Төреайым Сұлтанова- тоғызқұмалақ ойынының жанашыры

234
0

Халқымыздың салт-дәстүрі мен өнерін, спортын өрге сүйреп жүрген, сонымен қатар, тілі мен дініне де жанашырлық танытып, осы жолда өзгелерге өнегелік көрсете білер арамызда кім бар десе, ойланбастан «Төреайым Сұлтанова» дер едік. Себебі, ол кісінің жаны нәзік болса да, ер азаматтың қолынан келе бермес үлкен істерге ұйытқы болып жүретінін білуші едік.
Өзі туып-өскен ауылға зәулім де, еңселі мешіт үйін салып жатқан Төреайым Жолдыбайқызы кешегі Ұлыстың ұлы күнінде, яғни наурыздың 24-і мен 31-і аралығында Шымкент қаласында өткен республикалық балғын тоғызқұмалақшылар сайысына демеушілік жасап, жарыстың басы-қасында жүргеніне тәнті болғанымыз бар. Сөйтсек, бұл кісі демеуші ғана емес, ОҚО тоғызқұмалақ қауымдастығының төрайымы екенін кеш білдік. Жастайынан осы бір, ұлттық ойынға құмартып өскен қыз есейе келе ана атанып, немере көрсе де, тоғызқұмалақтан қол үзіп кете қоймағанға ұқсайды. Өткен жыл Төреайым Жолдыбайқызы үшін табысты жыл болып есептеледі екен. Тоғызқұмалақтан 2012 жылдың қорытындысы бойынша ол кісі Қазақстан Республикасы «Меценат» байқауының жеңімпазы болса, республикадағы «Ең үздік қауымдастық» байқауының жүлдегері атанған. Мұнан бөлек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, зияткерлік тоғызқұмалақ қауымдастығының президенті Қ.Идирисов Төреайым Сұлтановаға мынандай мазмұнда Алғыс хат табыс етті. Онда: «Құрметті Төреайым Жолдыбайқызы! Сізге 2012 жылы Шымкент қаласында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған халықаралық жарысқа демеушілік жасап, жоғары деңгейде өткізуге зор үлесіңізді қосқаныңыз үшін алғысымды білдіремін! Ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан рухани құндылығы жоғары ұлттық ойынға көрсеткен салиқалы жұмыстарыңыздың жемісін көріңіз. Атқарып отырған кәсібіңізге береке, деніңізге саулық, отбасыңызға бақыт тілеймін» делінген.
Кешегі өткен жарыс та Төреайым Сұлтанованың демеушілігімен жоғары деңгейде өтіп, 10 мен 14 жас аралығындағы тоғызқұмалақшылар 36 жүлделі орынды сарапқа салды. Жарысқа еліміздің 14 облысынан бөлек, Алматы, Астана қалаларынан барлығы 252 спортшы қатысып, Азия чемпионатына берілер жолдама үшін сынға түсті. Ұлттық құндылығымызды дәріптеу жолында,  жанашырлық танытып жүрген Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Төреайым Жолдыбайқызы Сұлтановаға дәйім жақсылық тілеп, еңбегінің жемісін көруді жазсын дейміз.

Е.Сәрсенбин.