ЕРЛАНЫМЫЗ ЕРЛЕЙ АЛМАЙ,САЛПАҚТАП САПТЫҢ СОҢЫНДА ҚАЛДЫ

308
2

Ұлттық бiрыңғай тестiлеу деген ұғымның аты емес, заты бүгiнде бүкiл елде қалыптасып қалды. Әр жылы маусымның басында он бiр жылдық бiлiмдi сарапқа салатын сынақ жақсы жұмысы барларға — абырой, жоқтарға «ойбай» әкелетiнi жасырын емес.

Бая-яғы-ы-да дегiмiз келедi, дәлiрегi, Сарыағаш ауданының бiлiм бөлiмiн Сапарәлi  Селтанов деген азамат басқарып тұрған заманда осы ауданыңыз орта балл алудың қорытындысы бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысын былай қойғанда, бүкiл Қазақ елi бойынша көш бастап, бiр дәуiрлеткен дәурен болған. Одан берi бiр қолдың саусағын санамалауға жетпейтiн уақыт өттi. Бiлiм саласының материалдық ахуалы жақсармаса, «көткеншектеген» жағдай болған жоқ. Жаңа, жас кадрлармен толықты.  Селтановтай серiңiздiң орнын Рысбаевтай «жас перi» басты. Олай ойлап, былай ойлап, ойсыраған, ойсырататындай, бiлiм алуға керi әсерiн тигiзгендей түк iлiк таппай, Сарыағаштың биылғы сан соқтырар жағдайына не айтарымызды бiлмей, айран-асыр күй кешудемiз. «Мақтаған қыздың тойда «қиқ» дегiзiп қоядысының» керi дәл осы сарыағаштықтардың басына түсiп тұр.

Қаласы мен даласы бар он бес өңiр биыл облыс аумағында ҰБТ-дан жарысқа түстi. Кентауыңыз керiлiп тұрып, мәреден 80,6 балл алып, жеке-дара келсе, бiр кездегi «Құлагер» аудан, бiлiмiнiң тiзгiнiн Ерлан Рысбаев ұстаған Сарыағаш салпылдап, көштiң соңында салпылдап қалды. Жинағаны – 58 балл. Еш болмаса өзгелер жинақтаған алпыстың үзеңгiсiне де аяқ iлiндiре алмады. Кiмнiң еңбегi, кiмнiң «жақсылығы»?

Қарақан басының, отбасындағы бала-шағасының бiлiмi тамаша шығар, бiрақ айлығын алып, шайлығын айырып, нан-пұлын тауып отырған «лақадай лауазымына» Ерлан мырза өзi қандай баға берер екен? Сөз қорының молдығы, қайнарымен жоқ талаптың көп болуы, шешендiк пен «бiлгiрлiк» ҰБТ-ға балл болып қосылмайды. Жоғарыда Селтановтың атын селт еткiзiп қайта-қайта айта беруiмiздiң себебi – ол кiсiде сөз де, шешендiк те, iскерлiк пен уәдеден шығу да қаз-қатар жүретiн. Ал, бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiз – Ерлан Рысбаев «семiз айтып, арық шығудың» үлгiсiн облыс деңгейiнде танытып отырған бiрден-бiр, «бiртуар» тұлғалардың көшiн бастап тұр. Өкпесiн өзiне айтпаса, өзгеге айтуы ұят шығар. Егер дәл осы кiсiнiң орнында әгерәки бiз болсақ бар ғой-ә, маусымның ортасында  орта парақ арыз жазып, оны ауданға «қайтара соққан» Әбдiбақыт Мақұлбаев сынды әкiмнiң қолына тапсырып кеткен болар едiк. Бiрақ ондай азаматтық азаматының мыңының бiрiнiң қолынан келер, ерлiкке пара-пар тәуекелдiң тобығын жұтар «тектiлiк» танытар едiк. Ал, Ерекеңдей ерлерден ондай ерлiктiң ұшпағы мен пұшпағы көрiнбей тұр-ау, көрiнбей тұр.

Адам деген көрпеге қарай көсiлiп, ұят дегеннiң де бiр қауым ел екенiн жадынан шығармай, ұдайы ескерiп жүрсе, қандай ғанибет. Асыл жанды Ереке-ау, былтырғыдан биыл 21 балға ылдиға сырғанағаның аздай, дақпырт үшiн бе, даңғойлық па, «150 оқушым алтын белгi алады» деп «дамбал ұстап шапқаның» қай сасқаның? Сол 150-дiң 137-i неге «ұшып кеттi-а»? Кiмдi кiналайсың, келген, көрген, тестiлеудi өткiзген комиссияны ма, әлде азаматтық атпал келбет танытып, өзiңдi ме? Осыған бiр оңды, қарынымыз шұрқырамайтын орынды жауап бершi, үнiмiз өшiп, тамағымызға жас тығылып, қаламымыз қайырылып қалсын.

Сарыағаш тапа-тал түсте осылайша ҰБТ-дан ұшпаққа шыға алмай, шұқырға түсiп, ми батпаққа малтығып жатыр. Естiген жұрттан жүдә ұят болды. Ендi осындай жеңiлiстен «чемпион» болған бөлiм бастығын әкiм Ә.Мақұлбаев қалай қорғап, қалай ұстап отырар екен? Оның да айтар уәжi болса, тыңдар құлағымыз даяр. Тек келер жылды, оның ұятын, балалардың обалын, ауданның абыройын естен шығарып алмайық, Әбдiбақыт мырза! Жарай ма?

Б.ТОҚБЕРГЕНОВ,

Сарыағаш ауданы.

 

P.S. Айтарымызды осымен тәмәмдағымыз келмей, сарыағаштықтарды қимай тұрған жайымыз бар. Алдардың әләуләйi таусылса,  әриайдайы оны жалғайтыны секiлдi, бiздiң де келер серияларымыздың «халаулайлары» жеткiлiктi, оған дәлел мен фактiнi алыстан арбаламай, бiлiм бөлiмi мен аудан әкiмiнiң төңiрегiнен табатындай «қабiлетiмiз» бар екенiн еске салып қоюды артық санамаймыз.