Ішкі саясатқа төнген қауіп – елге төнген қатер

282
0

3 (1)Сіздердің газеттің тамыз айының 2-ші жұлдызындағы санында Қыдыр Қалиевтің «Тағаеваны танымаймын, танитындардың тірліктеріне «тәнтімін» деген мақаласы жарық көріп, онда ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлмира Тағаева қарындасымызға қатысты, ол кісіні масқараламақ болған пиғылдағы жасырын камерамен түсірілген бір арсыздардың «дүниесымағын» ғаламторға шығарған көңілге күңгірттік түсіретін әрекеті жайында жазылып еді. Содан бері біраз уақыт өтті, басқаларды қайдам, өз басым содан бір нақтылы қорытынды шықты ма екен деп, басылымның бетін әр нөмер сайын қайта-қайта шоламын. Мұндай бейәдеп іске бару намыссыздардың, қарау көңілділердің ғана қолымен жасалатыны белгілі. Заң орындары бар, мұндай әдептен асқан, қара пейілділердің әрекеттеріне тосқауыл қойып, оның қайталанбауы үшін, біреулердің арының тағы да табанға тапталып, қара күйе жағылмауы үшін зерттеп, ашып, жария түрде басылым беттерінде қорытындысын жария етіп, әлгіндей оспадар әрекетке қасақана жол бергендерге жаза тағайындауы дұрыс болар еді деп ойлаймын. Әзірше мұндай әрекет пен ниет көрініп тұрмаған сыңайлы. Егер бұған қарсы әрекет жасалынбаса, шара көрсетілмесе, ертең бұдан да сорақы жағдайларға жол берілмесіне кім кепіл бола алады? Бір облыстағы Ішкі саясат басқармасының басшысына жасалынған мұндай келеңсіз іс елдің саясатына қара күйе жағу болып табылады. Мәселе тек Гүлмира Тағаеваға қатысты емес, сол басшы арқылы ел саясатына қатер төндіру болып саналады дер болсам, ол артық айтқандығым емес. Құдайға шүкір, бізде заң бар, оны орындайтын орындар бар, одан бері де мұндай келеңсіз жағдайлардың тағы да қайталанбауының алдын алу үшін ақсақалдарымыз, аты елге мәлім Байдулла Қонысбеков, Мархабат Байғұт секілді қаламгер ағаларымыз бар. Сол кісілер бас болып, осындай қоғамға жат әрекеттерге, оны жасаушыларға сабақ болатындай өздерінің ой-пікірлерін айтып, ашық хат немесе үндеу қабылдап, жат әрекеттердің адам жанын жаралауына жол бермеудің тиісті нұсқаларын жария еткені жөн болар еді. Егер біз осындай қоғамға іріткі болатын жағдайларға жанымызды ауыртпай, жылы жауып қоя салмақ, күні ертең бұдан да сорақы жағдайларға тап боламыз. Сондықтан жамандық атауының алдын алуға, жағымсыз жәйттерді қоғамнан сылып тастауға әрекет етуіміз керек. Мұны бүгін істемесек, ертең кеш қалатынымызды ұмытпағанымыз жөн.

Ибадулла Набиев,
Мақтарал ауданы