Сот барайын деген жерім бе еді?…

317
0

DSCN00208Бүгінгі қоғамда әділдікке, шындыққа жету оңай емес. Ал әділдік дегенді әркім әрқалай түсінеді, әркімнің өз шындығы бар. Сот шешіміне деген наразылық, міне, осындай дүниелерден туындап жатады. Жуырда редакцияға шымкенттік 75  жастағы Абдували Юнусов келді арызын арқалап. Ақсақалдың сот шешіміне көңілі толмайды. Құқық қорғау органдарынан сөзін тыңдайтын жан таппаған қария өз шындығын газет арқылы жеткізуді жөн санайды. Ақсақалдың шындық іздеп шырылдап, датын айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. 75-тегі қария қайбір жетіскеннен арызданып жүр дейсіз? Осы мақсатпен оның датына біз  де құлақ асқанды жөн көрдік.

«Тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді?» деген екен бір қария күйінгеннен. Абдували ақсақал 75-ке келгенде істі болып, масқара боламын деп Құдайдан тілепті дейсіз бе?! «Пәле бассаң аяқ астында» деген рас екен. Ақсақал қазір жап-жас баламен соттасып жүр. Сотқа берген бұл емес, ол. Ол деп отырғанымыз, 1984 жылы туылған Алексей Чечнев деген азамат. Түсінгеніміз, ақсақалдың ұлы Ирсали шетелден көлік алып келіп сатумен айналысқан. Кейде ол көліктерді клиенттердің тапсырысы бойынша әкеліп те отырған. Былтыр Ирсалиге ақша керек болып танысы А.Чечневтен 11 000$ қарызға алады. Ирсали қаржыны 15 желтоқсанға дейін қайтармақ болып өз қолымен қолхат жазып береді. Бұл былтыр 25 қараша күні болған оқиға. Бұл ақшаға Ирсали  А.Чечневке өз өтінішімен ғаламтор арқылы өзі таңдаған 2003 жылғы «NissanAlmera Tino» шетелдік көлігін Литвадан әкеліп береді. Алайда, кейіннен бұл көлік белгісіз бір себептермен А.Чечневке ұнамай қалады да, ол Ирсалиден ақшаны қайтаруды талап ете бастайды. Ирсали оған оның орнына 2000 жылы шыққан «Nissan Almera» маркалы басқа көлікті әкеліп береді. Бір қызығы, көлікті беріп тұрып Ирсали А.Чечневтен баяғы қолхатты алуды ұмытып кеткен екен. Ирсали алыста іссапарда жүргенде оның үйіне А.Чечнев келіп, Ирсалидің әкесі Абдували ақсақалды алдап, ұлының қарызын өтету үшін тағы 10 500 долларға қолхат жаздыртып алады. «Көлігінен сусын алып шығып құйып берді, әрі қарай не болғанын білмеймін, қолхатқа қалай қол қойғанымды білмеймін» дейді Абдували қарт.
Ақсақалдың сөзіне сенсек, бұл кезде ұлының А.Чечневке ешқандай қарызы болмаған екен. А.Чечнев мұнымен шектелмей, көп ұзамай Ирсалиді қорқытып-үркітіп (бұл ақсақал мен ұлының сотта айтқан сөздері) тағы қолхат жаздыртып алып, 11 000 мың долларды ұлының мойнына іледі. Сөйтіп, әкелі-балалы Юнусовтарды сотқа береді.
А.Чечневтің қолында әкелі-балалы Юнусовтардың өз қолымен жазып берген екі түрлі қолхаты бар, дәлелі бар. Ал, кіші Юнусовтың «автокөлікті әкеліп беріп тұрып қолхат алуды ұмытып кеттім» дегені сенімсіздеу шықты деген сот әкелі-балалы Юнусовтарға жалпы сомасы 21 500 долларды төлетуге шешім шығарып, талапкер Алексей Чечневтің талабын толық қанағаттандырады. Бір қызығы, әкелі-балалылардың мәселесі жеке-жеке іс ретінде қаралып,  әрқайсысына жеке сот өтеді. Ұлына қатысты 11 000 долларды өндіруге шешім шығарылса, әке Юнусовтың атындағы жылжитын және жылжымайтын мүліктер қарыз қайтарылғанша «тұтқынға» қойылады.
Юнусовтар сотта қанша жерден шырылдағанмен, А.Чечневтен ешқандай қарыз алмағандарын дәлелдей алмайды. Міне, осыдан бастап олардың шындық іздеп бармаған жері жоқ екен. Алайда, барлық жерден еститіні — «кінәлісің» деген жалғыз жауап. Бұлар жазады, жауаптар бумеранг секілді өздеріне қайта оралып жатады. 75-ке келгенде ақсақалдың осылай амалы құрып отыр.
Ақсақал өзінің талапкер Алексей Чечневтен соқыр тиын алмағанын айтып шырылдайды. Ол ұлы екеуінің қара басып нағыз алаяқтық әрекеттің құрбаны болып отырғандарын айтады. Қасиетті Құранды қолына ұстап, Алла атымен ант су ішіп отыр. Дегенмен, құқық қорғау орындары Аллаға емес, Чечневтің қолындағы фактілерге сүйеніп отыр. Бұдан кейін ақсақал да қарап жатпай, «Нұр Отан» ХДП, ҚР Бас прокуроры, облыс прокурорының атына шағымданып келеді. Ол шағымында «соттар мен адвокаттар А.Чечнев секілді алаяқпен ауыз жаласып алған» деп айыптайды. Әрине, бұл – ауыр айып.
Ақсақал сотқа қайта-қайта арызданып, өзін ақтап алуға әрекет жасап келеді. Әзірге одан нәтиже жоқ. Тіпті мұның талабы бойынша қаралған іске Алексей Чечнев мүлде келмей қойған. Сондықтан да сот бұл істі сол күйі қараусыз қалдыру жайлы шешім шығарып, іс сиырқұйымшақтанып кеткен.
«Міне, қазір жеті айдан асты, мен және отбасым моральдық тұрғыда да, материалдық тұрғыда да үлкен зардапқа ұшырап отырмыз. Жүйкеміз сыр беріп, еңсеміз езілді. Тіпті өз-өзіме қол жұмсауға дейін бардым. Алайда, шындық бар, әділ сот бар деген Сенім ғана мені тоқтатып отыр. Басыма іс түскелі салмағым қатты кеміп, қатты қартайып кеттім. Қартайғанда қарадай қарап жүріп осындай пәлеге ұшырадым» дейді ақсақал.
Әрине, соттан асып төрелік айтуға біздің қақымыз да, құқымыз да жоқ. Бірақ, ақсақал жауап іздеген сұрақтар біздің де көкейімізден кетпей қойды. «Алексей Чечнев деген Юнусовтардың үлкеніне 10 500 доллар, кішісіне 11 000 долларды қолхат арқылы жай ғана ұстата салатын  қандай мырза, жомарт жігіт? Бұл оңай ақша емес және ешкімнің де жерде жатқан ақшасы жоқ. Жерде жатпаған соң ғой оның Юнусовтардан құн талап етіп жүргені. Айтпағымыз бұл емес. Бұл қарызға деп берген сома оңай ақша емес, әдетте мұндай ірі көлемдегі қаржыны қарызға куәгерсіз, нотариус бекітуінсіз қалай бере салған?
Ақсақал айтпақшы, Алексей Чечнев шынымен алаяқ емес пе? Құқық қорғау органдары мен сот шынымен алаяқты қорғап отырған жоқ па?
Біздің көкейді тескен сұрақтар бұл.
Бүгінгі қоғамда әділдікке, шындыққа жету оңай емес. Ал әділдік дегенді әркім әрқалай түсінеді, әркімнің өз шындығы бар. Ақсақалдың шындығы —  осы. «Бұл істі ұйымдастырып жүрген адвокат Е.А.Яворский, оны орындаушы прокурор-айыптаушы Ш.Юсупова» дейді ақсақал. Ол «Бәрі алаяқты қорғап отыр. Бір жапырақ қағазға жазылған өтірік шындық пен әділдіктен қымбат болып тұр ма?» дейді. Сондықтан, ақсақал еліміздің бас прокурорынан сот отырыстарына мүлде келмей қойған Алексей Чечневті өтірікті анықтайтын детектор арқылы тексеруді сұранады. Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде тұрған ақсақалға осы жасында өтірік айтып не көрінді дейді бір ойымыз. Алайда, біз бір тарапты ақтап, екіншісін даттаудан аулақпыз. Әлде де төрелікті тек сот айтады.
«Шындықты жасырған жандардың Қазақстан Республикасы заңдары мен жазасын Құдай берсін» дейді ол. Исі мұсылман баласының түсінігінде қарғыстың ішіндегі ең ауыры – осы. Жазықсыз, бірақ өзінің ақтығын дәлелдей алмай күйінген адамның аузынан ғана шығатын сөз бұл. Өзі кінәлі болса, қария мұндай сөзді айтпас еді деген сенімдеміз.
Жалпы, бүгінде қоғамда алаяқтық қатты өршіп тұр. Әйтеуір бірін-бірі алдаған жұрт, бірін-бірі  «лақтырған» жұрт. Қу ақша үшін адамдар не істемей жатыр десеңізші бұл заманда?!.
«Тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді?» деген екен бір қария күйінгеннен. Сол секілді Абдували ақсақал да «75 көрейін деген жасым ба еді, сот барайын деген жерім бе еді?» деп шырылдап жүр…

Қ.ҚАЛИЕВ