Тілім қышып барады…

272
1

Тіл деген жарықтықта сүйек жоқ болған соң «оттай» береді екен. Кейде оттай берем деп, от басып жатады. От басам деп, соттасу да болады. Әйтеуір, тіл деген теріскен шыққыр пәлекеттің кесірінен талай таяқ жесем де, қышуын қоймайды.
Бірде көршіме көзімді алайтып тұрып:


─ Ағасы, осы сіз ғой, білдей бір наубайхананың пілдей нан жабушысысыз. Айлығыңыз бар, шайлығыңыз бар, қала берсе майлығыңыз тағы бар. Жеңгей болса, бала босандыратын жерде кіндік кеседі. Кіндік кескен жерде көрімдік жүретіні белгілі. Әкеңіз болса сол бала босандыратын жайды күзетеді, әрі зейнетақысы тағы бар, осы сендерге не жетпейді? Қашан көрсем балаларың базарда ет сатып жүреді. Қыздарың қымыз сапырудан қолдары тимесе, келініңнің қолынан келсап түспейді. Күнімен, түнімен тоқылдатып тары түйіп жатқаны. Шешеңіз шемішкі сатса, қайынатаңыз қауын, балдызың балық сатып, байыған үстіне байып барасыңдар. Сендерде осы қанағат, тойым деген бола ма? Ең әрісі, итіңе дейін сүйек-саяғын сырттан тасиды. Ұят емес пе? Қазір демократия, жариялық заманы. Айтуға тиіспін, тиісті орындарға жеткізу азаматтық парызым. Салық салып сансыратып, үй-мүлкіңді тәркілетіп, көзіңе көк шыбын үймелетіп жіберуге күшім жетеді. Күшім жетпесе, араға салар кісім бар, — деп екпіндеп келе жатып, есімнен танып қалғанымды білмей қалыппын.
Есімді жисам, езуімнен аққан жылымшы қанды жалап тұрған көршімнің итін көрдім. Теңселіп, орнымнан әрең тұрып, үйге сүйретіліп зорға жеттім. Аттай үш күн жаттым. Қазір тілім тағы қышып жүр, тиісерге қара таппай.

Е.СҰЛТАН.