«АҒАСЫ БАРДЫҢ, ЖАҒАСЫ БАР…»

Алдыңда асқар таудай боп ағаңның жүргенi қандай жақсы. Елiктейсiң, еркелейсiң, сырыңды айтып, көңiлдiң түкпiрiндегi ойларыңды ортаға саласың. Тиiстi жерiнде қолдайды, ақылын айтып, жөн-жоба көрсетедi. Өкiнiшке орай, бүгiнде жаға болуға боларлық ағалар азайып бара жатқандығы да жасырын емес. Арпа iшiнде бiр бидайдың жүруi сияқты, төңiрегiмдегi көзтаныстардың iшiнде: «Мына кiсi маған аға болуға жарайды» деп атап көрсетуге тұрарлық бiр ағам бар едi. Ендiгi әңгiме ауанын солай қарай бұруды жөн көрдiм. «Көргендi кiсiнiң өткенi – жарқын естелiктерiмен мақтанышы» деген сөздiң ақиқаты мен құндылығын осы ағамнан, Әбутәлiп Ерiмбетовтiң бойынан, жүрiс-тұрысынан, қадiр-қасиетiнен, мiнез-құлығынан байқағандаймын. Әбiш ағам қай уақытта болса да өзiне тән, жарасымды маңғаз қалпынан айнымайды. Ашуға берiлiп, ешкiмге жекiп сөйлемейдi. Оның дене-тұрқына сай келетiн жүзiнен бiз қаталдықты байқамаймыз, есесiне бет-әлпетiнен шуақ, тектiк пен кiсiлiктiң нышанын аңғартып тұратын нұрды көремiз. Жә, мейлi. Ағамды мен мақтамағанда кiм мақтайды. «Болар елдiң балалары бiрiн-бiрi батыр дейдi…» деп атам қазақ айтпақшы, мақтай берсем, айта берсем, Әбiш ағамның қырлары да, сырлары да көп. Ол кiсiнiң адами қасиеттерiн бiршама айтқандаймын, ендi еңбекте қол жеткiзген жетiстiктерiне де тоқтала кеткенiм жөн.

Талай айтулы азаматтар мен тума таланттар өмiрге келген Арыстың тумасы Әбутәлiп Ерiмбетов бүгiнде жеке кәсiпкер. «Алтын құм» ЖШС директоры. Серiктестiк негiзiнен Арыс қаласында құм, Ордабасы ауданында тас және құм өндiрумен айналысады. Алып бара жатқан ауқымды жобалары болмаса да, өздерiне тән қоңырқай тiрлiктерi бар мекеме өңiрдi ғана емес, көршiлес облыстарды да құммен қамтамасыз етуге шамалары жетедi. «Көксарай» су реттегiшi құралының басталуынан соңына дейiн нысанға қажеттi құмды осы серiктестiк жеткiзiп тұрды. «Ғасыр құрылысы» атанған  «Көксарай» су қоймасының құрылысына атсалысқанын әркез мақтанышпен айтып отыратын ағамыз ендi мiне, тағы бiр халықаралық деңгейдегi алып құрылыс – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокдәлiзiне қажеттi құмды жеткiзiп берумен айналысуда. Жеңiл-желпi мекемеге мұндай жауапкершiлiктiң жүктелмесi анық. Демек, Әбутәлiп ағамыз басқарып отырған серiктестiктiң осал болмағаны ғой. Сенiмнен бөлек, сапалы құрылыс  материалына сұраныс тектен-тек емес. Мұнан бөлек, серiктестiк мал шаруашылығын дамытумен де айналысады. Жоқтан бар жасау оңай емес, тек iстiң көзiн тауып,  төңiрегiңдегiлердi топтастыра бiлiп, кәсiбiңдi дөңгелетiп әкетсең болғаны. Бiрақ, бұл да оңай емес, талай қиындықтарды бастан өткересiң, түрлi кедергiлер кездеседi.

Қарапайым ғана бiр мысал. Мәселен, тапқан табысына орай «Алтын құм» ЖШС-i жылына бюджет қаржысына 5-10 миллион теңге көлемiнде салық төлейдi. Ал жылдық салығының көлемi 100 мың теңгеге де жетпейтiн, бiрақ деңгейлерi әлдеқайда жоғары серiктестiктер де бар. Әрине, оларды қолдайтындар, қорғайтындар бар болуы себептi, атақ-абырой да. Марапат та соларда. Бұған титтей де ренжiмейтiн Әбiш ағам өзiне сенедi, бiлiктiлiгiне жүгiнедi. «Тiреуiшi» жоқ болса да тал қармайтындай жағдайда емес. Жүздеген жанды тұрақты жұмыспен қамтып, нәсiбiн – кәсiбiнен тауып жүргендер мен елдiң ықыласынан асқан мәртебе жоқ деп есептейтiн ол кiсiнiң тағы бiр қасиетi – шындықты бетке айта бiлер қайсарлығы. Әсiресе, сыбайлас жемқорлыққа, әдiлетсiздiкке, шенеунiктер тарапынан орын алар қысымшылдыққа жаны қас. Елдiң тұтқасы болар жастарға жағдай туғызуға, жетiм-жесiрге садақа беруге, аға ұрпақ өкiлдерiне қамқорлық жасауға, имандылық жолындағы жандарға жәрдемiн тигiзуге құмбыл. Дүниенi қолдың кiрi дем есептейтiн Әбiш ағамның Арыс қаласындағы балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерiне сүндет той жасап бергенiн, Түркiстанның 1500 жылдық тойына материалдық және қаржылай көмек, Қызылағашта орын алған сұмдық оқиғаға 100000 теңге қаржылай қолдау көрсеткенiн, өзiнiң туып-өскен жерiне мешiт салып бергенiн, қайтыс болған досының қызын құтты орнына қондырып, ұлан-асыр той жасап, Арыстағы мешiтке әр жылы 100 мың теңге жәрдем беретiнiн, жағдайы жоқ, тұрмыстары нашар отбасыдан шыққан балаларды киiм-кешекпен, қажеттi оқулықтармен қамтамасыз еткенiн, мүгедек жандарды, соғыс ардагерлерiн қамқорлығына алып, қаржылай қолдау көрсететiнiн бiлушi едiм. Ал бiлмейтiнiм қаншама! Бұл шағын ғана мекеменiң үлкен сауапты iстерi. Тапқандарын тақымдарына басып, өзi де қызығын көрмей, өзгеге де татырмай, байлықтың буына iсiп-кеуiп жүрген шық бермес Шығайбайлардың қасында Әбiш ағамның әрекетi әспептеуге тұрарлық емес пе?

Тумысы бөлек ағамның айтқан бәр әңгiмесi есiмнен еш кетпейдi. «Мен саясаткер емес, кәсiпкермiн. Бiрақ қоғамымызда орын алып жатқан әрбiр құбылысқа бей-жай қарай алмаймын. Тәуелсiздiк алғанымызға 20 жылдан асты. Әлi күнге арбамыз өзi жүрмей, итерумен келемiз. Осы уақытта халықтың әл-ауқаты дамып, экономикамыз артып, өндiрiс орындары көбейiп, ауыл шаруашылығы қалыпқа түсiп, дамыған мемлекетке айналуымыз керек едi. Не iстеу керегiн Елбасымыз айтудай айтады, жыл сайынғы Жолдауларында атап көрсетедi, қаржы аямайды. Не себептi екенi белгiсiз, өгiз аяңмен жүрген жүрiсiмiз ешбiр өнбейдi. Мұның басты себебi, бiздегi сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шаппай, құлдырағанымыз-құлдыраған. Бөлiнген мол қаржы тиiстi мақсатқа жұмсалмайды, жол-жөнекей ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеткендiктен мемлекетiмiз орасан зиян шегiп жатқанымен ешбiрiнiң шаруасы жоқ. Елбасына жалған ақпар беру, алдау, iссапарға келген аймақтарында алдын ала дайындалған «сценарий» қойылады, халықты топтап жиып, «шешендер» елiмiздiң керемет құлпырып кеткенiн, халықтың тұрмысы тамаша екенiн айтып, «сайрайды». Егер бiз ұрпағымыздың да осы дертпен ауырмауын ойласақ, мәселенiң өте күрделi екенiн бiлуiмiз керек. Қайда барма, парақорлық. Жұмысқа тұру үшiн де, жер алмақ болсаң да, денсаулығыңды түзетуге де, ең әрiсi қарапайым анықтамаға бола «бармақ басты, көз қысты» әрекетке бару – бұл ендi өсетiн» елдiң қамын ойлауы тиiс азаматтардың әрекетi болмаса керек. Ауданға жаңа әкiм тағайындалса «командасымен» келу дәстүрi министрлiктерге дейiн жеттi. Команда дегенiмiз – жемқорлықтың атасы емес пе? Бiреу-екеу емес, мемлекет қаржысын команда боп жеу деген сұмдық қой. Кейде кiмге барып мұңын шағарын бiлмеген қарапайым халықты аяймын. Мұндай келеңсiз құбылыстар менi мазаламайды деп ойлайсың ба?»,- дегенi бар.

Мен өзiмдi көзi ашық, бiлiмдi адамдар қатарына жатқызам, солай бола тұра аттай 4 жылдан асып бара жатыр, Арыс қаласындағы шырмауықтай шатасып кеткен сыбайластықтың құрсауынан шыға алмай келемiн. Арыс қаласындағы алақандай мал базардың дауы түрлi баспалдақтармен көтерiлiп, Астанаға жеттi. «Нұр Отан» ХДП жанынан құралған сыбайластықпен күрес агенттiгiнен әдiлдiк нышанын тапты. Нәтижесiнде ОҚО әкiмдiгiнiң iшiнен комиссия құрылып, егжей-текжейлi тексерiлiп, Арыс қаласының сол кездегi әкiмi Қ.Сыдықовқа орталықтағы мал базарын қаланың бас жоспарына сәйкестендiру үшiн қала сыртына көшiру жүктелген. Алайда, бұрыннан орталықтағы мал базардың егесiмен жақсы қарым-қатынастағы Қ.Сыдықов болмайтын жәйттердi сылтау етiп, ОҚО әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Б.Оспановқа жауап жолдаған. Қазiргi таңда сол жауаптың жалғандығы дәлелденiп, Арыс қаласының әкiмiнiң орынбасары Д.Хасенов пен әкiмшiлiк заңгерi Б.Шойнақовқа қатаң сөгiс жариялау үшiн және мал базарын қала сыртына көшiру туралы Арыс қаласының жаңа әкiмi С.Ертанға ұсыныс берiлдi.

Ұсыныстың мерзiмi бiттi, бiрақ тапсырма орындалмай отыр. Оның себебi белгiсiз. Президентiмiз 5 жұмыс көзiн ашқан адамға құрмет, қолдау жаса деп жатыр. Егер мал базары қала сыртындағы заманауи үлгiдегi, қаланың бас жоспарына сәйкес орналасқан бiздiң мал базарына көшсе, төмендегiдей жаңа жұмыс көздерi ашылар едi:

1. Мал базары тәулiк бойы жұмыс жасайды.

2. Мал сою цехы iске қосылады.

3. Мал бордақылау цехы жұмыс жасайды.

4. Базарға әкелiп, өтпей қалған малдарды келесi базарға  дейiн ақыға бағып беру ұйымдастырылады.

5. Терi өңдеу цехы ашылады.

6. Қала халқына тапсырыс бойынша тәулiктiң кез келген уақытында малды сойып, тазалап, жеткiзiп беру ұйымдастырылады.

7. Ет консервiлеу (тущонка) цехы ашылады.

8. Сүйек ұнтақтау цехы iске қосылады.

9. Мал жүнiнен жасайтын бұйымдар цехы ашылады.

Осындай жұмыс көздерiн ашуға мүмкiнiгiмiз толық жетедi, тек қана кедергi болмаса болғаны, — дейдi Әбекең.

Сондықтан болар, Әбутәлiп Ерiмбетов өткен сайлауда №7 сайлау округiнен ОҚО мәслихатының депутаты болуға бел буып, додаға түскенi бар. Егер халық қалаулысы болып сайланғанда ол кiсi көп нәрсе тындырған болар едi. Әттең, таза емес сайлауда да құйтырқы әрекеттер болатынын кеш ұқты. Мұнда да арты диiрмен тартар күштiлер жеңiске жетедi екен де, нағыз халықтың сөзiн сөйлеп, мұңын жоқтар жандар жол ортасында аттарынан ауып түсетiнiн көрдi. Жауапкершiлiктiң не екенiн жанымен түсiнiп, жүрегiмен түйсiнер Әбiш ағам  саяси науқанда әдiлетсiздiктiң құрбаны болдым деп, қапа да болған жоқ. Бiрақ алдына қойған мақсатының едәуiр кешеуiлдейтiнiне, ойға алған жоспарының дер кезiнде орындала қоймайтынына шамалы ренжiгенi болмаса.

«Қайтсем елге көмегiм тиедi, қалай болғанда халықтың жағдайын жақсартуға болады» деп, жар құлағы жастыққа тимей жүрген менiң Әбiш ағам, Әбутәлiп Ерiмбетов осындай жан. Алғаны – алғыс, арқалағаны – алтын ағамның, ол басқарып отырған «Алтын құм» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi ұжымның алдағы еңбектерiне сәттiлiк тiлеп, шығар тауларының биiк болуларына тiлектеспiн. Аман болыңыз аға, ағымнан жарылып өзiңiз туралы шамалы толғанғаным мен толқығаным үшiн ғафу өтiнемiн.

 Асхат СҰЛТАНОВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Яндекс


Пікірлер саны: 1

  1. Айгуль:

    Акешім жуз жасаныз!!!