Халықты алдап, ақша жиғандар аяқтарын алшаң басып жүре бере ме?

DSCN36452 ОҚО тәртіптік кеңестің кезекті мәжілісінде заңсыздық әрекеттерге байланысты бірқатар мәселелер қаралып, соның ішінде Сайрамдағы жер дауы тағы да көтерілді. Бір қызығы, прокуратура да, тәртіптік кеңес те берілген шешімдердің заңсыз екендігін айтудан жалықпайды, ал шын мәнінде халыққа берілген заңсыз шешімдерді берген шенеуніктердің жазадан сытылып кетулеріне ықпал жасайтындай.

Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте жер кезегінде тұрғандардың саны күрт  асқан соң 2008-2009 жылдары 4504 азаматқа сол кездегі ауыл әкімі болған Тұманбек Әлиев және ол Қазығұрт ауданына әкім болып кеткен соң бір жылға жуық ауыл әкімінің міндетін атқарған Мұхтар Төледияров екеуі оңды-соңды шешім шығарып, жердің зарын тартқандарды әп-сәтте жарылқап тастады. Бұл кезде ауданды Мұхит Әлі басқарса, жер комиссияның төрағасы әрі аудан әкімінің бірінші орынбасары Әлі Әмірәлиев болатұғын. Сол кездегі аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы, «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» Қанат Медетов әлі күнге осынау құзырлы бөлімнің құлағын ұстап отыр. Төрт жарым мың халыққа жерге ие болу жөніндегі шешім берілген соң оларға «жасанды» фирмалар арқылы көрмеген жерлеріне 10000 теңгеден сызба жасатқызады. Арада жылжып жылдар өтеді. Ауыл әкімі ауданды, аудан әкімі облыстық бір ірі басқарманы басқаруға кетсе, Төледияров Тассай ауылдық округі әкімінің орынбасары болып, ешбірінің қылшығы да қисаймайды. Осы берілген шешімдерде бір шикілік барын білген соң-ақ аудандық, облыстық құқық қорғау органдарына шағымданған азаматтардың арыздары бойынша тексеру жүргізілгенде, масқарасы сол-берілген барлық шешімдер заңсыз болып шыққан. Себебі, халыққа берілмек болған жерлер 130-дан астам шаруа қожалықтарының ұзақ жылға алған жерлері екен. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылыптының» кері келіп, халықты алдап соққандар айылдарын да жыймастан «өсіп» кетсе, ауыл округінің жер инспекторы жауапкершілікке тартылады, жұмысынан босатылады. Әйтсе де, сот арқылы өзінің кінәсіздігін дәлелдеген ол өзінің бұрынғы жұмысына қайта орналасты. Қарап тұрсаңыздар, қойылым өте сәтті шығып, «әртістер» өз рөлдерін керемет орындаған. Қаржыларын қағып, алданған 4504 азаматтың обал-сауаптарынан қорықпағандар әлі де аяқтарын алшаң басып жүр.
Ал, Ақсукенттің бүгінгі әкімі Нұрболат Қаратай да тым әккі екен. Кешегі күнге дейін халықты «бүгін-ертеңмен» алдап келген ол, өткен жылы-ақ барлық шешімнің күшін жою туралы шешім шығарып қойғанға ұқсайды. Қарапайым халықты қан қақсатқандарға заң жоқ па, әлде «қарға қарғаның көзін шұқымайдының» кері ме? Тәртіптік кеңесте осы даулы оқиғаға баға беріліп, Сайрамда жер дауын тудырушының бірі де бірегейі, аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Қ.Медетовтың мәселесін қарауды Сайрам аудандық әкімдігіне жолдағанын білген соң-ақ, 4504 азаматтың құқығы қорғалатындығынан күдер үзгендей болдық.Бес жылдан бері бітпей келе жатқан жер дауының әлі қаншаға созылары әрі оған кімнің нүкте қояры тағы белгісіз.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.