Жетпіс бесінші жаңа мектеп

204
0

2-2Мақтарал ауданы, Қызылқұм ауыл округі, Бірінші Мамыр ауылында өткен бейсенбіде қуанышты оқиға орын алды. Осындағы П.Есенбеков атындағы жалпы орта мектебі өткен ғасырдың ортасында, яғни 1951 жылы пайдалануға берілген екен. Сонан бері жамап-жасқап, әрлеп дегендей пайдаланылып келіпті.Сөз реті келіп тұрғанда оның жан-жағы бау-бақшаға оранған, гүлзарлармен көмкерілген ауылға көрік беріп тұрған бір ғажап мүйіс екенін айта кеткен жөн сияқты. Сонымен ашылу салтанаты басталып та кетті. Оған Мақтарал ауданының әкімі С.Тұрбеков,ОҚО білім басқармасының бастығы А.Елшиева, «Нұр Отан»ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Байдуллаев,аудандық мәслихаттың депутаты,еңбек ардагері О.Нұржанов,сондай-ақ тапсырыс беруші мердігер мекемелердің басшылары қатысты.

Ауданда 121 жалпы орта мектеп болса,бүгін соның 75-ші типтік мектеп ғимаратының ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Былтырдан өтпелі 6 мектептің құрылысы қазір жүріп жатыр.Оның біреуін таяуда өткіземіз.Одан өзге, 4 мектептің құрылысы басталады.Жыл аяғына дейін тағы 3-4 мектеп іске қосылады.Келесі жылдың аяғында типтік білім ошақтарының саны 87-ге жетеді.Мұның бәрі Елбасы  Н.Назарбаевтың дұрыс әлеуметтік-экономикалық саясатының арқасы, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
А.Елшиева ханым ата-аналарды, ұстаздарды, шәкірттерді осы қуанышпен құттықтады. Шәкірттерді ұлттық дәстүрімізге сай тәрбиелі болуға шақырды, сапалы білім алуға үндеді.
Осы мектептің түлегі, еңбек ардагері,аудан халқын талай табыстарға бастай білген, бұл күнде аудандық мәсихат депутаты О.Нұржанов өз сөзінде аталған мектепте саналы тәрбие мен сапалы білім өзара ұштасып жатқан, жылдар бойы қалыптасқан игі дәстүрдің бар екендігін айтып берді. Өте сапалы салынған осы тамаша ғимараттың алдынан тас жол салып, оны таяқ тастам жерде тұрған ауыл ортасындағы асфальт көшеге 1-ші қыркүйекке дейін қосуды ұсынды.Сонымен қатар ол Ақтөбе, Алғабас ауылдары жағынан келешекте осындай мектептер салынса, оған себеп,ауылда демографиялық өсім жоғары, шетелден қандас бауырларымыз келіп қоныстанып жатыр, – деген тілектерін ауыл тұрғындары атынан билікке жеткізді.
2004 жылдан бері қарай мектептің 300 шәкірті мемлекеттік грантпен оқуға түскен. 11 оқушы «Алтын белгі»иегері атанса,14 оқушы «Үздік аттестатқа»ие болыпты.Халықаралық Қазақ-Британ университетін 3 оқушы бітірді.
Терең білім алу үшін, әрине, барлық  жағдайлар жасалған жаңа типтік ғимараттың болғаны жақсы. Дегенмен, мұның басты шарт еместігін аталмыш мектеп мысалынан, директордың сөзінен аңғардық. Ескі мектепте жүріп-ақ, осындай қомақты табыстарға педұжым мүшелері қол жеткізіпті. Ендігі жерде заман талабына сай бәсекеге қабілетті, сапалы білімді талай қазақ баласын қабырғасынан аттандырарына жиналған жұрт сенім білдіріп жатты. Ылайым, солай болғай!

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ,
Мақтарал ауданы.