«ЖҰМЫСЫ ЖОҚТЫҚ, ТАМАҒЫ ТОҚТЫҚ…»

349
0

Бәрi де өрiмдей жiгiттер. Тепсе темiр үзетiн-ақ кездерi. Төлеби ауданының тұрғындары. Орта мектептi аяқтаған соң ауылда қалып, не оқу жоқ, не жұмыс жоқ, көше кезуден қолдары босамады. Жастары 23-24-те болса да, төртеуiнiң ешқайсысы үйленбеген. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай айтып өткендей, Ербол, Жәнiбек, Данияр, Берiк есiмдi бұл жiгiттер шынында да аяқтарын қайдан басарларын бiлмей, ақырында қылмыс жасауға дейiн барды.

Төрт достың бастары қосылса, спирттi iшiмдiк iшуге себеп табыла кететiн. Үстiмiздегi жылғы қаңтардың 22-i күнi Данияр, Берiк, Ербол және Жәнiбек өзара бастарының қосылғанын атап өту үшiн екi шөлмек арақ iшiледi. Iшке түскен әзәзiл арақтың уыты жандарын жай таптырмаған соң олар ендi сыра iшпекке Шымкенттегi «Ақ жол» дәмханасына келедi. Мұндағы көңiлдi отырыс қыза түсiп, жiгiттердiң желiкпе көңiлдерi көкке шарлаған кезде қарсы столда iшiп отырған бейтаныс жiгiттер бұларға көзтүрткi болды.

Ақыры шыдай алмаған Берiк үш жiгiттiң бiрiн шақырып, өздерiне 7 бокал сыра әкелулерiн тапсырады. Жәбiрленушiнiң бiрi мұндай ұсыныстан бас тартқаны сол, екi топтың арасында төбелес басталып кеттi. Нәтижесiнде, жәбiрленушiлер Қоянбаевтың 6000 теңгесi мен құны 7000 теңгелiк ұялы телефонын, Алтаевтың 15000 теңгесiн, құны 15000 теңгелiн ұялы телефонын, Байбөриевтiң құны 15000 теңгелiк ұялы телефонын тартып алған төлебилiк төрт жiгiт қарсыластарына қол жұмсап, оларға дене жарақаттарын да салады. Бiрақ, оқиға орнына шұғыл жеткен құқық қорғаушылар оларды құрықтап үлгердi.

Сот отырысында айыпкерлер жасаған iстерiне қатты өкiнетiндiктерiн, жәбiрленушiлерден кешiрiм сұрап, барлық шығындарын өтегендерiн, алдағы кезде мұндай оқиға қайталанбайтынын, өздерiнiң әлi жас екендiктерiн, аса ауыр жазаға тартпауларын айтқан.

Өрiмдей жастардың ойланбай жасаған әрекеттерiнiң соңы осылай болды. Ербол 3 жыл мерзiмге шартты түрде сотты болса, өзге серiктерi де дәл осындай жазаға тартылып, сот залынан босатылды. Бұл оларға ащы сабақ болуы тиiс.

Берiк КӘРIМ,

Шымкент қаласы,

Еңбекшi аудандық

 сотының судьясы.