ШАТАСПАУЛАРЫҢЫЗДЫ СҰРАНАМЫЗ

 Бүгiнгiдей нарық заманында бiреудiң «қорасына» кiрiп, бетiне қарап отырған бес теңгесiн алудың өзi күнә екенiн бiлемiз. Сондықтан «өз қотырымызды өзiмiз қасып», Құдайдың берген несiбесiне тәубе етiп отырған жайымыз бар.

Айтайын дегенiмiз, соңғы кезде Шымкенттен бiздiң газетпен аттас тағы бiр басылым жарық көрiп, көпшiлiк жиi шатастырып жүрген көрiнедi. Рас, ол басылымның атауы — «Уақыт талабы». Десе де, «Уақыт» пен «Уақыт талабын» бiр газет деп есептейтiндердiң өздерi де шатасып, бiздi де шатастырып, бiрқатар қиындықтар туындатуда. Мәселен, кешегi жазылым кезiнде Ордабасы ауданының «Уақыт» газетiне жазылған 459 тұрғыны шатасып, «Уақыт талабының» оқырманы болып кете жаздады. Мұны дер кезiнде анықтап, тоқтау салғанымызбен, ұтылған бiз болдық. Себебi, бiздiң жазылым бағамыз «Уақыт талабының» деңгейiнен жоғары, әрi бiр айлық қаржы сол газеттiң есепшотына аударылып та қойылғанға ұқсайды.

Сондықтан, көзi қарақты кез келген оқырманнан «Уақыт» газетi мен «Уақыт талабын» шатастырып алмауларын сұранамыз.

 Редакция.