ҚОҚЫС ТАСТАУШЫЛАРДЫ ШЫБЫҚПЕН ЖАЗАЛАР БОЛСА, ШІРКІН!

434_3afb1d4bc7fc6e9b4dfba5b38cf0ae5aАлып империя Кеңес одағының көсемі В.И.Лениннің туылған күнінде Елбасы Н.Назарбаев Астананың өркендеуінің жай-жапсарын білу мақсатында жиын өткізгені белгілі. Осы жиында атқарылған істерге аса көңілі тола қоймаған  президент әсіресе қала көшелерінің тазалығына келгенде қатқылдау айтты. Шынында Сингапурдегідей көшеге қоқыс тастаушыларды шыбықпен жазалар болса шіркін, онда біздің Шымқаланың жастары бірінші жазаланып, содан кейін көше тазалығы дегеннің не екенін білер ме еді?! Бірақ, Шымкент «Техас» емес пе, одан да есебін тауып сытылып шығып кетпесе.

Бір мезгіл Шымқаланың орталығы саналатын Жаңашаһар, 8-мөлтек, Мангелдин, Жангелдин көшелерінің бойымен жүріп өтіңізші, ұяттан кіріп кетер жер тапай қиналасыз. Бұл аймақтардағы қоқыс жиналмайды емес, жиналады. Алайда, мәдениет, өркениет бізге тансық емес пе, әлде санамыз оны әлі сіңіре алмай жатыр ма, бүгін тазаланған жер ертеңіне қайта бәз-баяғы қалпына келе қалады. Көбіне байқасаң жап-жас студент жастар бұрқыратып шеккен темекісінің тұқылын көрінген жерге атып ұрып, көшенің дәл ортасында қақырынып, түкіріп кетіп бара жатады. «Мынау көпшілік жүріп — өтетін орын ғой» деп ұялу былай түрсын, кейде ескерту жасай қалсаң, одан бетер өршеленіп кететіндері тағы бар.
«Жастар елдің жарқын болашағы»- деп шырылдаған президенттің сөзін де самарқау қабылдайды. Айтатындары, ішкен сыраның бөтелкесі мен шеккен темекісінің қорабы. Әрине, мен бүкіл студент жастар сондай демеймін. Дегенмен, жартысынан көбі сондай екенін күнде көріп жүрміз, анда-санда сөзіміз жараспай қалатынын да неге жасырайық? Осындайда «Жастар саясатын» бақылаушы ұйымдар осы немен айналысып отыр екен деп те налисың? Өкінішке орай, бізде «аты бар, заты бар мен жоқтын арасында қалған» ұйымдар шаштан көп. Сол себепті, «Қойшы көп болғасын қойымыз арам қатып жатыр». Бүгінгі әдепсіз жастан ертең қандай отағасы мен отанасы шығады. Ол өзі өсірген ұл-қызына қандай әдепті, тәрбиені бере алады? Екі беті қызармай, «Тазалық-денсаулық кепілі» деп өсиет айта ала ма? Айтар-ау, дегенмен «Атаңа не істесең, алдына сол келеді» дегендей, оның бүгін істегенін ұрпағы қайталамас дейсіз  бе?  Осыдан барып, қоғам халінін қаншалықты мүшкіл екенін байыптай берген жөн шығар-ау.

Ж.ДУРМАНОВА.