Жүгенсіз кеткен жастардың қатігездігі қорқытады

Оңтүстік Қазақстан облысында 19 жастағы жас жігіттер арасында орын алған ұрыстың соңы қайғылы жайтпен аяқталды. Балалардың бірі шолақ мылтықпен екі бозбаланы атып салып, соның салдарынан олардың бірі көз жұмған, екіншісі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізіліпті. Бұл жайында ОҚО ІІД баспасөз қызметі мәлімдеді.

Оқыс оқиға Сарыағаш ауданында орын алған. Екіжақты ерегіс салдарынан атылған оқ бір жігіттің өмірін қиса, екіншісін ауыр жаралады. Бұл жайында тәртіп сақшыларына жараланған жас азаматтың өзі айтқан. Оның сөзіне сенсек, жолдасы екеуі үйде отырған сәтте төрт жас жігіт есікті ұрған. Есікті ашуға екеуі бірге барыпты. Біраз әңгімеден кейін «қонақтармен» ерегіскен бұл екеуін әлгілердің бірі атып салған.
Тексеру барысында белгілі болғандай, қолын қанға малыған күдіктілер жергілікті тұрғындар, әрі жәбірленгендермен бір мектепте оқыған азаматтар болып шықты. Басты себеп – бұрыннан келе жатқан өзара ерегіс. Қазіргі таңда күдіктілер ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Олардың төртеуі де 1994 жылы дүниеге келгендер.
Айтсын-айтпасын,соңғы кездері бесіктен белдері шықпай жатып,бір-бірлерін аяусыз ұрып-соққан, аса қатігездікпен ажал құштырып, онысына ешбір қысылмайтын жастардың әрекетінен қорқатын болдық. Ә десе қолы қаруға жүгіретін жүгенсіз жастардың тірліктерінен тұла бойың түршігеді. Мұның бәрі сананы жаулап алған батысты фильмдердің өз елімізде ашық көрсетіліп жатқандығынан болуы да ықтимал екендігі даусыз.

«Уақыт»

ПІКІР ЖАЗУ