ал, сонша қаражатты әкелу оңай тiрлiк емес. Ақшаның мақсатты түрде қайда жұмсалатынын дәлелдеп, Үкiметтегiлердiң көзiн жеткiзу қажет. Оның үстiне Оңтүстiк Қазақстан – халық саны жөнiнен Қазақстандағы ең үлкен облыс. Соған сәйкес денсаулық сақтау саласының түйткiлдерi де баршылық. Әйтсе де соған қарамастан, медицинаның көшiн алға тартып бара жатқаны менi шын жүректен қуантады. Қазiргi таңда облыстағы медициналық мекемелердiң барлығы заманауи үлгiдегi құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлуде. Мамандардың кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруды жоспарлы түрде жүзеге асыруда. Мiне, осының бәрiн ескере отырып, Жұмағали Қазыбайұылының шығар биiгi әлi бұдан да жоғары болады деп есептеймiн. Рас, соңғы уақытта оның атына алуан-алуан сын айтылып жүр. Алайда сынның айтылғаны, демек, жұмыс iстелiнiп жатқандығын аңғартады. Өзi бiздiң облыс оңай облыс емес қой. Жалпы, iсi тыңғылықты. Елбасыдан бастап тиiстi министрлiктiң ОҚО-ның денсаулық сақтау саласына көңiл бөлуiнде осы азаматтың тiкелей салмағы бар. Ол – мақтан етуге тұрарлық жiгiт.

 

Сiз не дейсiз?

 

Әбiлқасым ДОСБОЛОВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:

– Оңтүстiк Қазақстан – Қазақстандағы ең үлкен облыс. Әлеуметтiк проблемасы да жеткiлiктi. Дегенмен денсаулық саласына соңғы жылдары қаржы аз бөлiнiп жатқан жоқ. Соның нәтижесiнде бiздiң медицинада әжептәуiр iлгерiлеу байқалады. Оның үстiне  Жұмағали Исмаиловтың өзi де – ұйымдастырушылық қабiлетi бар, тiрлiктi ұйқастыра алатын жiгiт. Құдайға шүкiр, қазiр қазынада қаржы қомақты. Ендi соны тек көзiн тауып, мақсатты түрде игерiп, сапалы жұмыс iстеу керек. Халықтың денсаулығын жақсартуға барлық мүмкiндiк бар. Депутат ретiнде мен Ж.Қазыбайұлы аянып қалмайды, денсаулық сақтау саласының тасын өрге домалатады деп сенемiн. «Тiрлiгiнде ешқандай мiн жоқ, бәрiн 100 пайыз орындап жатыр…» деп жер-көкке сыйғызбай мақтамаймын. Әзiрге беталысы көңiл көншiтерлiк. «Сүрiнбейтiн тұяқ жоқ» демекшi, жұмыс iстелiнген жерде кемшiлiк те болатыны даусыз. Қателiк, кемшiлiк дегендер қол қусырып қарап отырған адамда ғана болмайды. Облыс әкiмi – Елбасының осындағы өкiлi, ең сенiмдi адамы. Өз кезегiнде Асқар Мырзахметов те бұл азаматқа сенiм бiлдiрiп, осы қызметке қойып отыр. Облыстың басшысы сенiм артқан соң, бiз де сенемiз.