Еліміздің болашағы — жастар ал балалардың болашағы педагогтардың қолында

225
0

DSC_5106Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында  педагогикалық олимпиада өтті. Оған педагогика ғылымдарының кандидаты Айгүл Қалменова басқаратын «Жалпы педагогика» кафедрасы басшылық жасады. Олимпиада «Балалар-еліміздің болашағы» деген тақырыпта ұйымдастырылды. Мақсаты белгілі. Студенттік педагогикалық жасақтардың қызметтерін қолдау. Тәлімгерлердің педагогикалық шеберлік деңгейін арттыру. Студент жасақтары мүшелерінің шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Олимпиадаға әр факультеттен бір командадан, барлығы алты команда қатысты. Филология факультетінің командасы «Фелица» деп аталыпты. Ал спорт және әскери дайындық факультеті «Айбынын» бәйгеге қосты. Физика-математика факультеті өздері үкілеген командасына «Болашақ» деп айдар тағыпты. Тарих және кәсіби білім факультеті «Шаңырақты», химия және биология факультеті «Қарлығашты» оздырамыз деп, жанкүйерлік жасады. Ал педагогика және психология факультеті «Серпінін» бәйгеге қосты. Бәрі де намысты қолдан бермеуге тырысты.
Командалар оқушылардың сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын және жазғы демалыстарын ұйымдастырудағы студенттердің теориялық және әдістемелік даярлықтарын көрсетті. Тәлімгерлердің, балалардың бос уақыттарын  ұйымдастырудағы қолданбалы іскерліктері мен дағдылары қалай қалыптасқанын айғақтайтын шараларын ортаға салды. Мектептермен, мектеп түлектерімен кәсіптік бағдар жұмыстарын дұрыс жүргізуге тырысып бақты. Институтта студенттік педагогикалық жасақтардың үздіктерінің бірі болуға тырысты. Тартыс күшті болды. Институттың проректоры-бірінші проректоры Дініслам Болатханұлы басқарған қазылар алқасы үшін ең мықты команданы анықтау оңай бола қойған жоқ. Бірақ олимпиадада бәйгеден біреу алда, біреуі сәл кейінірек келетіні белгілі.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Шолпан Арзымбетова басқаратын Педагогика және психология факультетінің «Серпін» командасы өзгелерден озып, бас жүлдені жеңіп алды. Енді олар Алматыға сапарға шығуға әзірленіп жатыр. Республикалық педагогикалық олимпиадаға қатысып, жүлделі орынды жеңіп алып келеміз деп, тастүйін бекініп отыр. Бірінші орынды филологтар, екінші орынды  тарихшылар мен кәсіптік білім алып жатқандар, үшінші орынды химиктер мен биологтар иемденді.
Еліміздің болашағы –жастар. Бұған ешкім дауласпайды. Бірақ балалардың болашағы ертең педагог болып шығатын бүгінгі студенттердің қолында. Сондықтан, оларға осындай педагогикалық олимпиадалардың берері мол. Мұны Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің жолдауында қамтып, жарқын істерге жастарды молынан тарту жөнінде атап көрсеткен-ді.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ.