Ұлтты ұйыстыратын басты құндылық – тіл және білім

2Мемлекет басшысының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» дегені ел ішінде қанатты сөзге айналып кеткеніне көп жылдың жүзі болды. Мемлекет құрушы қазақ халқының ұлттық құндылықтары туралы сөз болғанда, зиялы ортада мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы айтылады. Еліміз өз егемендігін алған күннен бері қарай өзектілігін жоғалтпай келе жатқан мәселелердің бірі де, біргейі де осы. 2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді дегенге күдікпен қарайтындардың бар екендігін де жоққа шығаруға болмас.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабының 2 тармағында; «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Елдегі орыс тілді қауым және ана тілін білмейтін өз қара көз қандастарымыз Ата заңдарымыздағы осы бапқа арқа сүйеп мемлекеттік тілді, өз ана тілін үйренуге мойны жар бермей жүрген болуы да мүмкін. Бірақ, бұл жағдай ұлтына қарамастан кез келген қазақстандықтың мемлекеттік тілді білуі шарт емес дегенді білдірмейді. Елдегі өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеру өз Отанының патриоты екендігін, өз елінің мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарайтынын айғақтайды. Қазақтың қазақ тілін білуі мақтанатындай нәрсе емес, ал білмеуі-қасірет. Ол қанша жерден бүкіл адамзаттық құндылықтарды алға тартып, «Ұлт» деген шеңберінде тұйықталмау керек екендігін дәлелдеуге тырысқанымен, ол адамзаттың ұлттық негізде өсіп өнгенін, құндылықтары мен мәдениетін сол негізде қалыптастырғанын жоққа шығармайды.
Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Н. Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясын қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауында былай деген еді; «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынның тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиісті міндет».
Санасында саңлауы бар адамға бұдан артық қалай айту мүмкін? Елбасымызға өз басыңды қалай қадірлесең, мемлекеттік тілді де солай қадірле деп тұр-ғой. Егер қазақ тілі біздің «рухани негізіміз» болса, ал біз оны қадірлей білмесек, демек рухани кедейлікке ұшырағанымыз. Дүниеде рухани кедейліктен асқан қасірет бар ма?
Мен Ұлы авар ақыны Расул Ғамзатовтың ана тілі туралы тұжырымдарына тәнтімін: «Ана тілім менің! Сен маған ризасың ба, білмеймін, бірақ менің тірлігім – сенсің, мен сені мақтан етемін. Сонау тұңғиық жер түбінен жарыққа, күнге, жасыл шөпке асыққан бұлақ суындай ана тілімнің сөздері жүрегімнен қайнап шығып, алқымыма тіреледі. Ернім күбірлейді. Өз күбіріме өзім түрем, ана тілім, саған құлақ тігем. Сонда маған бейне тұңғиықтан шымырлап шыққан таудың асау өзені елестейді. Мен судың бүлкіл қаққан дыбысын сүйем. Мен болаттың сыңғырын ұнатамын, қынабынан суырылған екі қанжардың бір-біріне соғылған даусын сүйем. Осының бәрі менің тілімде бар».
Мен бұл сөздерді Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» атты кітабынан оқығам. Иә, тілде ұлттың бар қадір-қасиеті, бітім-болмысы, таным-нанымы, ұғым-ұлағаты, пайым-пәлсапасы жатады. «Қай ұлттың тілінде сөйлесең, сол ұлттың өкілісің» деген екен бір данышпан. Дәлірек айтқанда бұл орыс тілі ғылымының білгірі В.Дальдың сөзі. Себебі, әр адамның бойына ұлттық қасиетті құндылықтары ана тілімен сіңеді. Ана тілі сәбидің бойына күннің шуағындай, топырақ құнарындай, мейірім бұлағындай, тұманның тұнығындай нәр береді. Өз жерінің қыранының саңқылы, аққуының сұңқылы, сандуғаштың сазды әуені, қара домбыраның күмбірі ананың әлдиімен үндесіп, көкірегіне ұлттық рух болып құйылады. Осылайша өз ұлтының қасиетті құндылықтарына тамыр жіберген перзент қана жер шарын бұтақтарымен құшып көкке көтерген, анаша әлдилеген Астанадағы алып Бәйтерек сынды «адамзаттың бәрін бауырым деп» сүйетін азаматқа, тұлғаға айналады. Міне, Ғамзатов айтқан сөздің ғаламаты осында.
Енді осы Расул Ғамзатов дегеніңіз қандай тұлға дегенге келейік. Бала кезімізде әке шешеміз: «Анау өзіңдей бәленшенің баласын қарашы, үлкенді кішірейтіп қойғандай. Сен қашан адам боласың осы»,- деп ұрсатын. Ұлы Абай да еліне қатысты сөз айтқанда осы әдісті қолданған, өзге ұлттың халқын кем тұтпай, жақсысын үйреніп, жаманынан жиренуге шақырған. Осы тұрғыдан алып қарағанда Расул сында ақынның жоғарыда айтылған «Менің Дағыстаным» атты кітабынан бір парақтап қою қазаққа көптік етпейді.
Өзі орда бұзар отызға жетпей, өмірден озса да талант сиқырымен әлі күнге жүректерімізді әлдилеп келе жатқан Төлеген Айбергеновтің «Түрікмен жазушылары Қазақстанға келгенде» деп аталатын өлеңінде мынандай бір шумақ бар:
Келдің сен менің Оралым толып оттарға, Келестен жолдар керуендеп мақта тартқанда. Сәлемге барсаң, Аварлық әлгі мұзбалақ ақын айтатын, Кенде емес таулар пайғамбар сынды қарттарға.
Сол «аварлық мұзбалақ ақыныңыз» осы Расул Ғамзатов.
Кіп-кішкентай Дағыстанды жырымен әлемге әйгілеген, Отанын қалай сүюді, ата-баба жолын, салт-дәстүрін, тілін, ділін, дінін қалай қастерлеуді отандастарының санасына сыналап, келешек ұрпақтарға мәңгі өшпес өсиет етіп қалдырғанда осы Ғамзатов.
Ол кеңестік кезеңде: «Егер авар тілі ертең өлуге тиіс болса, жүрегім жарылып бүгін мен өлейін»,- деген сөзді айта алған ақын. Біз бүгін қазақ поэзиясының классигі, ұлы ақын деп мойындаған Мұқағали Мақатаевқа: «Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай, әлі жыр жаза алмадым Расулдай» дейтін жыр қатарларын жазғызған Ғамзатов бұл.  Сол Расул Ғамзатов Мәскеуге келіп, ақындық атағы бүкіл Одаққа жайылғанда мәскеулік бір орыс жазушысы оған былай деп әзілдепті. «Сен Астанға келіп, асқақ шыңға көтерілдің». Сонда Расул: «Жоқ, мен асқақ шыңнан түсіп, Астанаға келдім»,- деген екен. Өз тауларын (Отаным деп түсініңіз) атақтан да, Одақтан да, Мәскеуден де, бәрі-бәрінен биік қойған ақынның осы азаматтық асқақ үні мен тау қыранына пәк тәкаппарлығы талай космополитіңізге ғибрат болғандай. Алақандай Дағыстанды мекен еткен қайтпас қайсар мінезді тау халықтары жүздеген жылдар азаттық үшін Ресеймен соғысқан. 25 жыл бойы атының терлігі кеппеген имам Шамильдің ұлт азаттық күресі талай шығармаларға арқау болған. Сол Шамильмен бірде достасып, бірде Ресей жағына шығып екіұдай күй кешкен Хаджи-Мұраттың трагедиясы Лев Толстойдың сол аттас әңгімесіне өзек болды. Осы бір орыстың ұлы жазушысының «Кавказ тұтқыны» повесіне де таулықтар мен орыстар арасындағы соғыс оқиғалары баяндалады. Бұл соғысқа ұлы ақыны М.Ю.Лермонтов та қатысып, бірнеше шығармаларын сол тақырыпқа арнаған.
Имам Шамиль мен біздің Кенесары ханның көтерілісі де, тағдырлары да ұқсас. Кешегі кеңестік кезеңде де Кенесарыны тілге алдырмауы, оны зерттеген ғалымдары, сол тақырыпқа шығарма жазған жазушыларды қуғындауы сол кездегі идеологияның патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын жалғастырғанының айқын айғағы. Таулықтардың бізден бір айырмашылығы – бодандық  қамытын мойындарына ілген жоқ, азаттық үшін күресін жалғастыра береді.
Әй, Дағыстан кіші болды-ау, халқым аз болды ғой. Енді бір мың қылыш болғанда маған…,- деп өкініпті Шамиль өлерінде.
Сенің талап-қайратың босқа кетті ғой, бар күресін зая кетті ғой, бар күресің зая кетті,- деген орыс князі Барятинскийге Шамиль: «Жоқ, заяға кетпейді, ол халықтың мәңгі есінде қалады. Көп қаншыл ата кегі барларды менің күресім бауырластырды, жауласып келген ауылдарды біріктірді. Баяғыдан тарыдай бытырап, өзара жауласып келген Дағыстанның халықтарын біртұтас Дағыстан деген халыққа біріктірдім. «Отан» деген сезімді, тұтас Дағыстан деген сезімді мен ұрпақтарыма қалдырдым. Ол аз олжа ма?» — деген екен.
Иә, ол Дағыстан халықтарын біріктіре алды. Саны 1 миллионнан аспайтын халықты, 40 ұлттан тұратын халықты, әр ауылы өз тілінде сөйлейтін шашыранды ұлыстарды бір ұлтқа, Дағыстан халқына айналдырды. Шынында да, биік таулардың әр қиясындағы бүркіттің ұясындай ауылдардың әрқайсысы өз тілінде сөйлейді. Тек тілі басқа демесең, салттары бір. Отаны бір. Ол – Дағыстан. Ал, тілі бір қазақ жүз-жүзге, ру-руға бөлініп, отаршыларға жем болды.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтің жүргізіп отырған саясаты да елдің бірлігін бірінші орынға қояды. Мұны тереңдеу ұғыну үшін Көшбасшымыз айтқан мына сөздердегі ақиқаттың тереңіне бойласаңыз жетіп жатыр.
«Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес, ала емес, қазақ әсіресе-алауыздықтан әлсіреген, күшейсе – бірліктен  күшейген»
«Қашанда, қай істе болсын ханы мен халқы бір болып, тұтастық құғанда мемлекет нығайып, ел ырысы тасады, Ал халқы қолдамай, ханы халқын қорғамай, өзімшілдік, өктемдік алып, талас-тартысқа түскенде мемлекет әлсіреп, ел ырысы қашады».
«Бірлік – біздің қасиетті туымыз… Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, болашағына сенбейінше, біздің жұмысымыз ілгері баспайды».
Енді Жолдаудағы мына сөздерге назар аударыңыз: «Тіл – Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс… Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025  жылға қарай Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер… Қазақстанның болашағы – қазақ  тілінде… Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – тіліміздің мерейін үстем ете түседі».
Осындай көзқарас тұрғысынан алып қарғанда, егер қазақ тілі «Бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылық» болса, тілді үйренуге құлықсыздық танытып жүргендер, тіпті ондаған жылдай биік лауазымды иеленіп тұрғанымен, қазақша бір сөйлем құрастыра алмайтындар ел тұтастығы мен бірлігін сақтауға, болашаққа сенбей, «мәңгілік ел» болуымызға мүдделік танытпайтындар деп бағалауға әбден болады. Логикалық тұрғыдан да басқаша айту мүмкін емес.
Тағы да тілдің қасиетіне тереңдей түсейік. Ғалымдар ежелгі ата-бабаларымыздың рухымен гендік ақпарат көздері арқылы байланысатымызды айтады. Марқұм Марат Қабанбайдың: «Мұқағалидың миында ұлттық рухымыздың коды бар»,- деп жазғаны бар. Сол гендік ақпараттар тіл арқылы келеді емес пе? «Ұлттық рухтың коды» да сол тілсіз ашылмайды. Мұқағали қанша жерден талантты болса да, тілі қазақша шықпаса, әр дініне дейін қазақы болмыстың жұпары аңқып тұратын жыр жазып, халық жүрегінен орын алар ма еді?
Расул Ғамзатовтың өте кең таралған «Тырналар» атты өлеңін ақын Ғафу Қайырбек аударған мына екі шумағын оқып қараңыз:
… Сонау бір алыс қалған кезден олар,
Жүргендей тіл қатысып бізбен олар.
Сондықтан емес пе екен әдетіміз,
Аспанға үміт толы көзбен қарар.
… Кезінде ұшады олар күн аумаған,
Шақырып әлде кімді тыраулаған.
Содан ба, кім біледі, талай ғасыр,
Авардың тырналардың тілі аумаған.
Әлдеқандай бір секем жүрегіңді шым еткізеді. Жоғарыда айтылған «гендік ақпарат» деген сөз еске түседі. Бір оқыған адам бұл өлең сұм соғыстан оралмаған солдаттардың рухына арналған деп қоя салуы мүмкін ғой. Бірақ, әңгіме төркіні тереңіректе жатыр. Байыптай үңілейікші… Аспанда қаз қатар тырналар ұшып барады. Бір кезде әскердің майданда сап тартқанындай. Шейіт болған жауынгердің рухы солардың үнімен тіл қататындай. Жер – Ана аман болса, тырналар шеруі тоқталмайды. Демек, бұл үн, бұл ән-мәңгілік. Егер «авардың тырналардан тілі аумағын» болса, бұл үн, бұ ән авар перзентіне түсінікті. Неге? Ана тілін сақтағандықтан. Ал, авар тілі жоғалса ше? Онда сол рухтың тілін кім түсінеді? Міне, мәселе қайда?!
Кейбіреу «Мен қазақ тілін білмесем де, сол тілде оқып, жаза алмасам да, қаным – қазақ, болмыс – бітімім – қазақтікі» деуге бейім тұрады. Жоқ! Қазақтың «Ұлттық рухының коды» тек қазақ тілімен ашылады. Демек, ана тілін білмеген адамның «Мен қазақпын» деуге моральдық қақысы жоқ.
«Қазақ пен қазақша сөйлессін» деген сөзді Елбасымыз егемендік алға күннен бері қайталаумен келеді. Соңғы Жолдауында тағы айтты. Неге осы ұлттық рухымызды қайрамайды?! Ойлап қараңызшы, егер «өзбек пен өзбек өзбекше  сөйлессін», «түрікмен мен түрікмен түрікменше сөйлессін», немесе «орыс пен орыс орысша сөйлессін» деген сөз айтыла қалса, қисынсыздығы бірден байқалып, естіген жанның еріксіз күлкісін шақырар еді. Себебі, ол елдерде ондай мәселе жоқ. Ал, біздің бетіміз бүлк етпейді. Етіміз соншалықты өліп кеткені ме? Жалпы, әлемнің бізден басқа елінде мемлекет құраушы ұлттың өз ана тілін білу мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп жүргенін естімедік.
Расул Ғамзатов әкесі Ғамзат Цадасаның досы, ақын Әбутәліп былай дейді: «Әрбір адамға өзінің ана тілі – негізі тіл. Өзінің тауын сүймеген адам, өзгенің жазығын сүйе алмайды».
Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз өзімізді Қазақ Мемлекеті деп атайтын боламыз.
Бұл Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың соңғы Жолдауында айтқан сөздері. Ал, әркімнің өз Көшбасшысына деген құрметі, сенімі оның айтқанын басшылыққа алуынан байқалса керек.

Қайрат БАЛАБИЕВ,
заң ғылымдарының докторы, саясаттанушы.