Мырзахметов те білген болар, кімнің кім екенін…

261
1

12Облыс әкімі Асқар Мырзахметовке қарата тас атушылар қарасы күннен күнге артып келеді. Әйтеуір, ерінбегені бір сүйкеп өтпесе, көңілдері көншімейтіндей. Асекеңнің өзінде де бар ғой, кезінде кадрды қолғапша ауыстырды. Онысы өзіне таяқ та болып тиді. Егер ерінбей санамалайтын болсақ, облыс әкімінің кадр саясатындағы қателігі жөнінде дәл «Уақыт» газетінен артық жазбаған басылым жоғы анық. Біздің мұнымыз облыс әкімін жек көрушіліктен емес, қайта оны қателікке ұрынбаудан сақтандырушылық, жанашырлық деп қабылдаған жөн. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмас» десек те, Асқар Исабекұлының кезінде жіберген қателігі бүгінде қайсыбіреулер үшін ұрымтал тұс болып алды. Елге де әжептәуір ермек болғандай.

Бүгінде Оңтүстікте дәл осы «кадр саясатының» ойыны қызып тұр. Ойынның көрігін қыздырушылар да, ұйымдастырушылар да жан алып, жан берісуде. Ойын қалай басталды, бас төреші Мырзахметов командасының төрт бірдей ойыншысын алаңнан қуды. Команда капитаны төрешінің бұл шешіміне разы болмаса да, сырын сыртқа шығара қойған жоқ. Ойын жалғасып жатыр. Әзірге қарсылас команданың екпіндері қатты, үстін-үстін шабуылға шығып қақпа алдында қауіпті жағдайлар қалыптастыруда. Басымдық қарсылас команда жақтыңкі болғанымен, Мырзахметов командасы да оңай шағылатын жаңғақ еместіктерін байқатуда.
Асқар Исабекұлы  Оңтүстікке әкім болып келген соң тамаша бір бастама көтерді. Онысы әр жылы өткізіліп тұратын – «Ырыс алды – ынтымақ» форумы. Дұрыс, ынтымақ керек. Ынтымақ бар жерде ырыс та, береке де болады. Осы форумда Асекең жұртты ұйытатындай әдемі-әдемі сөздер айтады, елді бірлікке шақырады. Алдыңғы толқын ағаларымыз бен «халық қалаулары» деп ен таққан депутаттарымыз кезекпе-кезек сөз алып, көсіле сөйлегенде шынымызды айталық, көзімізге жас ала жаздаймыз. Форумнан қанаттанып қайтамыз. Тап бір, осы жиынан соң Оңтүстікте  мамыражай тіршілік орнап, ырысымыз артып, берекеміз кіріп қалатындай. Кейін барып түсінеміз ғой, осы жиында Асекеңе көпшік қойып, оған қарата көпірме сөз бен мақтауды қарша боратқандардың әуселелерін.
«Ләббай тақсырлап» тұратын, «біз соңына дейін сізбен біргеміз» дейтін облыстық мәслихат депутаттарының басым бөлігі бүгінгі «саяси ойыннан» сырт қалып, сырттай тамашалап отырғандары Асекеңді ғана емес, бізді де ойландырып тастағандай. Соңғы уақыттардағы орын алып жатқан оқыс оқиғаларға, кадрлық мәселелерге, қалалық мәслихат депутатының мәлімдемесіне қатысты ләм-лим демей, демдерін іштеріне тартып отырған жайлары бар. Жоқ әлде, «қай жеңгені біздіңкі» қағидасын ұстануда ма? Облыстағы кез-келген мәселеден сырт қалмауы тиісті депутаттар ыдыраған ынтымақты, берекесі кеткен бірлікті, шаруасы шатқаяқтаған іргелі істерді ойласа, бұлай істемесе керек-ті. Жақсы болсын, жаман болсын, Елбасының өзі тағайындаған облыс әкімін қаптаған сыннан арашалай алмаса, өздеріндік пікірлерін білдіруге жарамаса, онда үкілеп үміт артқан депутаттарымыздан не үміт, не қайыр? Ардагерлеріміз неге үнсіз, неге сөйлемейді? «Әшейінде ауыз жаппас, той дегенде бірін таппас» деген осы болар. Әй, Мырзахметов те дәл осы жолы білген шығар, кімнің кім екенін…
Шаршы алаңдағы ойын қызып тұр. Ойынның екінші кезеңі аяқталуға жақын қалса да, есеп әлі ашылған жоқ.Бірақ, Мырзахметовтың командасы тек қорғаныс шебін қымтағандары боламаса, қарсы шабуылға шығуға асығар емес. Осындайда ғой, «Асеке, алға!» дейтіндей жанкүйерлер жоқтың қасы болып тұрғаны.

Шолушы

P.S. Күні кеше «Мен Мырзахметовпен бірге оқығанмын әрі жерлесім.  Ол әкім болып тұрғанда мұртымды балта шаппайды» деп бөсіп жүретін облыстық мәслихаттың бір депутаты бүгін неге бұғып отыр? Неге ыдыраудың алдында тұрған елді сабырға шақырмайды? Мақала жазса да, эфирге шықса да, қолында мүмкіндік мол ғой.
Рас, бұғып отырған ер депутаттарға қарағанда жаны нәзік болса да, облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиева ғана шыр-пыры шығып, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып бағуда. Намыссыз ер айта алмағанды, намысты қыз айтты.