Бес саусақтың біреуін тістесең, бәрі ауырады немесе депутат десең бәріне тиеді

214
0

3-4Күні кеше елімізді дүрліктірген әйелдердің зейнет жасын 63-ке көтеру тұрғысындағы шикілеу заңды бірден қабылдай салған Мәжіліс депутаттарының дәрменсіздігі мен шыбындаған атша бас шұлғи беретін бейшаралығына күйінген едік. Қоғамды дүр сілкіндірген осынау оғаштау әрекетке Елбасының өзі нүкте қоймағанда, соңы не болары белгісіз еді. Осындайда ғой, біз депутаттарды не үшін сайладық,оларға неліктен үміт арттық? Халықтың үмітін ақтамайтын ондай қалаулылардың бізге не қажеті бар? – деген ойға берілеміз. Бір заңға байыпты көзқарас таныта алмаған Мәжілісті Президент тарата салса, еш өкінбес едік. Кетер еді, Әбденовтың соңынан, салпақтап…

Жалпы, депутат елдің, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтамаса, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге бас қатырмаса, өзі сайланған аймақтың тұрғындарына берген уәде сенімінен шыға алмаса, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаттарына араласа білмесе, онда  оның мандатын кері қайтару керек немесе депутат: «Бұл – менің отыратын орным емес екен, кешіріңіздер» деп, өз еркімен бас тартса ерлікке пара-пар тірлік істеген болар еді! Қайдан, оларға абырой емес, мандат қымбат. Жарайды, Мәжіліс депутаттары қайда, біз қайда? Өзіміздің жергілікті мәслихат депутаттары ше? Олардың деңгейлері қалай, енді осы жөнінде де бірер сөз айта кетсек.                                                                                  Абайдың бір сөзі бар: «Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де оздық кісіміз, өзіміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтамыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, яки елдегі бұзақыларымызды бүліндіріп аламыз ба, яки өзіміз шығындап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? – деп ебіне қарай біреуді жетілтейін, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді»,- деген.                                                           Айырмашылығы, болыс-би демесек, басқасының бәрі бүгінгі депутатқа қарата айтылғандай. Төбеден – төменге қарайғы барлық деңгейдегі депутаттардың өз бизнестері бар десек, қателесе қоймайтынымыз рас. Солардың қай-қайсысы болмасын, елдің мүддесінен гөрі бизнесінің бабын күйттейтіні белгілі. Ешқайсысының «бәлелі» жерді басқылары келмейді, заң қабылдаса да, бюджетті бекітсе де бас шұлғи береді. Партада отырған тәртіпті оқушылардан ешбір айырмашылықтары жоқ. Ылғи бас шұлғи беретін сессия да оларды жалықтыратындықтары анық. Сонан соң ғой, өз жұмысымен жүрген әлдекімді түртпектеп зерікпеудің амалын қарастыратындай. Бұлай деуімізге себеп, соңғы кезде аудандық мәслихат депутаттарының жиі-жиі «бас көтеріп», біресе әкімге, біресе хатшыға сенімсіздік білдіріп жатқан оқиғалар орын алуда. Одан гөрі, «күйіп» тұрған мәселелерді қаузағандары жөн еді.                                                                                         Мәселен, Сайрам ауданының мәслихат депутаттары 80 жылдық тарихы бар, 3 тілде жарық көретін аудандық газеттерді бар-жоғы 2,5 миллион теңгеге жеке адамға сатып жіберетіндей бастарына не күн туды? Мейлі, білместікпен бе, әлде жоғарыдан сондай  нұсқау түскендікпен бе, сатылсын-ақ дейік. Бірақ бір жылға жуық уақыттан бері ол газеттердің 2007 жылғы тіркеу куәлігімен, нақты меншік иесі көрсетілместен, бар-жоғы «Сайрам ауданының газеті» деген сілтемемен жарық көріп келе жатқандығына  қалайша көңіл аудармайды? Биыл ол басылымдарға жергілікті бюджеттен 11 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініпті деген әңгімені естіп жүрміз. Егер рас болса, мәслихат депутаттары ол қаржыны қандай негізге сүйеніп бергізіп жүр? Дәл осындай жағдай басқа бірде-бір ауданда жоқ.                                                                                                                                          Мақтаралдық депуттар да айдың күні амандарында шу көтеріп, мәслихат хатшысын «кетіріп» тынды. Отырарлық қалаулылар ғой, аудан әкімімен айтысып-айтысып, ақыры қойды. Сонда дейміз-ау, депутаттардың басқа істейтін тірліктері түгесіліп, ендігі жерде  өздеріне ұнамаған кадрлармен күресуге көшкен бе, деген ой әркімнің-ақ көкейінде жүргені анық. Мінеки, тағы бір даудың төбесі Ордабасы ауданынан қылтиды. Тағы да сол, аудандық мәслихаттың депутаттары мәслихат хатшысына сенімсіздік көрсетіп, қызметінен кетуін талап еткен. Қаншама маңызды мәселелер кезек күтіп тұр. Елбасы саясатын ұстана отырып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы бар, облыс, аудан әкімдерінің тапсырмалары бар, қала берді өз сайлаушыларының аманаттары бар, осы мәселелерге бас қатыруы тиісті депутаттар болса өзара қырқысып, айтысып-тартысып, алтын уақыттарын қор етуде. Дауды өршітпейін, бізге абырой керек, берекемізді қашырмайық деп, аудан әкімі бар тірлігін жиып қойып, ара ағайын болып жүргені – анау.  Сонда халық кімге сеніп, кімнен үлгі алулары тиіс? Депутат деген мәртебелі де қастерлі атауға ие болған, әйтсе де, әрекеттері әлсіздеу, тірліктері түсініксіздеу, жұмыстары жоғарыдағыдай қалаулылардан ба? Ұят-ақ, өкінішті-ақ! Демімізді басып, қалыптан ассақ та, халықтан аспағанымыз жөн емес пе, қымбатты, халық қалаулылары!

Қыдыр Қалиев.