Шымкентке кімдер келіп, кім кетпеген…

215
0

1-3Апта абыр-сабырмен басталды. Кешегі күнге дейін «Шымкенттің әкімі болған Қайрат Молдасейітов өз еркімен қызметінен кетті. Кетуіне «Рабаев ісінің» қатысы болуы мүмкін» десек, қарсы тарап: «Жоқ, Құсейінұлы кеткен жоқ, ауруханада жатыр» дегендей жорамал жасаған-ды. Алғашқылардың айтқандары шындыққа айналды. Кімдер келіп, кім кетпеген Шымкент қаласының әкімі орынтағына көпшілікке аса танымал емес, 39 жастағы Дархан Сатыбалды отырды. Облыс әкімі А.Мырзахметов қалалық мәслихат депутаттары алдында «су жаңа» әкімді таныстырып, келісімдерін сұрады. Бір түсінбейтініміз, алдын ала «келісілген» әрекет болса, депутаттарды мазаламай-ақ, Дарханды бірден «дайын орынға» отырғыза салмады ма? Бұлай деуімізге себеп, Дархан Амангелдіұлының шырайлы Шымкентке әкім болып тағайындалатынын бір апта бұрын «ұзын құлақтан» естіп қойғанбыз.

Хош, сонымен Шымкенттің жаңа әкімі Дархан Сатыбалды кім, қайда істеген енді соған көшелік. Ол – Оңтүстік Қазақстан облысы,Сарыағаш ауданы, Абай ауылының тумасы. Жасын жоғарыда айттық. Ақмола ауылшаруашылығы институтының экономист- менеджер маманы. Бүгінгі билік басындағы лауазымды тұлғалардыңкі сияқты ол да екінші мамандықты, яғни заңгер деген мамандықты Қазақ гуманитарлық заң университетінен алған. Ғылымға да бет бұрып,экономика ғылымдарының кандидаты атанған. Мемлекеттік марапаттардан да кенде емес. «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалін, ҚР Президентінің Алғыс хатын алып үлгерген.
Енді Дархан Амангелдіұлының «ерен» еңбегі жолдарына үңіліп көрсек. Коммерциялық мекемелерде жұмыс істеген соң, ҚР Қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитетінде жетекші маман, мемлекеттік мекемелерлегі бюджеттік атқару бойынша Бақылау басқармасында бас бақылаушы – ревизор болған. ҚР Президенті істері Басқармасының да «нанын жеген» ол Астана қаласы әкімдігінің «Жылу» МКК-ның директоры болғанға ұқсайды. ҚР Жоғары соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитетте еңбек еткен. Тіпті, ҚР Білім және ғылым министрлігі бюджеттік департаменті директорының орынбасары, қаржы департаменті директорының орынбасары және ғылым комитеті төрағасының орынбасары болған Дархан Сатыбалды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы қызметі жолынан да өткен. ҚР Премьер – министрі Кеңсесінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған.
Бірқатар (санынан да жаңылып қалғандаймыз) төбелерге (биіктерге емес) ту тігіп үлгерген Дархан Амангелдіұлының ендігі жерде миллионға жуық халқы бар, еліміздегі үшінші қала атанбақ алып шаһарды басқаруға қабілет-қарымы, білім-біліктілігі, таным-тәжірибесі жете ме? Міне, мәселе осында! Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырып,жаңа әкімге жетістік, ескі әкімге абырой тілейміз. «Шуы» көп Шымкентке кімнің әкім болғаны емес, артында айта жүрер еңбегі керек.

Е.СӘРСЕНБИН.