Хорлан Есімін өзгертті немесе есім тағдырды айқындайтынына сенейік

154
0

6Сөздің құдіретті күшке ие екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Адам аузынан шыққан сөз жеті қабат аспанды көктеп өтіп илаһи қуатпен нақтыланады да, материяға айналып, жердегі тіршілік аясына қайта оралады екен. «Жақсы сөзге де, жаман сөзге де періште «аумин» дейді деп айтамыз ғой. Осы сөздің төркіні баяндаған тұжырымда жатыр. Періште  барлық сөзге де «аумин» дей бермесе керек. Шын пейіл, ықласпен айтылған тілек, ниет, арман, шынайы күйінішпен жолданған қарғыстың бұлжымай орындалып жататын кездері аз емес. Айтқаның айтқан жерден жүзеге асып жатпаса да, араға айлар, жылдар салып сол тілек немесе қарғыс арналған адамның өмірінде сол жақын нәрселер орын алады. «Әке қарғысы – оқ, ана қарғысы – б…», «Алғыспен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деген сөздер босқа айтылмаған.

Үлкен жиындардың бірінде сөйлеген сөзінде қазіргі облыс әкімінің орынбасары Ә.Бектаев ұлы ғұламалардың бірі айтыпты деген рәуаятты мысалға келтірді. «Баланың ең басты жауы – ата-анасы» делінген екен сол рәуаятта. Аң-таң болған қауымға Ә.Бектаев бұл сөздің мәнісін былай түсіндірді. Егер де баласы сапарға шықса, не үйге кеш келсе, ата-анасы: «Бала жол апатына ұшырамады ма екен, бұзықтардың қолына түсіп, жазым болмады ма екен, суға ағып кетпеді ме екен» деген сияқты жаман ойларға барып, немесе айтып отырады. Ал, ауыздан шыққан осындай сөз, жаман ойлар сол қалпында қабылданып, бала өміріне кері әсер етуі мүмкін. Керісінше «Балам достарымен ойнап-күліп жүрген шығар, сапарда істері сәтті болып, қайтып келе жатқан шығар» деген сияқты сөз айтып, көңілін жұбатқаны дұрыс. Өз балаларымыздың өміріне өзіміз кесір жасамайық.
Шынында тумысынан  жақсы, сөз тыңдап, «Менің балам ақылды, өскенде үлкен, атақты адам болады» деген сияқты сөздермен қанаттанған бүлдіршін ешқашан жаман жолға түспек емес, Еврей халқы балаларын осылайша тәрбиелейді екен. «Сен өз қатарыңның ішіндегі ең ақылды баласың. Өскенде қай саланы таңдасаң да, кәсібіңде ұлы жетістіктерге қол жеткізесің» деген сөзді естіп өскен еврей халқының ғаламдық ғылымға, өнерге болсын, кез келген салаға қосқан үлесі өлшеусіз. Құлағына жастайынан: «Сен бе, сен оңбайсың, адам болмайсың, жетпей желкең қиылғыр». т.с.с. сөздерді құйып өскен баланың келешегінен не үміт, не қайыр.
Өткенде осындай жағдайлар талданған бір мақаланы оқыдым. Онда негізінен ұлы адамдардың  көзі тірісінде өлетін уақытын болжағаны  туралы және мысалдар келтіріледі.Олар менің есімде қалмапты, дегенмен Мұқағали, Төлеген сияқты ақындардың өмірден ерте кететінін өлеңдерінде жазып қалдырғанын өлең сүйер қауым жақсы  біледі.
Мұқағали:
Өзімнің  есебімде,
Мен биыл  дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі,
Ендігі қалған өмір
Неше жылға жетеді, неше күнге.
Адыра қап өсегің, есебің де,
Ұйықтап кетсем, болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде.
Ол дәл қырық  бес жасында дүниеден өтті.
Төлеген:
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде.
Немесе:
Мен бүгін сонау көгілдір көлге алқынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген, қарағым.
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің жабылып кетсем егер мен,
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын.
Немесе:
Бір жетсе менің ажалым жетеді,
Найзағай оттарынан,
Сатқындар оқтарынан,
Өйткені мен теңіз боп ақтарылам.
Бір жетсе менің ажалым жетеді,
Адам қолы жасаған ұяттардан,
Осынау сияқты арман.
Әйтпесе пысықтыққа пысқырмайды,
Мендегі қуатты арман.
Бұл жерде ақындар өз өлімін сәуегейлікпен болжауы жөнінде әңгіме айтудан бұрын мұндай тұжырымдарға өз ойын, өмірлік ұстанымдарын жеткізудің осындай поэтикалық сөз саптау формасына жүгінгені деп қарастырған жөн. Мысалы, Мұқағали тағы тағы бір өлеңінде: «Жамандық біткен менімен ғана бірге өлсе, дәл бүгін өліп кетер ем» деген ойды айтады. «Жастыққа қорқа бас қойдым, дәл бүгін өліп кетердей» дейді тағы бір өлеңінде. Жалғандағы жауыздық, пасықтық, надандық атаулымен қас, Абайша айтқанда «Мыңмен жалғыз алысқан» ақын жүрегінде өмір мен өлім арасындағы мәңгілік арпалыс толассыз жүріп жатады. Қасымның сол жауыздықтардың үстіне «Бомба бол да, жарыл, жүрек» деуі осыдан.
Әңгіме басқа арнаға ауысып бара жатқандай. Біздің негізгі айтпағымыз сөз құдіреті жайлы еді ғой. Ақын аузынан шыққан «Мен өлемін» деген сөздің ғарышта нақтылануы (мұны орыстар «материализоваться» дейді) олардың өмірден ерте кетуіне себепші болған жоқ па? «Мен өлмеймін! Бұл өмірге жауыздық атаулыны жырмен жаншып, жермен-жексен етуге келгенмін» дегендей биік пафоспен жырлағанда қайран  ақындардың өмірі ұзақтау болар ма еді…
Егемендік алған күннен бері қарай өзбек ағайындар «Өзбекстан – келешегі ұлы ел» («Узбекистон – кележаги буюк давлат») деген сөзді басты ұранына айналдырды. Ұлттық  идеологиясын қалыптастырып, тарихи тамырларына қан  жүгіртіп, нәр берумен келеді. Екі әннің бірін «өзбегім, елім жұртым» деп шырқайды. Өз тілін берік тұғырға қондырған. Өзбектің ұлы халық екендігін өз жеріндегі өзге этнос өкілдеріне мойындатты. Әлемдік ғылымдағы ең ірі жетістіктің бәрін өз жерінде өткен ұлы ғұламаларға беріп жатыр. Алгебраның негізін салған Әл-Хорезми, медицинаның негізін қалаған Әбу Әли ибн Сина, астрономия ғылымы Әл-Фергани, Әл-Бируни, Ұлықбектен бастау алады, ислам әлемінде Әл-Бухари, Нақшбанди, қысқасы өз елінің даңқты тарихын түгендеу, олардың ізі қалған тарихи орындарды барынша абаттандыру арқылы өзбек деген халықтың шын мәніндегі ұлылығын сөзбен де, іспен де дәлелдеуде. Рухани тамырын тереңдеткен елдің болашағы шынымен ұлы болмасына кім кепіл?
Ал, біз ше? Әңгімені қазақ деген халықтың ұлт ретінде құрып кету қаупі бар дегеннен бастаймыз. Төрге шығарар тарихи тұлғамыз жоқ па? «Күн көсемнен» кейін кімді пір тұтарымызды білмей жүрген сияқтымыз. Абай, Жамбыл секілді алыптарымыздың  ұлылығына шүбә келтірудеміз. «Қазағым» деп қасқайып тұрудан тартыншақтаймыз. «Қазақ – келешегі ұлы халық» деген сөзді бір дуалы ауыздан естімеппіз. Ешбір елдің данышпанынан кем емес ұлы ғұламаларымыз да, ұлттық мақтанышымызға айналған, қазақтың ел, халық болып ұюына мұрындық болған тарихи  тұлғаларымыз да бар ғой. Солар қалыптастырған мемлекеттігіміз болмаса осынша ұланғайыр жерді тұтастай иемденіп отыра алмас едік қой!
Осы тұстағы айтпағымыз – өскелең ұрпақтың санасына өз ұлты туралы «ұлы» деген ұғымды (сөзді) құя беру, осы ұлттың өкілі болғанына мақтаныш сезімдерін сөз арқылы сіңдіре беру, «Менің Қазақстанымды» шын мәніндегі ұранға айналдыру, керісіп, кері кете беруден аулақ болу, ойлап сөйлеу ұлы болашағымызға кепіл болмақ.
Есімдерге байланысты да осыны айтуға болады. Себебі, есім де – сөз. Қарап отырсақ, есімдері орфографиялық жағынан тәлкекке түскен біздей халық жоқ шығар. Газет шығару жұмысымен айналысқандықтан, мұндай жағдайлар алдымыздан өте көп ұшырасады. Абдрахман, Гульмира, Эльмира, Сауле, Умурзак, Бургебай, Бурлибай, Муратбай, Тагерберди, Уринбай, Жарулгапберди, Улту,Тойдық, Мэлс, Колхозбай, Кошкарбай, Айгерим, Альбина, Сабина, Биржан , Баурджан, Сакен, т.с.с есімдерін аяқ алып жүре алмайсыз. Есімдеріміздің көбі космополиттік (қай халық та жатырқамай қабылдайтын) мәнге ие болса, көпшілігі өзге елдің емлесіне бейімделіп жазылған. Туу туралы куәлігі, төлқұжаты бойынша солай. Қазақ ырымсыз жүрмейді. Солай-ақ болсын. Ұлбосын, Сүндет, Қыздығой, Ұлсүйер, Жаңыл (сын), Тоқтабай (гүл), Тоқтасын, Жайылсын(хан), Тектібай, Аңламас, Оңдасын, Қолдасын, сияқты есімдер санамызға сіңісті, құлағымызға жақын, үйреншікті болып кеткен. Бұлар жоғарыдағыдай бұрмаланып жазылғанда тыңдаған құлаққа түрпідей тиетіні анық. Тек азан айтып қойылған есім ғана Аллаһтың есебінде болады дейді. Ол тек солай айтылып, солай жазылуы керек. Адамның азан айтып қойылған аты оның маңдайына жазылар тағдырын айқындайды екен. Қазір айтылар әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін, дегенмен қазақ халқының тарихындағы, ғылымындағы, өнеріндегі, т.б. ұлы тұлғалардың  қайсысын  алып қарасақ та есімдері илаһи нұр шашып тұрғандай. Мәселен, Абылай, Бұхар, Абай, Жамбыл, Махамбет, Күләш, Қаныш, Мұхтар, Сәкен, Ақан, Біржан, Құрманқазы, Бауыржан, Мұхит, Мұқағали, Шәмші, Нұрғиса, Нұрсұлтан сияқты т.б. есімдерін қайсысын алып қарасаңыз да, өз иесінің атақ-даңқына, дарынына лайықтап, таңдап берілген сияқты. Негізінде сол қасиеттер оларға осы есімдермен берілген дегеніміз дұрыстау болар. Көтібар, Кемпірбай, Шөже, Тезек, Барақ секілді бірнеше атақты адамдардың есімдерін есептемегенде, ұлыларымыздың 99 пайызының есімдерінде  мін жоқ. Қазақта Күшікбай, Жаман, Қошқар, т.б. сияқты атақты адам барын естімедік. Балтабай деген жігіттің телевидение дикторлығына өтуіне есімі кедергі болыпты. Астаналық теледидарда Бүргебаев деген телеоператор бар. Оны Біргебаев деп хабарлайды. К…тенов деген таныс журналист жұртқа өзін Өтенов деп таныстырады. Келешекте ұрпағын тартынбай, ұялмай айтатындай есім бергенге не жетсін! Кей елдерде бала есейген соң өзіне есім таңдайды екен. Соған дейін уақытша ныспысы не лақап аты болады. Бір жағынан бұл да дұрыс шығар. Өз білгенімізше есім беріп, баланың болашақ тағдырын соған байлап қою қаншалықты дұрыс дегің де келеді. Бірақ, нәрестенің құлағына азан айтып, ат қою салтымыз болғандықтан, мүмкіндігінше айшықты, қазақ екендігін айқындап тұратын әсем де тартымды есім қойғанымыз дұрыс.
Жуырда Төлеген Айбергеновтың кенже қызы, егіздің сыңары, Хұсни-Хорланның екіншісі Хорлан өз есімін Айнар деп өзгертті. Туған жері Өзбекстанның Шыршық қаласына барып , туу туралы куәлігін ауыстырып алған Айнармен елге қайтқан бетінде кездесіп, мұның мәнісін сұрадық. Ақынның артында Салтанат, Махаббат, Дәурен, Хұсни-Хорлан сияқты бес перзенті қалған. Салтанат – ғылым кандидаты, Махаббат – жазушы, белгілі ақын-ғалым Бауыржан Жақыповтың зайыбы, Дәурен – құрылыс саласының маманы.
—    Бізге Хұсни-Хорлан деген парсы тілінен алынған есімдерді Шәмші Қалдаяқов берген,-дейді  Айнар.  – «Егіздер» және «егізектер» деген ұғымдар бар. Орыстар мұны «близнецы» және «двойняшки» деп атайды. Егіздердің кіндігі бір, бір тұқымнан жаралған және бір-біріне ұқсас болады. Біз Хұснимен ондай емеспіз. Біз бірге туғанмен, басқамыз. Егізекпіз. Бір-бірімізге мүлде ұқсамаймыз. Күнделікті өмірде мені Хорлан деп емес, «Қорлан» деп атайды. Елге  әйгілі әннің кейіпкерінің есімі де сондай. Бұл «Қорлан», «Қор бол», «Өмірің азапта өтсін», «Жақсылық көрме» деген сөз емес пе? Бұл туралы Мұхтар ағама (Шаханов) айтқанда, бастапқыда келіспеді. Біраз ойланып, дұрыс екендігін мойындады. Естай мен Қорланның тағдырын алып қараңызшы. Сол қорлан өмірде не жақсылық көрді? Біз туылған жылы әкем дүниеден қайтыпты. Содан бері ауыр тағдырды бастан кешіп келемін. Бәрін айта берудің керегі не? Есімімді өзгерту туралы ойлағаныма 10 жылдың жүзі болды. Ақырында осы шешімге келдім. Мен өзім Ай күнтізбесі бойынша өмір сүремін. Тегім де «Айдан» басталады. Ал, «нарға» келсек, бұл қызымның ойламаған жерден айтқан ұсынысы. Ойланып қарасам, «нар» деген қазақ өмірінің бір бөлшегі сияқты қасиетті жануар. Әрі әкемнің де сүйікті образдарының бірі…
— Жоғарыда айтқан ойларымызды осы мысалмен тұжырымдай отырып, Айнарға жаңа есім құт болып, тағдырының басқа, бақ-берекелі арнаға ойысуын тіледік.

Мұрат БЕКЕЙ,
Қазақстан Жазушылар және  Журналистер одақтарының мүшесі.