Омархановтың оңдырмаған тірлігін Қыдыр енді қолға алса…

 

Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын бұқаралық ақпарат құралдарының облыстағы ең салмақтысы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы екендігі анық. Ертеректе бір жылға бөлінетін қаржы 70 миллион теңгенің көлемі болатын, қазір қанша екенін біле алмадық. Айтпағымыз, телеарнаға қанша қаржы бөлінетіндігінде емес, көрермендеріне не көрсетіп, не беріп жүргендігінде. Біз айтпағымызды кезінде телеарнаны басқарған Ғалым Омархановқа жеткізуіндей-ақ жеткіздік, амал қанша, тыңдар құлақ табылмады. Тоқетеріне көшсек, мәселе былай:Халықтың несібесінен жиналған сол қаржыны қамтыған соң телеарна соған лайықты жұмыс жүргізсе қанекей! Алайда, олай емес. Басқа күндері қайдам, демалыс күндері осы арнаны қоссам болды, жүрегім май ішкендей кілкиді. Емге татымы жоқ, қайталап көрсетілетін хабарлардан түңіліп кетесің. Қалыбек Атжан басқарған жылдары бұлай емес еді, дәл Омархановтың тұсында оңбай кетті. Көрерменнің талғамынан шығатындай тың ізденіс, тағылымды тақырыптар атымен жоқ десек те болады. Шалғай ауылдың тұрғындары облыстың бетке ұстар «Қазақстан-Шымкент» телеарнасын көргілері келеді. Солардың бірі менмін. Іздеген дүниемді таппай дал боламын. Ешбір талғамға сай келмейтін телесериалдар, ащы ішекше шұбатылған құттықтаулар мен жауыр болған жарнамалар кім-кімді болмасын мезі етері анық. Сорақысы сол, басқа бірде-бір телеарнада жоқ әдет дәл осы арнаға лайықты ма еді? Ол мейлі жұмыс күні, мейлі демалыс күндері болсын, түскі сағат 14-тен 18-ге дейін демалатындықтары. Мереке күндері де сол. Мыңдаған көрермендердің көздерін жаутаңдататындай Омархановқа не жазып едік? Шаршап-шалдығатындай қарық қылып жатқан тірліктері болса бір сәрі. «Отырар», «Айғақ», «Елнұр ТВ»арналарында жоқ бұл үрдісті кім ойлап тапса да, көрермендердің құқын аяқасты еткенін білмейтін біреу-ол.
Тағы бір айтарым, Оңтүстіктің бір ғана футбол клубы — «Ордабасының» ойындарын көруге көпшілігіміз құштармыз. Бұл өтінішімізді Ғалым Омархановқа қанша ескерттік, пысқырған да жоқ. Көрермендердің талабына көз жұма қарау дұрыс емес. Телеарна қызметкерлерінде кінә жоқ шығар, оларға бағыт-бағдар берер, жөн-жоба сілтер басшының міндеті. Уақыт көшінен кейін қалған телеарнаны басқару сізге бұйырған екен, бұйымтайымызды айттық.Ендігісін өзіңіздің еншіңізге қалдырдық.

Е. СӘРСЕНБИН.