«БЕКЖАН» БАЗАРЫНЫҢ КҮЛIН КӨККЕ ҰШЫРҒАН ОҚЫС ОҚИҒАҒА ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

306
1

 

Төреайым СҰЛТАНОВА, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– «Бекжаннан» шыққан өрттiң себебiн анықтап, жiтi тексеру қажет. «Халық айтса, қалып айтпайды» ғой: «Бұл – қастандық. Базар iшiнде төрт жерден қасақана от қойылған. Соның алдында ғана бiраз тауарларды жүк автокөлiгiмен алып кетiптi…» деген әңгiмелер ел арасын кезiп жүр. Қаншама халық жылап-еңiреп қалды. Көпшiлiгi үй-жайын банкке кепiлдiкке қойып, 10-15 миллион теңге көлемiнде несие алған екен. Бәрiнiң бала-шағасы бар. Сол базардан маңдай терiмен нәпақасын тауып отыр едi. Осы оқыс оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлдерi, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, т.б. енгiзiлдi. Аталмыш комиссия шама-шарқынша жұмыс iстеуде. Бастапқыда базар құрылтайшысы тарапынан, кейiнiрек қайырымдылық қоры құрылып, соған түскен қаражат есебiнен саудагерлерге 200-300 мың теңге көлемiнде жәрдем берiлiп жатыр. Ол не болады? Жыртыққа жамау бола ала ма? Менiң ойымша, «екi түйе сүйкенсе, ортасындағы шыбын өледiнiң» керi келiп тұрған секiлдi. Өйткенi базар құрылтайшысы Әмiрхан Шүменов журналистерге берген сұхбатында «Мұны қастандық деп есептеймiн. Және оны кiмнiң ұйымдастырғанын да iшiп сезiп тұр…» деп қалды. Қалай болғанда да, Құдайдан қорқу керек. Егер шындығында да қасақана жасалған тiрлiк болса, Қасиеттi Рамазан айында қалың бұқараны ұлардай шулатып, зар еңiрету – үлкен күнә. «Бекжанның» күлi көкке ұшқанын естiген алғашқы сәтте қаумалаған халықты көрiп, көзiме кәдiмгiдей жас үйiрiлдi. «Жол азабы – көр азабы» демекшi, сонау Қырғызстаннан, Қытайдан күн-түн демей арқаланып, дорбаланып тауар тасыған әйелдердiң шырылдағанын көргенде, жүрегiм қатты ауырды. Халқымыздың басым бөлiгiнiң қағанағы қарық, сағанағы сарық деп айта алмаймын. Елдi дүрлiктiрген оқиғаның соңы жақсы болу үшiн нағыз кiнәлiлердi тауып, жазалау керек. Орындаған адамды емес, тасада тұрып тапсырма берген адамды табу қажет. Аяқсыз қалдыруға болмайды.

Жалпы, «Бекжан» типтiк үлгiдегi базар саналады. Өкiнiшке қарай, сондай сауда орнында өрт сөндiру гидранттары болмаған. Кенеттен тұтанған тiлсiз жаудың едел-жедел алдын алатын бiрде-бiр жағдай жасалмағаны қынжылтады. Сонда өртке қарсы қызмет пен төтенше жағдайлар жөнiндегi органдар, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармалары сияқты жауапты органдар қайда қарап отыр?

Нұриддин ЖАРБОЛОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Базар арқылы күн көрiп отырған халыққа өте обал болды. Төтенше жағдайдың алдын алуға болар едi ғой. Ол үшiн заң талаптарын қатаң сақтау қажет. Мысалы, норматив бойынша өрт сөндiргiш көлiктер кiретiн арнайы жолақ болуы керек. «Мақұл, базардың иесi ақшаның соңына түсiп кетсiн делiк. Ал, заң талаптарының орындалуы мен қауiпсiздiктiң сақталуын қадағалайтын органдар қайда қараған?» деген ой туады. Осы мәселе қалалық мәслихаттың келесi сессиясының күн тәртiбiне шығарылса, мiндеттi түрде өз пiкiрiмдi бiлдiремiн. Болары болып, бояуы сiңгеннен кейiн алыпқашпа әңгiме гу-гу етедi. «Несiн айтасың, бiреу жағып кетiптi…» дейдi. Менiң пайымдауымша, өрт қандай көлемде орын алғанына қарамастан, қажеттi жағдай жасалғанда, мамандар сөндiруi тиiс-тiн. Бұл – қадағалаушы органдар мен базар құрылысы бiткенде, пайдалануға берген, сондай-ақ ай сайын тексеру жүргiзетiн мекемелердiң кемшiлiгi. Бәрi көздi жұмып қараған.    

 

Оразбек ЕШIМБЕТОВ,

Шымкент қалалық

мәслихатының депутаты:

– Шынын айтқанда, қара халыққа қиын соқты. Жұмыс орнынан, дүние-мүлкiнен әп-сәтте айырылып қалды. Ендi ұшан-теңiз шығынның орнын толтыру қалай болар екен?! Менiңше, өрттiң алдын алуға әбден болар едi. Ол үшiн тиiстi талаптарға сай келмейтiн базарды мүлде пайдалануға бермеу керек едi. Басқа-басқа, ең алдымен өрт сөндiретiн техникалар емiн-еркiн кiрiп-шығатындай болуы қажет қой. Сонда бүгiнгiдей опық жемес едiк-ау. Қайсыбiрiн айта беремiз…

Сауалнаманы әзiрлеген

Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.