Елбасы және Ұлыстың Ұлы күні

245
0

Өсер елдің өрендерінше әркез өнегелілік танытып жүретін,  «Ұлық болсаң кішік бол» деген қанатты қағиданы ұстанған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұбайы Сара Алпысқызымен бірге Наурыздың 24-ші жұлдызында Ұлыстың ұлы күні- әз-Наурызды халықтың ортасында атап өту үшін оңтүстік астанаға арнайы ат басын бұрды. Алматы қаласындағы «Астана» алаңында өткен мәртебелі мереке барысында мемлекет басшысы жиналған жұртшылық пен бүкіл қазақстандықтарды және ұлық мейрамды тойлайтын күллі түркі халықтарын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай  отырып, баянды бақыт, зор денсаулық, молшылық пен рухани күш-жігер тіледі.
Бойына бірнеше өнер біткен Нұрсұлтан Әбішұлы қазақтың қасиетті қара домбырасын қолына алып, әуелете ән де шырқады. Киелі де, кепиетті әуен көңілдерін көкке өрлеткен көпшілік қауым да бір серпіліп қалды. Оңтүстік астана жұртшылығы биылғы Наурыз мерекесін осындай көл-көсір көңіл-күймен қарсы алды. Қуанышымыз ұзағынан болғай, ардақты ағайын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

“Уақыт”