«ЕЛ ҮШIН ЕҢБЕК ЕТКЕНГЕ НЕ ЖЕТСIН!»

375
0

Халықтан алған алғыстан асқан қандай байлық болуы мүмкiн?! Адамға берiлген қысқа ғұмырда мейлi сен шiрiген бай бол, мейлi күнiңдi көре алай жүрген кембағал бол, қара бастың қамын күйттемей, не көрсең де елмен бiрге көрудi, барыңды басқалармен бөлiсудi мұрат тұтқайсың. Мұны бiреулер түсiнедi, ендi бiрi тапқанын тақымына басып, елдiң үстiнен көрген пайдасын өзi көрмейдi, өзгеге де татырмайды.

 

Бiздiң әңгiмемiзге арқау еткелi отырған кейiпкерiмiздiң жөнi бөлек. Жүзiнен жылылықтың жiбi ескен, әрбiр айтар сөзiн сабырмен, салмақпен бастайтын осы бiр азаматтың бойынан өзгелерде кездесе бермейтiн бiр қасиеттiң бары анық. Тұйықтығына балайын десең, келiңкiремейдi. Кейде ашық-жарқын мiнезiмен бәрiн баурап алады. Қатал дейiн десең, еңбектеген баладан еңкейген кәрiге дейiн «сiз» деп сызылып тұрған жұмсақтығын көргенде, бұл ойыңнан әп-сәтте айнисың. Демек, Қамбар Мәдиевтегi қасиет – атадан балаға жұғысты болған, ерге тән – тәртiп пен талап, адал еңбек пен ерiнбей iздену деп бiлейiк. Ең бастысы, ел үшiн еңбек етсем деген ниетi барын баса айтқанымыз жөн. Мұны оқырман қауым ол кiсi жайлы жазған азды-көптi еңбегiмiздi оқып, бiлiп, танысқан соң бағасын бере жатар деген ойдамыз.

Кеңес одағы орнап тұрған кездегi кез келген бала қиялшыл, арманшыл едi ғой. Мұндайда ұстаздар да жиi-жиi сұрақтың астына алып: «Өскенде кiм боласың?» деуден танбайтын. Бүгiнде асқаралы алпыс деген жасқа бет бұрып отырған сол кездегi бала Қамбарда да қиял көп болатын. Қазiргiдей  соттың, прокурордың немесе заңгердiң оқуына түсушiлер ол кезде некен-саяқ болатын. Себебi ол заманның аса мәртебелi мамандық иелерi болып құрылысшылар, шопандар, механизаторлар есептелетiн. Құрмет те, атақ-абырой да солардың еншiсiнде едi. Бала Қамбарға құрылысшылардың зәулiм де, биiк үйлердi тұрғызатыны, мойындары сорайған алып көтергiш крандардың қимыл-қозғалысы, неше түрлi ауыр жүктердi бұйым құрлы көтермей, тиiстi жерiне жеткiзетiнi қатты ұнайтын. Қиялына қанат байлап өскен бала ақыры осы мамандықтың иесi атанып, қайнаған тiрлiктiң бел ортасынан бiр-ақ шықты. Бұл 1975-шi жылдары болатын. Өзiнiң ұнатқан мамандығының қиындығы мен қызығын бiр кiсiдей татқан соң Қамбар ағаның ысылған кезiн, толықсып, тәжiрибе жинаған кездерiн кейiнге шегере тұрып, елiмiз тәуелсiздiк алғаннан соңғы iс-әрекетiн, қалай серiктестiк құрғанын, елге жасаған жақсылығын айтып өтудi жөн көрдiк.

Рас, қандайда бiр iстi бастағанда түрлi кедергiлер мен қиындықтардың кездесетiнi анық. Адам оны жеңе бiлсе ғана iсi алға жылжып, қиындықтың соңы қуанышқа ұласып жататыны анық. Қамбар аға «ЮКАЗ–құрылыс» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiн құрғанда дәл осылай болып едi. Ұйқысыз өткен күндер артта қалды. 1996 жыл – елiмiзде әлi де қиындықтар жүрiп жатқан, аса бiр алмағайып кезең едi ғой. Жылдап жалақы алмағаннан бөлек, халықты жұмыссыздық пен қымбатшылық алқымнан бiр алса, жылу, жарық мәселелерi де аз толғандырмайтын. Ол кездегi құрылыстың қарқыны қаншалықты дәрежеде екенiн екiнiң бiрi бiлетiн. Дәл осындай ауыр кезеңде кәсiпкерлiктi дамыту, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамту, құрылыс саласына басымдық беру сияқты мемлекеттiк бағдарламалар өмiрге келiп, Үкiметiмiз бұл бағытта жұмыс жүргiзуге жергiлiктi жерлердегi билiк өкiлдерiне нақты тапсырмалар жүктеген-дi. Соның бiрi – «Тұрғын үй» бағдарламасы. Ал 2002 жылдары бюджеттен уақтылы қаржы бөлiнбей серiктестiктiң тағы бiр әбiгерге түскенi бар. Уақыт өте келе Қамбар аға ауырлық бiткеннiң бәрiн еңсерiп, өзi құрған құрылыс мекемесiнiң тасы өрге домалауына барын да, жанын да салды.

2007 жыл болса керек, «КазАтомпром» жарияланған тендерге қатысып, Отырар ауданы, Темiр ауылынан салынбақ 200 орындық мектеп құрылысын жүргiзуге жеңiмпаз атанған «ЮКАЗ–құрылыс» ЖШС-i белгiленген межеден бұрын нысанды пайдалануға бергенi бар. Осыдан соң-ақ серiктестiктiң аты да, атағы да қалың елге жайылып, оның iсмер құрылысшыларына, сапалы жұмыстарына тапсырыс берушiлер көбейдi. Осы аудандағы Қожатоғай ауылына ауызсу құбырларын тартып, тұрғандарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге септiгiн тигiзген де — осы серiктестiк. Мұнан кейiн Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғаннан спорттық кешен құрылысын жүргiзiп, шалғайдағы ауыл жастарының салауатты өмiр салтын ұстануға, спортты серiк етулерiне септiктерiн тигiзген серiктестiктiң басшысы Қамбар Мәдиевке деген көптiң iлтипаты, айтар алғыстары еселене түстi.

Елбасы Н.Назарбаевтың өзi көрiп, лайықты бағасын берген Шымкенттегi «Нұрсәт» мөлтекауданының бүгiнгi көрiнiсi кiм-кiмдi де тамсандырары анық. Мұндағы соңғы үлгiмен салынған бес қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтiк нысандар, әсем көшелер қаланың көркiне көрiк қоса түскендей. Осы мөлтекауданның аз ғана мерзiмде бой көтерiп, елдiң игiлiгiне берiлуi жолында «ЮКАЗ-құрылыс» ЖШС-нiң де өзiндiк қолтаңбасы қалды, талай жылдардан берi баспанаға жете алмай жүрген жандардың алғыстарына бөлендi. Халқымызда айтылатын «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы да, баталы сөзi бiздiң кейiпкерге де қатысы бардай. Олай деуiмiзге себеп, Қамбар Мәдиев iскер басшы, тәжiрибелi құрылысшы ғана емес, ата-баба дәстүрiне берiк, ұлтжанды азамат екендiгiн сөзiмен де, iсiмен де дәлелдей бiлуiнде. Мәселен, Шымкент қаласында Майлықожаның ескерткiшi ашылғанын екiнiң бiрi бiледi. Бiрақ оған ұйытқы болып, қаржылай демеушiлiк жасаған жанның кiм екенiн бiле бермеулерi мүмкiн. Рас, ұлт тұлғасының ескерткiшiн ашуды кезiнде Манап Өтебаев ағамыз көтерiп, өзi ұйытқы болғаны бар. Өкiнiштiсi сол, ағамыз ойға алған игi iсiн аяғына дейiн жеткiзе алмай, бақилық болып кеткен соң бұл бастама бiраз тоқтап қалғаны бар. Сонда ғой, Манап ағаның аяқтай алмай кеткен баянды бастамасын Қамбар Мәдиев өзi қолға алып, аяғына дейiн жеткiзгенi. Бүгiнгi жастардың бойына ұлттық рух қалыптастырып, тарихы мен мәдениетiн, өнерiн танытуға бiлек сыбана кiрiскен Қамбар ағаның бұл әрекетi өзге замандастарына ой салып, сол кiсiден үлгi алуға ықылас, пейiл танытып жатса, қанеки! Әйтсе де, ондайлардың некен-саяқ екенi қарын аштырады.

Тағы да аталы сөзге жүгiнелiк. Халқымызда айтылатын: «Алтын алма, алғыс ал» деген мәнi де, мағынасы да салмақты  сөздiң астарына үңiлiп көрсек, мұнда да елдiң қамын күйттеп, жоғын түгендеп жүрген азаматқа берiлер баға жатқандай. Зәулiм ғимарат емес, кепе салсаң да кеңесiп, талапқа сай салмасаң, онда сенiң «құрылысшымын» деп кеуде керуiңнiң құны көк тиын. Бiрiншiден өзiңдi, екiншiден халықты алдап, алаяқтығың үшiн көпшiлiктен алғыс емес, қарғыс алуың оп-оңай. Қамбар Мәдиевтiң бiр қасиетi, егер тендердiң қойып отырған талабына көңiлi толмаса, бiрден бас тартуға бар. Жоғарыда айтқанымыздай, өзiн де, өзгенi де алдағысы келмейдi. Не iстесе де сапалы, көптiң талабынан да, талғамынан да шығуға тырысатындығынан әзiрге пайда көрмесе, зиян шеге қойған жоқ.

Мемлекетiмiздiң «Тұрғын үй», «100 мектеп, 100 аурухана», «Қолжетiмдi баспана» бағдарламалары аясында қазiргi таңда елiмiзде ауқымды жұмыстар жүзеге асып, қарқын алған құрылыстар саны күрт артты. Осыдан 10 жыл бұрынғы көрiнiс пен бүгiнгi тiрлiктi салыстырып көрер болсақ, арасы жер мен көктей. Облыс, аудан орталықтары ғана емес, шалғай ауылдардың өзiнен ашылып жатқан әсем де, зәулiм мектеп, балабақша, ауруханаларда есеп жоқ. Олардың басы-қастарында құрыш қолды құрылысшылар жүр. Әрине, араларында Қамбар Мәдиев басқаратын құрылыс компаниясы да бар. Олардың басты мақсаты – халыққа жайлы баспана салу, денсаулықтарын түзетуге жағдай  жасау, ел тiзгiнiн ұстар ертеңгi ұрпақтың бiлiмдi дi, бiлiктi маман болып қалыптасуларына атсалысу.

Отырардың тумасы, Қожатоғайдың шаңын қағып өскен қағiлез бала бүгiнде құрылыс компаниясының басшысы ғана емес, ұл-қыз өрбiтiп, немерелерге ата атанып отырған ұлағатты отағасы. Қамбар Мәдиев жайлы айтарымыз да, жазарымыз да көп едi. Санасы сергек, көкiрегi ояу осы азамат жөнiнде оның әрiптестерiнен, жанында жүрген жора-жолдастарынан пiкiр сұрағанымызда, бәрi бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай: «Қалекеңдi айтасыз ба, ол — жiгiттiң сұлтаны,  елдiң ерi ғой. Жанында жүрiп оның ашуланғанын, кiсiмсiп ақыл айтқанын, менменсiген пиғылын байқамаппыз. Азамат қой ол»,- дейдi. Иә, азамат атын ардақтап жүрген азаматқа бiздiң де айтарымыз: «Шығар тауыңыз биiк болсын!».

Ердәулет  ТҰРАПБЕКҰЛЫ.