Ботадай боздаған Бозарық

587
0

4Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының назарына!

Мен өзім Бозарық елдімекенінің Рахат көшесінде тұрамын. Сіздерге мұның түк қызығы жоқ шығар. Десе де, менің әңгімем осы ауылдың әлеуметтік жағдайы туралы. Өйткені, өзім де әбден суға, жылуға, көгілдір отынға қолы жетпей, күйінген, ашынған халықтың арасында өмір сүремін. Менің бір күнім былай басталады.

…Бүгін таңертең жұмысыма асығып, үйдің қасындағы аялдамаға шықтым.  № 71 бағыттағы автобусты тосып тұрмын. Әр жарты сағат сайын жүретін шағын автобус көп күттірмеді. Бірақ… Жан қиналысын әлгі қуықтай автобусқа мінген соң көрдім. 10-15 орындық титімдей автобуста тізе бүгіп отыратын орынға үміттенген емеспін. Кәрілер мен егделерден артылмайтыны түсінікті. Дегенмен, тыныш тұрып қажет жеріңе жетуің мұңға айналады. Сығылысқан адамдар. Көзі жәудіреген жауқазын сәбилер. Көк автобустың ішінде ине шаншар орын жоқ һәм тыныстайтын ауа тар. Бұдан кейін автобустағы алуан түрлі  иістерді (тері мен шаң) айтпасам да, сезіп, біліп отырған боларсыздар. Бозарық-1,2,3 ауылдарын аралап келе жатқан көліктің ықшамауданға келгенде іші лық толып, адамдар шайқатылып, бір-бірімен сөзге келіп, «көз атысу» басталды. Үш ауылдың әр аялдамасына тоқтағанда, зая кеткен алтын уақытын қайтара алмайтынына ашулы адамдардың мұнысына түсіністікпен қарағың келеді. Өйткені, оның ішінде өзім де бармын. Алайда, автобус ықшамауданды асықпай аралап, қалаға баратын үлкен жолға  шығамын дегенше, мен де біржақты болып қалдым. Өзі әлжуаз адам, әлім кетіп барады. Бір кезде:
– Мына шопыр неткен «былжырақ» адам өзі?! — деді  бір егделеу сары келіншек. Көзі тұздай оның мына сөзін  қалған жолаушылар да құптай түсті. Арасында «аһылап, үһілеп» үнсіз бас изеді енді кейбірі. Төртпақ келген  бір өзбек ағасының бұл сөздермен шаруасы да болмай отыр. Су терге түсіп, өзімен-өзі әлек.
Қарсы тарап та үнсіз қалмауы керек қой. Кондуктор қыз:
– Немене соншама қара аспан төндіріп? Келе жатырмыз ғой, — деп тақ-тақ ете қалды.
Сонымен өйтіп-бүйтіп, асықпай, аптықпай, «ұрыспай», «таласпай», қазағы бар, өзбегі бар ауылдың төрт бөлігін   аралап шыққанша, кемі жарты сағат өтті. Бір аяқпен тұрып, қалаға қарай келеміз. «Бүгін біраз істің бетін қайырсам» деген ниетім мен тілегімнің тас-талқаны шыққандай. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» Көңіл шіркін су сепкендей басылды.
Негізі Бозарық қалаға қарайды. Әл-Фараби ауданына қарасты елдімекен қаланың шеті болып есептеледі қазір. Бірақ, ауылдың, тіпті, өркениет пен өсуден маһрұм шалғайдағы ауылдың күйін кешіп отырған бұл жердің жағдайы ауыр. Жаңа айттым ғой, су жоқ,  жылу жоқ, жарығы әлсіз, көгілдір отын, несін айтамыз, халықтың өмір сүруіне қажеттінің ешқайсысы да дұрыс жолға қойылмаған. Жол мәселесі де маңызынан айырылған. Негізгі-негізгі екі-үш көшеге ғана тас төселіп, жол салынған.
…Ойлап қараңызшы, ойлы оқырман, мен іспетті мұнда 20 000 (ауыл әкімшілігінің берген мәліметі) тұрғын өмір сүреді. Бұл деген бір шағын қаланы құрайтын халықтың саны ғой. Осыншама халыққа обал емес пе?!. Обал-сауаптың оңдырмайтыны белгілі.

Бір тамшы су

«Алысқа көзін тігіп, шала жанын күйдірген шөлге бір тамшы су іздеген бір мұсылманның ниетіне қарай жолынан құдық табыла кетпесі бар ма. Ішіне түсе сала, алыс жолғы шөлдің алқымынан ала бастады. Бір шелек суды басына көтеріп салды. Жанын жайландырған ол құдықтан шықса, демін әрең алып, шөлден сұлап жатқан итті көреді. «Халі менен де нашар, қайтсін, мен сияқты құдыққа түсіп, су іше алмайды бұл жануар» деген оймен, қайтадан құдыққа түсіп, аяғындағы етігімен су алып шығып, иттің шөлін басады. Дәл осы сәтте құдыққа екі рет түскен осы бір мұсылманның мейіріміне Жаратқан Алланың Өзі мейірленіп, иттің аузына тамған судың әрбір тамшысымен күнәсін кешірген екен. Бұл оқиғаны ардақты (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз сахабаларына айтқанда: «О, Расулалла, итке де су бергеннен Алладан марапат бар ма?» — депті. «Жалпы, бәріміз кез келген тіршілікке, тіптен жануарға мейіріммен қарайласатын болсақ, Алла тарапынан берілетін сый бар» деген болатын».
(Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың өмірінен)
Адам ағзасының бестен төрт бөлігі, яғни 80 пайызы судан тұрады. Адам өз өмірінде орта есеппен 22 тонна тамақ, 33 тонна су ішеді делінсе, биолог П. В. Гофман — Кадашниковтың есебі бойынша, 70-ке келген адам 75 тонна су ішеді екен.
Адам тамақсыз бір ай, сусыз бір апта ғана өмір сүре алады. Организмнен су құрыды дегенше, өмір қиылды дей беріңіз.
Иә, біздің ауылдың адамдары суға әбден шөліркеген. Жиырма мың адам қаншама жылдан бері су тапшылығын тартып келеді. Былтыр ғана Бозарыққа магистральды су құбыры тартылып, ішкі орамдық құбырлары да жүргізілген болатын. Алайда, су құбырлары үйлерге 500 метрдей жетпей қалды. Қазылған жерлер тегіс жабылмай, қазірде көп жерлер ойдым-ойдым болып жатыр. «Сонда біздікілер суды қайдан алады?» деген сұрақ туындайтыны заңды. Өлместің күні. Бір бөшке суды су тасығыш тракторлардан 1500 теңгеге сатып алады. Аптасына кемі екі рет. Ал есігінің алдында кішігірім бақшасы бар жандарға, тіптен қиын. Күн сайын 1500 теңгеден есептей беріңіз. Жаңа құрылыс аймақтарында салынып жатқан үйлердің жағдайын айтпай-ақ қоялық. Күні кеше көрші Асылы апай үйіне су алып жатыр екен. Суды шелектеп тасып, әбден азар да безер болған көршімнің қабағы түсіңкі.
– Келінім жақында босанған. Балалар жұмыста. Күніге тастай су тасып, денемнен суық өтіп кеткен. Қызуым жиі көтерілетінді шығарды. Құдайдың бір тамшы суына зар болдық-ау, -дейді елуді еңсерген Асылы апай.
Осы мәселеге байланысты ауыл әкімінің орынбасарымен сөйлескен едім. «2006 жылы кооперация таратылғаннан бері су жоқ. Бүкіл Бозарыққа бір-ақ ұңғыма (скважина). Бұл ықшамаудандағы  бес жүз үйге жетпейді. Саяжайдағы 13 000 халықты есепке алмағанда. Ұңғымадағы су анау төменгі жақтағы көшелерге жеткізілмейді. Қасымыздағы кірпіш зауыты суды осы маңдағы 30 үйге күніне бір сағаттан береді. Одан бөлек арық суын алып келдік. Бірақ, ол қайсыбір үйге жетсін?! Суды сатып алып күн көріп отырмыз. Әкімдіктің 3000-6000 текше метр су сыятын мұнарасы дайын екен. Біз нешеме жылдан сарғая күтіп отырған су Ақсудан келеді деп жоспарлануда. Енді мұнараны қашан толтыратыны бір Құдайға белгілі. «Тамыз айында тексеріс жүргізіліп, қыркүйекте су келеді» деген-ді. Алайда, тамыздың соңына жақындады. Тексерісті әлі байқамадық», -дейді Алиназар Сыдықназаров.
Қазіргі таңда еліміз бойынша су тапшылығы сезілуде. Су жетіспеушілігі 20 пайызды құрайды. Түптің түбінде, болашақта бүкіл адамзат су тапшылығын көретін түрі бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда, қазірдің өзінде әлемде 2 миллиард адамға таза су жетпей отыр. Дүние жүзінде ХХ ғасырда халық саны үш есе өсті, ал су пайдалану жеті есе өсті. Халық өсе береді, ал су өспейді. Бүгінгі таңға халықтың жылына орташа әлемдік өсу қарқыны 2 пайызға, әр секунд сайын үш адамға көбейіп, 6 миллиардқа жетті. Бұл көрсеткіш 2025 жылы 8, ал 2050 жылға 9 миллиард болмақшы.
Дегенмен, осыншалық су тапшылығын ескере отырып, тегін судан ешкім де дәмеленбейді. Қала билігі барлығын заңды әрі жүйелі түрде істесе, әр тұрғын өзінің шығынын өзі өтейді ғой. Жоғарыдағы тәмсілді бекерден-бекер келтірмедік.  «Жалпы, бәріміз кез келген тіршілікке, тіптен жануарға мейіріммен қарайласатын болсақ, Алла тарапынан берілетін сый бар».

Бір қараңғы, бір жарық

Менің үшінші сыныпқа өткен Жансая атты сіңлім бар. Ол да Бозарықтың тұрғыны. Кіп-кішкентай болып алып, көзінің көру қабілеті нашар. Неге дейсіз… Үйіндегі жарықтың әлсіздігінен. Сабағынан кеш қайтады. Ымырт жабылғанда түнмен жарысып кітап оқиды, жазу жазады. Ал көзге сәуле сыйлар жарықтың түрі анау. Сабағын он бірінші сыныпқа дейін осы жарықпен оқи берсе, оның көзінен көз қала ма деп алаңдаймын.
Бір қараңғы, бір жарық. Мұндағы жарық жиі өшеді. Себебі, бір жарық сымына бірнеше үй желісі жалғанған. Сондықтан, жарықтың қуаты барлық үйге жетпейді.
Елімізде электр энергиясын үнемдеу мәселесін бірнеше жыл бұрын Елбасының шегелеп айқаны есімізде. Дегенмен, жарықты бір-біріңді  әзер көретін жағдайда үнемдеңдер демеген-ді. Ысырапшылдыққа бой алдырмауға меңзеген. Ал Бозарықта әрбір екінші үйде жарықтың қуаты тым әлсіз…

Көгілдір отын қасіреті

Қазір ғой –  жаз мезгілі. Жылудың қажеті жоқ. Ертең қыста пеш жағып, ақ тер, көк терге  түсетін күн туады. Қиыншылықтың көкесін сонда көреміз. Табиғи көгілдір отын болмаған соң, табиғи жылыту жүйесіне жүгінеміз. Ал қазір бір кішкентай балон көгілдір отынды 1500 теңгеге құйдырамыз. Ауыл әкімінің орынбасары Алиназар Сыдықназаровтың айтуынша, қала әкімі «2014 жылы сметалық шығындары есептеліп, 2015 жылы көгілдір отын жеткізіледі» делінген. Бұл жәй айтыла салған сөз бе, әлде істің шынайы нобайы осы ма? Көп нәрседен қиналған соң, көп нәрсеге күдікпен қарайды екенсің…

Аты жоқ көшелер

Біз тұратын көше Рахат аталады. Бір кездері көрші Рахат ағайдың құрметіне қойылған. Сол кезде бір ұйымда бухгалтер болып істеген оның қалған тұрғындарға қарағанда абыройы жоғары болғанға ұқсайды. Тірі адамның атындағы көшеде тұрып жатырмыз. Қызық.
Бізден кейінгі көше Жолдас деп аталады. Ол да сол көшедегі көзі тірі ақсақалдың құрметіне қойылған екен. Ал одан кейінгі көшенің атауы жоқ. Саяжайдың ішкері жағында Вишневский, Саратов, т.б. сынды орыс атауларынан көз сүрінеді. Көз сүрінгенде, көшедегі үйлердің ауласында ешқандай да атау жазылмаған. Тек тұрғындардан сұрастырып білдік. Не атауы жоқ, аты барына тақтайша орнатылмаған. Бұл өзі неткен жер?!.

Қоқыс алаңы

Алдыңғы күні жұмыстан ерте қайттым. Біздің көшенің басынан дабырлаған айғай-шу естілді. «О, не екен?» — деп көше басына жақындасам, сол баяғы қоқыс тазалау үшін текетірес. – Сен тазала, ол тазаласын, — деп  сөз таластырған келіншектер. Қайтсін?.. Ауласында қоқыс тастайтын жер жоқ. Сосын көшенің басындағы біреудің бос жатқан жеріне қоқысын шелектеп лақтыра береді. Жуынды, шайындысын төгеді-дағы. Ол жер әбден қоқысқа лық толғанда, қобырсыған иіс қолқаны қабады. Сосын адамдар айғай-шудың астында қалады. Бүкіл Бозарықта осылай. Ешбір көшеде қоқыс жәшігі қойылмаған. Аптасына бір рет қоқыс жинайтын мәшинелер де келмейді.
«Қоқыс тастайтын жер жоқ. Қазір кім қай жер болса, сол жерге төгуде. Әкімдік қоқысты жинауға бір көлік берсе, жақсы болар еді. Қоқыс жәшіктерін орнатса, қаржысын да көтереміз. Осыны бас болып ұйымдастыратын биліктің бетбұрысы керек Бозарыққа. Ауылымыз – қоқыс алаңына айналып барады», — дейді атаусыз көшенің тұрғыны Ұлжан Қияқбаева.

Бір ауыз сөз

Біз мұның барлығын еріккеннен емес, езілгеннен жазып отырмыз. Күнде көз көріп, көңілге алған жәйттерді жаздық. Бірде-бір мәлімет ойдан-қырдан алынбады. Мақалада аты аталған кейіпкерлерді күнде көріп, оқиғаларды бір кісідей басымыздан кешіріп жүрген жайымыз бар.
Қайталап айтамыз, су, жарық, көгілдір отын бүгінде Бозарыққа ауадай қажет. Жол  мәселесінің де мән-жайы мәз емес. Негізгі-негізгі үш жолға асфальт төселген. Қалған жолдармен жүрсеңіз, аяғыңыз шаңға көміледі.
Кешке көз байлана бастағаннан балалардың көшеге шығуынан үрейленеміз де отырамыз. Электр бағаналарына шам қойылмаған. Тым құрығанда әрбір көшеге бір шамнан қойса, көп кедергіден құтылар едік.
Бозарыққа қатынайтын қоғамдық көліктің түрі анау.
Бозарықта тұрып, бозарған таңда осы толғағы жеткен мәселелердің қала әкімдігі жұмысының күн тәртібіне тез арада қойылуын тілейміз. Дархан Сатыбалдының қала әкімі орынтағына отырғанына көп бола қоймаса да, біраз шаруаның басын қайырып жүр ғой. Ботадай боздаған Бозарықтың обалына қалмас деп сенеміз…

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ