ӘКIМДЕР «СЫНАҚ» ТАПСЫРДЫ. ҚАЙСЫСЫНЫҢ ҚҰЛАРЫ БЕЛГIСIЗ

398
0

Биылғы алты айдың қорытындысы   бойынша аудан, қала әкiмдердi өздерiнiң атқарған жұмыстары жөнiнде облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың алдында есеп     берiп жатыр. Сынаққа жақсы дайындықпен келгендерi де, «тәуекел түбi -желқайық, өтесiң де кетесiң» деген үмiтпен  жеткендерi де баршылық. Биылғы   сынақтың бiр ерекшелiгi, жылдағыдай  дайын есептi оқып беру немесе қойылған сұрақтарға атүстi жауап беру жоқ.  Есеп беру жиынына басқарма басшылары,     облыс әкiмi аппаратының төрт көзi       түгел жиналып, сынақ тапсырушыларды жан-жақты қаумалады.

Газетiмiздiң алдыңғы сандарының бiрiнде мемлекет қаржысын оңды-солды шашып, аудандық әкiмдiк ғимаратын күрделi жөндеуден өткiзуге мол қаржы жұмсаған Мақтарал ауданының әкiмi Серiк Тұрбеков жайлы «Тұрбековке «тәйт» дейтiн кiм бар?» деген шағын сын мақала жариялағанбыз. Сөйтсек, сынақта Секеңнiң мұнан басқа да айыптары ашылып қалғанға ұқсайды. Мәселен, аудан  400 миллион теңге жалақы үшiн қарыз екен. Бюджеттiң жалақыға деп бөлген  қаржысы басқа мақсаттарға жұмсалып кетiптi. Мұны С.Тұрбековтың өзi де мойындап, жалақының ақшасы жастар орталығын ашуға жұмсалғанын айтып, ақталғансыды. Сонда Тұрбековтың ойынша: «өзгелер өмiрем қалсын, тек өзi жақсы көрiнсе болғаны ма?».

Райымбек Жолдас басқарып отырған Бәйдiбек ауданы, Сарыбұлақ ауылынан шыққан шудың облыстан тысқары Астанаға дейiн жеткенi, мәселенi шешiп, жүйелi сөз айтуға жарамаған аудан әкiмi жөнiнде де аз қаузаған жоқпыз. Мұнымызға «мәу» деген тiрi пенде болмаса да, облыс әкiмiнiң алдында өткiзген есебiнде Райымбек Жолдас жүрiсiнен жаңыла бердi. Бәйдiбекте бәрi бақуат тұра ма, биылдықта бұл ауданнан бiрде-бiр несие алу жөнiнде өтiнiш түспептi. Бұдан алдын ауданнан МТС ашамыз деп алашапқын болып жүрген Р.Жолдас ендi келiп «бұл туралы әлi нақты шешiмге келгенiмiз жоқ»,- деп жалтарады.

Облыстағы игерiлмей жатқан суармалы жердiң 16 пайызы да осы ауданға тиесiлi. «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ауданнан бiрде-бiр жоба енгiзiлмегенi былай тұрсын, қаралып жатқаны да жоқ болып шықты. Ауызсудың зары да — бұл аудандағы басты проблемалардың бiрi. Қаржы жоқ емес, бар. Бiрақ игеруге мүмкiндiк жоқ. Сонда Райымбек Жолдас Елбасы саясатына қарсы ма, әлде қолынан iс келмейдi ме?

Арыстың әкiмi Қанат Сыдықов жөнiнде, оның қалалық бiлiм бөлiмiне басшы тағайындау тұрғысындағы түсiнiксiз тiрлiгi, тiптен конкурстық комиссияға төрағалық еткенi жөнiнде «Уақыт» газетi жазудай-ақ жазды. Сөйтсек, Қанат Сыдықов осындай тiрлiктермен шұғылданып жүргенде құзiретiне кiретiн шаруаларын шатқаяқтатып алғанға ұқсайды. Бiз облыста халықты сапалы ауызсумен толық қамтыдық деп бөркiмiздi аспанға атып жүрсек, Арыс қаласының әкiмi «бiзде ауызсуды әлi күнге тасымалдап iшетiн ауыл бар» деп жүзiмiздi жерге қаратты. Бұл-бұл ма, мұнда кәсiпкерлiк мақсатқа бөлiнген 12 гектар жер бос жатыр. Сөзiмiз жалаң болмасын, 1 гектары пайдаланылған. «Бизнестiң жол картасы–2020» бағдарламасы негiзiнде 12 жобаның бiреуi ғана мақұлданған. Несие беру атымен жоқ Арыс, айтсын-айтпасын, облыс рейтингсiн төмендетiп жүрген аймақтың бiрi.

Жалпы, сынақ қай әкiмге болса да, оңайға соққан жоқ. Рас, атқарылған ауқымды жұмыстар бар, әрекетсiз отырған әкiмдердi көрмедiк. Әйтсе де, жайбарақаттыққа салынып жүргендерi жайында аз-кем айтып өттiк. «Әкiм бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы олардың бiлмеулерi мүмкiн емес. Бiз осы сөздi қаперлерiне тағы бiр салып қоюды жөн көрдiк. Әкiмдердiң алты айдың қорытынды есебi жөнiнде алдағы санымызда толық қамтуға тырысамыз.

 «Уақыттың» шолушысы.