Алдымен тілімізді түзейік, латынға одан кейін көшейік

Қазіргі таңда елімізде қазақ жұртының латын әрпіне көшу-көшпеу мәселесі аса үлкен тақырыпқа айналып, күн тәртібінен түспей тұр. Біреулер оған күні бүгін-ақ көшу керек деп өзеуресе, енді біреулер оған бірден өтудің қиын екенін айтып, алдыңғыларға тойтарыс беруде. Ал үшінші бір топ қазаққа латынның түкке керегі жоқтығын айтуда. Дегенмен «толғатқан әйел бала тумай қоймайды» дегендей, базбіреулердің қазіргі екпіні басылмаса, түбі біз осы әріпке көшетін сыңайлымыз. Бірақ дәл қазір және жуық арада, тіпті таяудағы төрт-бес жылда емес. Тіпті оған Елбасының жолдауында айтылғандай, 2025 жылы көше қою да және оны барлық қазақ ә дегенде-ақ меңгере қояды деу де қиын. Өйткені дәл қазір, тіпті он жылдан кейін де өзгере қояды дегенге сену қиын. Біздің қазақ қоғамында оған кездесетін кедергілер мен әр түрлі себеп-салдарлар көп. Себеп-салдардың ең бастысы – Қазақ елінде тұрып жатқан қазақтардың өздерінің бір тілді, яғни қазақ тілді еместігі. Одан соң Елбасы латын әрпіне көшу керектігін айтқанымен, оған қазақ елінде тұрып жатқан бүкіл ұлттардың бәрі көше ме, әлде өздерінің қалпын бұзбаған қазақтар ғана (өйткені түрі қазақ, жаны бөлек қандастарымыз өте көп) көше ме деген сұрақтың басын ашық қалдырды. Егер латын әрпіне көшу тек соңғыларға ғана тиісті болса, сеніммен айтамын, онда бір ұлттық рух төңірегіне әлі топтаса алмай, «тілді қазақ», «тілсіз қазақ» болып жүрген жергілікті халық, жарылған бөренедей, өз ішінен бұрынғыдан да бетер қақ айырылады. Енді осы күмәнімізді біраз дәлелдермен айшықтап керейік.
Бұған біріншіден, орыстілді қандастарымыз қарсылық көрсетеді. Мұндай қарсылық қазірдің өзінде-ақ бой көрсетіп жатыр. Себебі олар да ұлттық қасиет жоқ. Ал бойларында ұлттық қасиеттің бар екенін білдіріп, латынға бүгін-ақ көшуге дайынбыз деп ұрандатушылар әліпби ауыстыра салсақ, сондай шалақазақтар бір күнде орыс тілінен безіп, қазақы қалыпқа түсе қалатындай көреді. Шын қазақ – әрпіңді латынша етсең де, орысша етсең де, тіпті қытай мен жапон иероглифіне көшірсең де, ұлттық келбетін жоғалтпайды. Бөтенге бейім ұлттық рухсыздар болса, етектен тартқаны былай тұрсын, бөгденің жетегіне еріп, халқын сатуға дайын тұр. Жиырма жылдан бері не мемлекет тарапынан, не қоғам тарапынан қазақ тіліне зәрулікті сезбеген сондай рухсыздар  әлгіндей ұраншылардың асығыс бастамасына елп етіп жығыла кетпесі екібастан белгілі. Оларға көпұлтты мемлекетпіз деп асқан мақтанышпен дәріптелетін біздің елде тұратын басқа ұлттар да қосылады. Осылай бола қалса, қазақтан гөрі басқа ұлттың қас-қабағына қарағыш біздің билік қазақтарға: «латынды өздерің-ақ игере беріңдер, басқалар кириллді қолдана берсін» деп отыра берері тағы кәміл. Егер ғайыптан олар да латынды қолдана бастаса, ондайлар орыстан өтіп, жаһандық тіл – ағылшынға бет бұрары дау тудырмас ақиқат. Сонда латын арқылы күллі қазақты қазақтандырамыз деген ниет біржолата желге ұшпақ. Осындай кептердің барлығын ескермей, ұран мен науқанға ергіш «ұлт болашағын нағыз көксеушілердің» «латыншаны көп кешіктірмей-ақ, бір-екі жылда енгізейік»  дегендері – бос сандырақ боп шықпақ.
Әлбетте, тілдік реформаны жақтайтындардың  айтар уәждері, бағдарламалары мен келешекке жасаған көреген жоспарлары да мол. Олардың  бісмілләсі – «латын әрпі түркі халықтарының басын біріктіреді, бірінің жазғанын екіншісі қиналмай оқып, түсіне береді» деуден басталады. Әйтсе де, олар сол уәждің артында қаншалықты қисын мен пайда бар екенін  тәптіштеп бере алмайды. Мысалы, маған бір түрік өз тілінде қай әріппен болса да, бірдеңе жазып берсе, бәрібір түсінбейтінім кәміл. Көне оғыздық диалектиканы ұстанатын әзірбайжан мен түркмендердің де сөздерін ұға алмаймын. Олар түгілі іргеде отырған өзбектің де көп сөзін түсіне бермеймін, ал латын тұрмақ, кириллмен жазылған әдебиеттеріндегі сөйлемдерге тіпті тісім батпайды. Әрине, қай халықта болмасын, өзге тілді тез меңгеретін әрі оны жылдам оқып, үйренуге ынтасы мен қабілеті бар адамдар болады. Бір-бірін түсінсе, солар түсінісе жатар. Бірақ бүкіл ел, жалпы жұрт ондай қабілетке ие емес қой. Одан соң латынға көшсек, бізге құшақ жая салатын, басымызға іс түссе жанымыздан табыла салатын түркі тілдес  мемлекеттерді көріп отырғаным жоқ. Әлсін-әлсін шекарамызда бір адамды атып тұратын өзбек ағайындар «латынға көшіпсің» деп, темір шарбақтарын жиып тастамасы анық. Түріктер «бізде жағдай жақсы, көшіп келіңдер» деп айтпасы тағы шындық. Бәрінен бұрын техникалық өркениеттен кенже қалған бұл мемлекеттерден үйренетін түгіміз жоқ.
Латыншылар екінші бір уәжін компьютермен байланыстырады, яғни «латынды үйренсек, оны пайдалану оңайға түседі» дейді. Компьютер – жаһанданудың ең басты алғышарты. Онсыз қазіргі заманды елестету қиын. Бірақ латын әрпісіз-ақ компьютерден қиналып жатқан қазақты көргенім жоқ. Заман озған сайын жаңа жетістіктерді үйренген соны ұрпақ өзіне керегін латынға көшусіз-ақ үйреніп алған. Одан соң әлемде технология жағынан ең озық елдер – Жапония мен Корея өз иероглифтерімен-ақ компьютерді меңгеріп отыр. Меңгергені былай тұрсын, оған жаңа негіз салуда. Дүниедегі ең қиын тілді қолданатын қытайларда бұл тұрғыда көштен озбаса, ешкімнен қалған жоқ. Осындай мысалдарға қарасақ, латыншылдардың бұл тұрғыдағы уәжі – қасқырдан қашып, інін таба алмай, арыстанға жолыққан түлкінің қылығын көз алдыңа келтіреді.  Яғни, олардың мақсаттары – орыс кирилінен аулақтап, әлемді жайлап бара жатқан ағылшын тілінің аясына өзіңнен-өзің барып кіре салуды тездетіп отырғандай әсер қалдырады.
Жаңа әліпбиге көшуді жақтайтындардың тағы бір алға тартатыны  – латынға көшсек, бойымызды орыстан тез арада аулақ салатын боламыз дейді. Бірақ қай тараптан аулақ салатын боламыз дегенді түсіндіріп бере алмайды. Бар айтатындары –« әуелде рухани тәуелділіктен арыламыз» деуге негізделеді. Бұған айтарымыз мынау: рухани тәуелділікті бойға үйіру – әркімнің санасына байланысты. Нағыз ұлтжанды қазақ ормандай орыс түгілі, қалың қара қытайдың, испандық, португалдық, ағылшындық үстемдік алған Америка елдерінің бел ортасында отырса да, өзінің рухани тәуелсіздігін сақтайды. Өкінішке орай қазақтың бәрі ұлттық болмыс тұрғыда ондай биік рухты емес. Қазақты жамандаған кісімен алыса кетуге дайын тұратын менің өзім, кейде халқымның арасында бөгдеге еліктегіш пен бейімделгіштердің мол екенін мойындаймын. Басым көпшілігіміздің жігерсіз, намызсыз болып кеткенімізбен келісемін. Он қазақтың ортасына бөгде біреу келсе, әлі күнге дейін әмбеміз соның тілінде шүлдірлей жөнелетін тым көңілжықпастығымыздың да бар екенін жасырмаймын. Бір сөйлемді орысша құрастырып айта алмайтын кемпір-кемештерімізге дейін «больница», « подьезд», «остановка», «ручка», «поворот», «свет»…  ой, күнделікті қолданыстағы осындай қаншама сөздерді ешқашан қазақша айтпайтынын, тіліміздің бүлініп, бұзылып кеткенін, оларды жөндеуге еш ықылас танытпайтын бойкүйез екенімізді тағы да растап, бас шұлғимын. Ендеше, үш-төрт атадан бері бойымызға орыс сіңірген, елдік қалпымызды бұзып, бөтен арнаға түсіріп жіберген осындай рухани тәуелділіктен  «латынға көшсек, бірден арыла саламыз» деген тұжырым да ойға сыйымсыз іс.
«Мұндай келеңсіздіктерден латынға өту арқылы бірте-бірте арыламыз» дейді кейбір көрегендер. Сол көрегендерге сене салайықшы, латынға көшкен күні шекарамыз тарс жабылып, бізге шетелдерден бөтен рухани тұрғыдағы қаймана құндылықтарды жеткізушілердің аяқтарына бірден тұсау салына сала ма? Ресей мен Батыс Еуропадан келіп жатқан газет-жорналдар мен кітаптардың саны бірден азая қоя ма? Әр қазақтың үйіндегі теледидардан «Отау ТВ», «Бейне ТВ» тағы да сол сияқтылар мен анау, дөңгелек антенна арқылы көрсетіліп жатқан орыс тіліндегі хабарлар мен кинолар тыйыла қала ма? Сан түрлі сойқанды суреттер мен эротикалық мәтіндегі хабарламаларды тарататын интернеттің «ұяты оянып», латын әрпімен қазақша мәтіндегі өнегелі сөздерді жаза бастай ма? Осындайларды ойламаған көреген реформаторлардың рухани тәуелділіктен латын әрпі құтқарады дегеніне қалай сенесіз?
Сонымен, латынға көшеміз бе, көшпейміз бе? Елбасы бұл мәселені көтерді,  оны көптеген адамдар қолдап отыр. Қарсылар да аз емес. Алайда дәл қазір немесе жуық арадағы он жыл ішінде латын әрпіне көше салу – бізді көптеген қателіктерге әкеліп соқтырады.  Елінде 99 да 99 пайыз халық өзбек тілінде сөйлейтін Өзбекстанда бұл құбылыс әлі күнге дейін қиыншылық туғызып отырғанын барыс-келіс ағайындардан естиміз.Өзіміз де арамыз жақын болғандықтан, ол жаққа жиі-жиі барамыз. Егделері латынды ұқпайды, жастары кириллді білмейді. Екі буын арасында рухани байланыс үзілгендей көрінеді. Десек те, Өзбекстандағы жағдай біздегі сияқты емес, онда ұлттық тұтастық бар. Соның өзінде латынға көшуді ешбір дайындықсыз ерте бастан қолға алғандарына қынжылатын ғалымдар мен зиялылар мол. Олардың айтуынша, латын қазіргі өзбекті өркениетке емес, тығырыққа тіреп отыр. Әзірбайжанда да жаба тоқығанымен, ахуал мәз емес. Ал Туркияның жолын бізге айқын мысал ретінде алға тарта беру тіптен жөнсіз. Өткен ғасырдың басында Туркияның зиялылары араб жазуын қолданғанымен, халқының бәрі ол әріпте оқып, жаза білмейтін. Былайша айтқанда, ол кезде Туркияда баршаға бірдей ортақ білім беретін оқу жүйесі болмайтын. Ататүрік енгізген жалпыхалықтық латын әрпі оларға біздегідей үйреншікті әліпбиден басқа әріп қолданысына өтетініміздей, тосын нәрсе болмады. Өйткені жастардың  тоқсан пайыздан астамы осы әліпбимен сауатын ашты. Сондықтан басым түркілерге латын әрпі ата жазуындай болып кетті. Ал біздегі жағдайға келсек, ол – тым бөлек.
Сонымен, латынға көшуді қалаймыз ба, қаламаймыз ба? Егер түбі көшетін болсақ, біз оған дайындықты мынадан бастауымыз керек. Нақтысын айтқанда, бұған үкіметтің өзі бастамашы болуы шарт. Елбасы жолдауда «2025 жылдан кейін латын әрпіне көшеміз» деді. Енді біз одан: «Елбасы мырза, бұл сөзіңізді қандай мақсатпен айттыңыз?» деп сұрауға тиіспіз. Егер ол бұған: «Қазақ пен оның тілінің болашағы үшін» деп жауаптаса, оған өтініш етейік: «Елбасы мырза, біздің латынға қостілділік қалпымызбен өтуіміз пайдасыз. Латынға өтетін дайындықты алдымен сіз бастаңыз. Дайындығыңыздың белгісі болсын, ертеңнен бастап барлық жиындардағы, кездесулердегі сөзіңізді тек қазақша айтыңыз. Осылай етсеңіз, бір айдан кейін сіздің құзырыңыздағы – орыс-орманы, шала-тазасы бар бүкіл қызметкерлеріңіз ұлығынан кішігіне дейін тап-таза әрі анық қазақша сөйлейтін болады. Одан кейінгі үш-төрт жыл көлемінде қазақша білмейтін қазақтар мен өзге ұлттар біздің тілде еркін сөйлей бастайды. Сөйтіп 2025 жылға дейін қазақ елінде тұратын бүкіл жұрттың 90 пайызы қазақша сөйлесе, сол жылы сіз жоспарлаған латын әліпбиіне оп-оңай өте саламыз».
Қысқасы, қазақ қоғамындағы әртүрлі себеп-салдарларды саналы түрде талдасақ, латын әліпбиіне көшуге  – қазір түгілі, 2025 жыл да ерте тәрізді. Қорықпай өте беру керек дейді біреулер. Қорықпайсың-ау, бірақ артында қаншама түйіні шешілмеген мәселелер барын да ұғыну керек қой. Әліпби ауыстыру деген сөз – бүкіл жұрттың санасын өзгерту деген сөз. Бұл – бір қоғамнан екінші қоғамға ауысқан елдің басынан кешетін қиын ахуалдан да күрделі мәселе. Біз алдымен осы әріппен-ақ қазақылық қалпымызды әбден түзеп алуымыз керек. Өйткені жартысына жуығы қазақ, жартысына жуығы дүбәрә, қалғандары мемлекеттік тілге пысқырып та қарамайтын жұрты бар елде, басқа әліпбиге көшуді немесе ұраншылдардың жетегімен оған өте салуды – онсыз да мәдениеті мен көзқарас-ұстанымы біркелкі емес, тұрғылықты халқы  мүлде рухани жүдеу мемлекетте іске асыру – кешірілмес қылмысқа пара-пар болмақ. Латын әрпі керек пе, керек емес пе деп, қызылкеңірдек болып өзара айтыса бергенше, одан да үкіметке барша қазақстандықтарды қазақ мүддесіне қарай өмір сүруіне, бой түзеуіне, оның тілін үйренуіне бастамашы болыңдар деп талап қояйық.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы.