САЙРАМДАҒЫ «ЖЕР ДАУЫН» ТУДЫРҒАН КIМДЕР?

280
1

Қазақта жер дауы мен жесiр дауы — ежелден       келе жатқан ескi дерт. Кешегi күнге дейiн жер      дауы онша көп елене бермейтiн едi, Үкiметiмiз   жердi сату туралы қалай заң шығарды, солай      өршiп шыға келдi. Ұлтарақтай жерге таласқан ағайындар бiр-бiрiн аямауға көштi. Естерiңiзде  болса, Бәйдiбек ауданында жер үшiн ауылдастар арасындағы айтыс-тартыстың ақыры қару    қолдануға дейiн барып, соңы қайғылы           оқиғамен аяқталғаны бар. Үстiмiздегi жылы     Сайрам ауданында ағайындылар мұраға қалған   жердi бөлiсе алмай, iнiсi  ағасын атып өлтiрдi. Шаңырақ, Бақайдағы жер дауы да әлi ешкiмнiң есiнен шыға қоймаған болар.

Көбiнесе, жер дауын тудыруға әкiмқаралар елеулi үлес қосады. Нәтижесiнде қарапайым халық мұның зардабын тартып, ашынған жұрт ашуға ерiк берiп жатады. Iстеген әрекеттерi заңсыз екенiн бiле тұра, олардың қылшықтары қисаймайтынына таңымыз бар. Құқық қорғау органдары ондайларға шара көру туралы шешiм шығарады, таяқ барып бiр сорлының басына тиедi. Сайрам ауданындағы жер дауы қазiр шегiне жетiп, әне-мiне жарылғалы тұр. Бiз бұл жөнiнде бiр жылдан астам уақыт айтып та, жазып та жатырмыз. Не құдiретi барын кiм бiлсiн, айналып келiп кiнәлi жер инспекторы болып шығады, жазаны сол көтередi. Жер инспекторының қолында шешiм шығарып беретiндей құқық жоқ, ол орындаушы ғана. Жарайды, оқиға қалай өрiс  алды, қысқаша түсiндiрiп өтейiк.

Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте халық тығыз қоныстанғандықтан, телiмдiк жерге деген зәрулiк жоғары. 2002 жылдан 2009 жылға дейiн жер телiмiн алуға 4508 азамат өтiнiш берген. 2008-2009 жылдары Ақсукент ауылдық округiнiң сол кездегi әкiмi Тұманбек Әлиев (бүгiнде облыстық құрылыс басқармасының бастығы) өтiнiш берген барлық азаматтардың талабын қанағаттандыру мақсатында 4508 азаматтың жартысына жуығына қолдарына шешiм берiп, көрмеген жерлерiне сызба жасаттырып қойды. Көпшiлiктiң қуанышында шек болған жоқ, баспананың зарын тартқандар әкiмдi әулиеге балады. Арада көп өтпей, Тұманбек Әлиев Қазығұрт ауданына әкiм болып кеттi де, орнына әкiмнiң мiндетiн уақытша атқарушы болған Мұхтар Төледияров (бүгiнде Тассай ауылдық округi әкiмiнiң орынбасары) жер кезегiнде тұрған қалған азаматтың барлығына шешiм шығарып бердi. Аудан әкiмi Мұхит Әлiнiң (бүгiнде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының бастығы) бұл оқиғадан хабары бары-жоғын бiлмедiк (әй, бiлмеуi мүмкiн емес-ау!), бiрақ 4508 азаматқа берiлген шешiмнiң заңсыз екенiн арада жылдан аса уақыт өткенде бiр-ақ бiлдiк. Онда да мұны аудандық прокуратура мен өңiраралық жер инспекциясы анықтап бердi. Сөйтсек, 4508 азаматқа берiлген жер телiмдерi шаруа қожалықтарының ұзақ жылға алған жалдық жерлерi болып шықты. Осыдан соң-ақ алашапқын басталып, бұл тiрлiкке облыстық прокуратура араласты. Құзырлы орган қазiргi аудан әкiмi У.Қайназаровқа мәселенi ушықтырмай, әдiл шешудi, кiнәлi жандарға шара көрудi сұранған хат жiбередi. Бұл жерде нағыз «айран iшкен құтылып, шелек жалаған тұтылғанның» керi келдi. 4508 азаматтың ғана емес, 148 шаруа қожалығының да конституциялық құқықтарын таптаған жандарға түк те болған жоқ. М.Төледияров пен жер инспекторы сөгiс алса, басқаларының қызметтерi өсiп кеттi. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» болып, бiр қауым ел кiмге сенерлерiн бiлмедi.

Кешегi жұма күнi Ақсукент ауылдық округi ғимаратының алдына келген ондаған тұрғындар 4 жылдан берi өздерiн сергелдеңге салып қойған «мықтының» кiм екенiн, қолдарындағы шешiм қашан заңды күшiне енетiнiн бiлгiлерi келетiндерiн айтып, қазiргi ауыл әкiмi Нұрполат Қаратайды алқымға алды. Бұл жерде Н.Қаратайдың ешқандай қатысы жоқ, қайта ол халыққа тиесiлi жердi заңдастырып беруге жүгiрiп жүрген азамат. Дегенмен, ауыл әкiмiнiң осы әрекетi бiреулерге ұнамауы да мүмкiн, себебi түрлi кедергiлер алдынан кес-кестеп шыға беруi кездейсоқ емес. Жиында ашынған тұрғындар сол кездегi өздерiн тәлкек қылып кеткен ауыл әкiмдерiн түтiп жеуге бар екендiктерiн байқадық. Ашулы жұртты одан әрмен ашындыру емес, бүгiнгi билiкке ақылмен тiрлiк етiп, мәселенi оңтайлы шешу керек екендiгi айтпаса да түсiнiктi. Ауыл әкiмi Нұрполат Қаратай көпшiлiктi сабырға шақырып, жақын арада мәселелерi шешiлуi мүмкiн екенiн айтты. Ал, осы дауды тудыруға себепкер болғандар кiмдер, неге олардың аты-жөндерi нақты аталмайды? Бұл түсiнiксiз тiрлiкке түсiнiк берер бiр құзырлы орган бар шығар деген ойдамыз.

Осы оқиғадан соң арада бiр күн өткенде тағы да Сайрам ауданының 2 округiнен оқырмандар хабарласып, жерге қатысты өз алаңдаушылықтарын бiлдiрдi. Оның бiрi – Арыс ауылдық округiнiң тұрғыны. Оның айтысына қарағанда, 2008 жылы Арыс өзенiнiң арғы бетiнен округтiң 200-дей тұрғынына баспана тұрғызу үшiн телiмдiк жер берiлген. Қазiр бұл аймақта 30 қаралы баспана тұрғызылып, түтiндерiн түтетiп отыр дегенiмiзбен, онда не жол, не ауызсу жоқ. Жарық бар дегендерiмен, кез келген сәтте өше салу қалыпты жағдайға айналған. Ең бастысы, қолдарына шешiм алған тұрғындардың бiрде-бiрiнде мемлекеттiк акт жоқ. Түрлi сылтаулармен берiлмей жатқандықтарына қарап, арыстықтарда да қауiп жоқ емес. Ертеңгi күндерi алған жерлерi заңсыз болып шықса ше? Нағыз дау-дамай сонда болады. Қарап тұрсақ, Ақсукент пен Арыстағы жер бөлу тәсiлi бiр сияқты, айырмасы – арыстықтарға «мынау — сенiң жерiң» деп белгiлеп берген жер бар да, ақсукенттiктерде ол да жоқ.

Осы аудандағы Қарабастау ауылынан хабарласқан оқырманымыз осындағы өндiрiстiк кооперативке тиесiлi суармалы жердiң аудан басшыларының рұқсатымен жеке тұлғаларға берiлiп жатқанын қынжыла жеткiздi. «Суармалы жерден баспана салуға рұқсат жоқ екенiн бiле тұра, әкiмдердiң бұл әрекетi дұрыс емес» деп есептейдi ол.

Сайрам ауданы — экономикасы жоғары, өндiрiс нысандары көп, әлеуетi мықты аудан. Әйтсе де, 1992 жылдан берi ауданды бiрде-бiр жергiлiктi кадр басқармапты. Бәрi сырттан келiп, жергiлiктi жердiң ерекшелiктерiн жақсы бiлмейтiндiктерiнен осындай қателiктер жiберiп жатады. Бүгiнгi өршiп тұрған жер дауы соның бiр мысалы ғана.

Е.СӘРСЕНБИН.