ТҰМАУ – ҚАУІПТІ ДЕРТ

372
0

Жаз, күз айлары өтіп, қыс лебі сезіле бастаған кезде тұмауратушылардың көбейіп кететінін бәріміз білеміз. Сондықтан одан сақтана білген жөн. Тұмау – бұл жедел респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі — ЖРВИ) тобына кіретін тұмау вирусы тудыратын ауру. Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ-мен және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады.Тұмау вирусы барлық елдерде және құрлықтарда таралған. Қысқы алардағы сырқаттанушылық шегі адамдардың, әсіресе балалардың, жұмыс орындарында, мектептерде, балабақшаларда және қоғамдық көлікте тығыз байланыста және өте белсенді болуымен түсіндіріледі.
Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы, осы тамшылар төсек-орында, жұмыс үстелінде, т.б. кепкен соң және оларға сіңгеннен кейін белсенділігін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін сақтайды!
Барлық дезинфекциялаушы құралдар тұмау вирусын тез жояды, бөлмелерді жиі желдетіп тұруды да ұмытпаған жөн.
Жоғарғы тыныс жолдарына түскен кезде вирус жасушалардың қабықшаларын зақымдап, оның ішіне кіреді. Жасушалардың ішінде вирус тез көбейеді. Жұқтырылғаннан кейін алғашқы тәуліктердің аяғына қарай бір вирус ондаған триллионнан аса вирустық бөлшекті түзеді. Көбейген вирустар жоғарғы тыныс алу жолдарынан шыққаннан кейін жасушалар бұзылады. Тұмаудың алғашқы симптомдары – мұрынның бітелуі және тамақтың жыбырлауы осыған байланысты.
Тұмау вирусы адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап 2-3 күнге дейін созылады. Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – бір апта. Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, көз қарығу, буынның және бұлшықеттің, бастың және тамақтың ауыруы, жөтелу, мұрынның бітелуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Тұмаудың асқынуларына құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне баланысты асқынулар, сондай-ақ созылмалы аурулардың:жүрек-қан-тамырлық, өкпе, бронх тарапынан, қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқа да ауруларының өршуі жатады. 2 жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Сондай-ақ, ерекше қауіптілік тобына жүкті әйелдер де жатады. ЖРВИ және тұмау жүкті әйелдердің иммунды жүйесін де, эндокриндік жүйесін де бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүкті әйелдерде әлсіздік пайда болып, ұйқысы бұзылады және созылмалы аурулары өршиді. Әдетте жүкті әйелдер тұмауға шалдыққан кезде балаға қанның жүруі күрт азаяды, осыған сәйкес бала жолдасы арқылы ұрық организміне оттек аз беріледі. Жүкті әйелдердің тұмаумен ауыруы жүктіліктің 12 аптасына дейін, яғни ұрықтың органдары мен тіндері қалыптасатын кезде өте қауіпті. Тұмаудың жүкті әйелдерге қауіптілігі – түсік тастауы немесе мерзімінен бұрын босанып қалуында. Сонымен қатар, шала туудың жиіленуін көрсететін нақты мәліметтер бар.
Өкінішке қарай, дер кезінде емдеу мекемесіне келмеген науқастарға қалыпты жағдайда жиі қолданылатын жекелеген препараттар көмектеспеуі де мүмкін. Сондықтан өз бетінше емделуге болмайды. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалысымен дәрігерді үйге шақыру жөн.
Кез-келген ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған дұрыс. Дүние-жүзілік денсаулық сақтау ұйымы сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын жалғыз және тиімді іс-шара ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынды. Тұмауға қарсы вакцинациялау еңбекке жарамсыздық қағазы бойынша төленетін төлемдерді және өндірістік шығындарды, тұмауды және ЖРВИ-ді, сондай-ақ олардың асқынуларын емдеуге кететін шығындарды 2 есе қысқартатыны дәлелденді.
Тұмаудан сақтану үшін ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылар көбейген кезде халық көп жиналған орындарда болмауға, салқын тигізіп алмауға тырысу қажет және ауа райына сәйкес киіну керек. Сол сияқты, таза ауада серуендер алдында немесе көшеге шығар кезде мұрныңызға оксалин майын жағып алсаңыз тұмау немес ЖРВИ вирустарының тыныс жолдарына енуі күрт төмендейді.

Р.МУСРАЛИЕВА,
Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері.