Біздің – сүйікті дәрігер

41Мейрамкүл… Қарапайым аталатын есім, оның өмірбаян жолында да анау айтқандай, ерекше ештеңе жоқ. Қарапайым қазақтың келіні, қарапайым еңбек жолы,өзі де қарапайым.
Қожамбекова Мейрамкүл 1958 жылы 12 маусымда Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қарасаз аулында көпбалалы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Баданбат – орманшы, анасы Нағима – сауда саласында қызмет істеген. Отбасындағы 7 баланың барлығы білімді, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбектеніп жүр.Соның бірі – Мейрамкүл отбасындағы жалғыз қыз болғандықтан ерке болып өсті.Ол мектепті 1975 жылы үздік бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп,1982 жылы емдеу ісі факультетін бітіріп шықты.

Қазақ халқы «Қыз – жат жұрттық» деп бекер айтпаған ғой. Тағдыр Мейрамкүлдей дипломды дәрігер қызды Шымкенттің келіні атандырды. Жолдасы Әбдікәрім де дәрігер. Қос дәрігер бас қосып, 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Марқұм Әбдікәрім қазір тірі болғанда, балалары мен немерелерінің қызығына тоймай жүрер еді.
Қожамбекова Мейрамкүл 1982 жылдан осы уақытқа дейін №2 қалалық емханада учаскелік дәрігер болып еңбек етіп келеді. 1-санаттағы дәрігерлеріміздің ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бірнеше мәрте республикалық, облыстық, қалалық денсаулық  сақтау мекемелерінің мақтау қағаздарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар да алды. Мейрамкүл қоғамдық жұмыстармен  да белсене шұғылданады, домбырамен ән салғанды ұнатады. Шымкент қаласы тұрғындарының денсаулығы жолында еңбектеніп жүрген Мейрамкүл сырқаттардың сырласындай болып кеткен жайы бар.
Жуырда біздің емдеуші – дәрігеріміз Қожамбекова Мейрамкүл 55 жасқа толды. Барлық емделушілер атынан ол кісіні мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне жеміс тілейміз.
Тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқының азаматтарын салауатты да дені сау болып қалыптасулары жолында адал да, абыройлы қызмет көрсетуден аянбаған Мейрамкүлдей дәрігердің еңбегі әрбір жанға септігін, шипасын тигізе береді деп сенеміз.
Мен емделуші ретінде Мейрамкүлдей абзал жанға алғысым шексіз. Шырайлы Шымқалада осындай еңбекқор да, мейірімді Мейрамкүлдей дәрігер барына мақтанамыз.

Тұмар Сопбекова,
№49 жалпы орта мектебінің мұғалімі.
Шымкент қаласы.