ЛЕСБЕК ТӘШІМОВ НЕ БҮЛДІРДІ?

294
7

Өткен айда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы табан астынан аталмыш оқу орнының президенті Лесбек Тәшімовке сенімсіздік білдіріп, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбековтің жеке блогына шағым түсірген. Мұндай шағым премьер-министр Серік Ахметовке де жіберілген.Шағым хатта университеттің президенті, профессор Лесбек Тәшімовтің Елбасы саясатына керағар әрекеттерге баратындығы, биылғы оқу жылында докторантураға қабылданған 187 адамның әрбірінен – 10000, магистратураға қабылданған 156 адамның әрқайсысынан – 7000, резидентураға түсуші 13 адамның әрбірінен – 5000 АҚШ долларынан сатылғаны, мемлекеттік аттестациядан өту үшін ұжымдағы 800 оқытушыдан 10000 теңгеден жиналғаны, университетке тиесілі бірнеше ғимараттарды жекешелендіруге әрекет жасап жатқандығы, Түрік елінен бөлінетін квотаны сататындығы, екі ел арасындағы байланысты нығайтудың орнына, Түркиядан келген мамандарды менсінбей, олармен санаспайтындығы жөнінде, Тәшімовтің басқа да құйтырқы әрекеттері тұрғысында ауыр сындар айтылып, өздері тараптан Түркістанға комиссия жіберуге ықпал етулерін сұранған.
Шағым хатта қаншалықты шындық бары бізге белгісіз. Әйтсе де, еліміздегі бірден-бір халықаралық талапқа сай жоғары оқу орнының оқытушылары бекерден-бекер дүрлікпеген болар? Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны тағы белгілі. Оның үстіне, Лесбек Тәшімов санаулы күндерден соң зейнеткерлік жасқа толады. Әзірше оқиғаның қалай өріс алғанын байқайық, шағым хаттың шындығын тексерушілер келіп кеткен соң баяндармыз. Оған дейін Тәшімов мырзаның өзі де бірдеңе айтып қалуы мүмкін.

Гүлнұр БЕЛБОТАЕВА.