«АУЫЛДАСТАРЫМА РИЗАМЫН. ҚАШАНДА ҚОЛДАУҒА ӘЗIР ТҰРАДЫ»

745
0
  • Алымжан НЫШАНҚҰЛОВ, Қарабұлақ ауылдық округiнiң әкiмi

    Қазақстандағы ең үлкен елдi мекендердiң бiрi – Қарабұлақ. Халқының саны – 45000-ға жуық. Жер көлемi – 11134 гектар. Облыс орталығынан – 45, аудан орталығынан – 1 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Халықтың негiзгi айналысатыны – ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы. 4 денсаулық сақтау, 12 бiлiм беру мекемесi, 5 өндiрiстiк кооператив, 4 жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк, 1320 шаруа қожалығы бар ауылда 11 ұлттың өкiлi тұрады. Бiр ауданға пара-пар ауылдық округтi басқару да оңай емес. Әкiмдiк қызметке келгелi 2,5 жыл уақыт өткiзген Алымжан Нышанқұлов «Уақыт» газетiне сұхбат беруге уақыт тауып, бiздiң қойған сауалдарымызға тиянақты жауап беруге тырысты.

— Алымжан Райымқұлұлы, есiмiңiз елге елеусiздеу кезде әкiмдiк қызметке келдiңiз. Сiз кiмсiз және қайда жүрген едiңiз?

— Осында туып-өстiм. Орта мектептен соң Германияда әскери борышымды өтедiм. Еңбек жолымды шаруашылықта қарапайым жұмысшы болып бастаған соң, 1 жылдық есепшiлiк курсты бiтiрiп алдым. Бiрнеше жыл түрлi салада есепшi бола жүрiп, Ташкенттегi жоғары оқу орнына түстiм. Арыс ауылдық округiнде менеджер, 10 жылдай «Рабочий» өндiрiстiк кооперативiнде төраға болып еңбек еттiм. Жасым 44-те, 3 ұл, 1 қызға әкемiн.

— Әкiмдiк қызмет – жауапты мiндет. Көңiлiңiзде қобалжу, «Көпшiлiктiң сенiмiнен шыға аламын ба?» деген сенiмсiздiк немесе «бекер келдiм-ау!» дегендей екiұдай сезiм болды ма?

— Несiн жасырайын, бәрi де болды. Бiрақ менде нақты мақсат, жүйелi жоспар болғандықтан, аса жүрексiне де қоймадым. Оның үстiне, ауылдық округтiң негiзгi айналысатын тiршiлiгi – ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы. Бұл екi сала да маған жақсы таныс, әжептәуiр тәжiрибем бар. Сонан кейiн, ауылдастарыма ризамын, олар менi қашанда қолдауға әзiр тұрды.

Алғашқы қарқыныңыз жаман емес. 40 жылдан берi Қарабұлаққа табиғи газ құбырын тарту жөнiндегi халық тiлегiнiң орындалуына сiз ұйытқы болдыңыз. Және ауылдың бас жоспарына өзгерiс енгiзу туралы бастама көтерiпсiз…

— Рас, аудан орталығына тиiп тұрған әрi 40 мыңнан аса тұрғыны бар ауылда  табиғи газдың жоқтығы түсiнiксiздеу тiрлiк-тұғын. Аудан әкiмi Уәлихан Қайназаровқа ұсыныспен шығып жүрiп, көптен бергi арманға қол жеткiзгендей болдық. Ауыл округi тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 230,0 миллион 883,00 мың теңге бөлiнiп, газ құбырларын жатқызу жұмыстары толық аяқталып, шеткi аймақ тұрғындары табиғи газды тұтына бастады. 2014 жылы барлық тұрғындар «көгiлдiр отынға» қол жеткiзетiн болады.

Ал, бас жоспарға келсек, тек орталыққа ғана өзгерiстер жасалды. Күннен-күнге орталық тарылып, жан-жақтан көптеген сауда нысандарының салына бастауы көлiк қозғалысы мен жаяу жүргiншiлерге қиындық туғызды. Ойласа келе, бiрқатар сауда нүктелерi бұзылды немесе көшiрiлдi. Заман талабына сай жаңа нысандар бой көтердi. Үлкен жол әжептәуiр кеңейдi, бағдаршам орнатылды, сауда жасаушыларға талап та, тәртiп те күшейдi.

— Жақында Сайрам ауданы 4 ауылдық округiнiң бiрнеше мұғалiмдерi, мектеп директорлары, кооператив төрағалары Түркияға сапар шегiп келдi деп естiдiк. Араларында сiз де бар көрiнесiз. Сапар барысының мақсаты не едi?

— Қазiр шет мемлекеттермен әрiптестiк негiзде байланыс орнатып, тәжiрибе алмасып отырмасақ болмайды. Бұл сапардың мақсаты – бiлiм саласына қатысты тың iзденiстер, әлемдiк тәжiрибелердi үйрену, қолданысқа енгiзу. Салыстырмалы түрде түрiктердiң оқу бағдарламаларына қанығу едi. Түркия сапарының ұйымдастырушысы мен демеушiсi облыстық мәслихаттың депутаты, меценат Бадриддин Нышанқұлов болды. Алдағы кезде 70 оқушыны Түркияға апару жоспары бар. Ұл-қыздарымыздың бiлiмдi ұрпақ болып қалыптасып, Қазақстанның өсiп–өркендеуi жолында қызмет еткендерiн мақсат тұтқандықтан, мұндай игiлiктi iстердiң  жалғасын таба беретiндiгiне шәк келтiрмеймiн.

Сонымен қатар, Түркияға «Қарабұлақ» СТК-ның төрағасы Әлiшер Сыдығалиев та барып, ондағы әрiптестерiмен екiжақты келiсiмге қол жеткiзiп қайтты. Түрiк ағайындар Қарабұлақтан iрi терi өңдейтiн цех ашып, қажеттi құрал-жабдықтарды жеткiзiп беруге уәде еттi. Жылдың аяғына дейiн цех iске қосылып, 70 адам жұмыспен қамтылатын болады. «Қарабұлақ» СТК-ында бүгiнде аймақта жоқ мал сою цехы бар. Алматы, Қызылорда, Байқоңыр және өзге аймақтардан бөлек, Татарстаннан етке тапсырыстар түсiп жатады. Бiр күнде 2000 басқа дейiн қой сойылатын күндер болады. Сойылған  мал терiлерi ендi өздерiнде өңделiп, Түркияға жөнелтiлетiн күн де алыс емес. Санитарлық талап жоғары болғандықтан, сұраныс та көп.

— Мал демекшi,  Қарабұлақта мал өсiрмейтiн жан кемде-кем. Қолдарыңызда нақты қанша мал басы бар?

— Жалпы 32578 – мүйiздi iрi қара, 5776 – жылқы, 53359 – қой-ешкi бар дегенiмiзбен, бұл нақты емес дерек. Халықтың қолында мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкiн. Себебi, 2011 жылғы есеп бойынша мүйiздi iрi қара саны – 62500 болатын. Мұнан бөлек, құс асырайтын жеке кәсiпкерлерiмiз тағы бар. Қарабұлақ – еттiң отаны деп бекер айтылмаған. Әр күнi жүздеген тонна ет елiмiздiң әр торабына жөнелтiлiп жатса, бағаны тұрақтандыру мақсатында облыс орталығындағы «Қырғы» және «Айна» базарларына да арзан бағада ет пен ет өнiмдерi тұрақты түрде жiберiлiп тұрады.

— Қарабұлақтың халқы еңбекқор екенiн бiлемiз. Мал басын арттырып, ауыл шаруашылығын дамытып отырған ауылдастарыңыздың шешiлмей жатқан проблемалары да бар болар?

— Проблема кез келген ауылда бар. Әйтсе де, қол қусырып қарап отырған бiз жоқ. Мәселен, жұмыссыздық. Мұны шешу үшiн «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын басшылыққа аламыз. Үстiмiздегi жылы осы бағдарлама негiзiнде өндiрiстiк кооперативтер мен шаруа қожалықтарына 71 адам жұмысқа орналасты. Өткен жылы 28 адамды тегiн оқуға жiберсек, биыл 15 адам арнайы курстан өтiп, мамандық алғалы отыр. «Шаруамды дөңгелетемiн, маған несие бер» деген қолдауға зәру азаматтарға 123 миллион теңге көлемiнде несие беру жоспарлануда. Жеке кәсiпкерлiкпен шұғылданамын деушiлерге ешқандай тосқауыл жоқ, барынша қолдауға тырысамыз.

Ағын су да бiраз қолбайлау болушы едi, республикалық бюджеттен 92 миллион теңгедей қаржы бөлiнiп, шаруа қожалықтарын үздiксiз ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында 15 шақырымдық «Күлтөбе» және 19 шақырымдық «Закира» каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргiзiлдi. Елдiмекендi жарықтандыру, көгалдандыру, ауызсумен қамту мәселелерi толық шешiлдi.

— Халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалуы қалай?

— Бұл — бiздiң назарымыздағы бiрiншi мәселе. Елбасының басты тапсырмаларының бiрi – кедейшiлiк пен жұмыссыздықты жою, халықтың тұрмыс деңгейiн көтеру болып табылады. Ұлы Отан, Ауған соғысының арадагерлерi, Батыр аналар, мүмкiндiгi шектеулi азаматтар, тыл ардагерлерi, жетiм-жесiрлерге үнемi қолдау көрсетiп, демалыс орындарында, шипажайларда демалып әрi ем қабылдап қайтуларына, мүгедектiк қоларбамен қамтамасыз етуге, тегiн жем-шөп, азық-түлiк таратуға кәсiпкерлер көп үлес қосып келедi. Әрбiр атаулы күн, мереке күндерi мiндеттi түрде дастархан жайылып, сый-сияпаттар жасалады.

«Науаи» өндiрiстiк кооперативiнiң төрағасы Мұратжан Юлдашев жайлы аз-кем тоқтала кетейiн. Бұл азаматтың қарамағында 92 жұмысшы бар. Шаруашылыққа тиесiлi 830 гектар жерге бидай, мақсары, көкөнiс, бау, бақшалық дақылдар, мал азығындық көпжылдық шөптер өсiрiледi. Жалақы, салық түсiмдерiне ешбiр қарызы жоқ осы кооперативтiң жұмысшыларымен қоса, еңбек ардагерлерi, көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар шаруашылық есебiнен тегiн шөп, бидай, мақсары алып отырады. Зәру топтағыларға 50 пайыз жеңiлдiкпен берiледi. Ш.Сайтенов, Ф.Халықұлов, Х.Парпиев, А.Хасанов, А.Ахметов, Е.Ергешов сынды жеке кәсiпкерлер бiздiң тұрақты демеушiлерiмiз. Елдiң оларға деген ықылас, пейiлдерi де жоғары.

— Сынды қалай қабылдайсыз?

— Сын болмаса, қоғамымыздың дамуы екiталай. Сын орынды айтылса, тиiстi шешiм қабылдау керек. Өткенде сiздердiң «Уақыт» газеттерiңiз бiздiң округке қатысты әжептеуiр сын айтты. Егер сiздер айтпасаңыздар, ол мәселелерге бiз атүстi қарар едiк. Дереу қорытынды шығардық. Бiзге елеусiз көрiнгенмен, сырт көз қашанда сыншы екенi рас. Өз басым «Сын түзелмей, мiн түзелмейдi» қағидасын ұстанамын.

— Мемлекеттiк тiлде жақсы сөйлеуiңiзге қарағанда мен сiздi қазақ мектебiнде оқыған болар деп ойлап отырмын. Қателеспеген болармын?

— Жоқ, мен өзбек мектебiн бiтiргенмiн. Қазақстанда тұрып жатқан кез-келген ұлт өкiлi мемлекеттi, оның ұлттық рәмiздерiн қастер тұтуымен қатар тiлiн, салт-дәстүрiн, ортасын сыйлай бiлуi керек. Менiң достарымның көбiсi қазақ ұлтынан, олармен жиi араласамын, мемлекеттiк тiлдегi басылымдарды көбiрек оқимын, осы тiлдегi хабарларды көремiн. Жалғыз мен емес, қарабұлақтықтардың 100 пайызы қазақ тiлiнде еркiн сөйлейдi десем, сенбейтiн боларсыз.

— Негiзгi ұстанымыңыз…

— Атақтың құлы болмай, елдiң ұлы болып, ел үшiн еңбек ету. Менде болғанша, елде болғанын жөн көремiн.

— Ашық әңгiмеңiз үшiн алғысымызды айта отырып, Қарабұлақтың қарыштай өрге басуы жолындағы еңбегiңiзге сәттiлiк  тiлеймiз.

— Рахмет!

 

Сұхбаттасқан Асхат СҰЛТАНОВ.

Сайрам ауданы, ОҚО.