Біз берерімізді беріп жатырмыз…

265
0

IMG_6144Аяғымызды енді ғана қаз басып, мыңдаған оқырмандарымызбен апта сайын қауышып, сырласып, ортақ әңгіме өрбітіп, мүддеміз бен мақсатымызды тоғыстырып, тығыз бірлікте жұптаса хал кешіп келе жатқанымызға екі жарым жыл болды. Шағын ғана шығармашылық ұжымымыз таңды-таңға ұрып, білгенін, көргенін, көкейге түйгенін өз оқырманымен бөлісуден бір сәтте тыс қалған жоқ. Нені бердік, нені айттық, әлі де болса қандай мәселелерді қамти алмай жатырмыз, оған бағаны біз емес, жұртшылық беретінін және бізге алдағы уақытта да кіршіксіз сенім білдіретінін түсінеміз.

Міне, бір жыл да артта қалды. Ой тоғытып, жүрген ізімізге көз салсақ, көңіліміз тоғаятындай біраз тірлік істеген сыңайлымыз. Алғашқы жартыжылдықта біздің оқырмандарымыздың саны 9000 болса, соңғы алты айда олардың саны 10500-ге жетті. Егер уақыттың өлшемімен бағамдар болсақ, бұл оңайшылықпен келген таралым емес. Екі жасымызда еншілегенімізді біз үш төбе асқаннан кейін екі есеге жеткізсек деп армандаймыз. Сол арман біздің үмітімізге үкі болып тағылып, келер күндерге деген межелі мақсатымызды одан әрі мерейлендіре түседі.
Жылан жылы ұжымымызға көп қауаныш алып келді. Біз мұны құт белес деп есептеп, соған місе тұтпай, Жаңа жылда жаңа белестерді, соны міндеттерді жүзеге асыру үшін тың жоспарлар жасадық. Оның барлығы алдағы күндердің асар асуларының еншісінде тұр.
2013 жыл «Уақыттың» еншісіне толағай табыстар алып келді. Біз бұл жерде оның қаржылық жағын емес, рухани құндылықтарға ие болғандығын ерекше атап көрсеткелі отырмыз. Талай жылдардың жүзінде жарық көріп,  қызметтік жолы қалыптасқан, орнықты кадрлары бар бұқаралық ақпарат құралдарының арасында, яғни өзіміздің дәстүрлі төл мерекемізде біздің ұжым журналистиканың шеберлікке лайық берілетін ең жоғары марапаты – «Алтын қауырсынды» тұңғыш рет иеленді. Бірнеше қаламгерлеріміз облыстық, қалалық, аудандық әкімдік пен мәслихаттың және беделді мемлекеттік мекемелердің бағалы сыйлықтарын жеңіп алды. Мақтау қағаздарымен марапатталды. Шымкент қаласы әкімдігінің арнайы өткізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазылған шығармалар конкурсында облыста жалпы екінші, ал тәуелсіз басылымдар арасында жүлделі бірінші орынды иемдендік.
Газет бұқарамен тығыз байланыста болған кезде ғана уақыт талабына лайық жұмыс атқара алады. Өзімізбен деңгейлес және қалың қауыммен бұрыннан етене байланысып үлгерген басылымдар басшыларының қатарындағыларының арасынан облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов тек «Уақыттың» директорын жеке қабылдағанының өзі бізге деген құрмет қана емес, сонымен қатар жаңа міндеттер жүктегендігін біз терең сезінеміз, әрі алдағы уақытта соған лайықты жұмыс атқаруға барымызды салуға талпындыратынын терең сезінеміз.
Баспасөзге дөңгеленген дүниенің бар жаңалығын сыйдыру, оны өзінің көзі қарақты оқырмандарына нақты әрі жедел жеткізу–инемен құдық қазғандай тірлік. Жыл жаңарған сайын оның талабы да жаңғырады. Жүктелінер міндеті де артылады. Бәсеке күшейеді. Бәсеке бар жерде шығармашылықтың ауқымы артып қана қоймай, міндеттер жүгі көбейеді. Елдің ішкі және сыртқы саясатында, экономикасында жаңғыру мен жаңару жүріп жатыр. Әлемді дағдарыстың қара бұлты тұмшалап тұрған бүгінгі таңда Қазақстан еліндегі сара басшылық, ойлы жүйе, нақтылы жоспарлы іс жас мемлекетімізді сол сындарлы сынақтан сүріндірмей алып шығып келеді. Ел Президенті мемлекет дамуының негізгі бағыттарын ғасырымыздың ортасына дейін белгілеп берген стратегиялық бағдарламасына қазір тағы да толықтырулар енгізіліп, таяу жылдардағы негізгі даму тенденциясына арналған бағыттар да белгіленді.
Міне, осылардың орындалуы мен жүзеге асқан жұмыстары жайында жазу – бүгінгі қазақстандық басылымдардың басты міндеті екендігін түсіне отырып, біз соның алғы сапында боламыз деген ниеттеміз. Ол оңайлықпен келмейді, қандай да болсын жаңа табыстар төгілген тер арқылы ғана өзінің нәтижесін береді. 2014 жылы біздің белгілеген межеміз осыған саяды. Ол үшін «Уақыттың» әр оқырманы, елдің әр тұрғыны бізбен қоян-қолтық араласып, қызық пен қуанышты бірге бөлісетіндігіне ешқандай шүбә келтірмейміз.
Он мыңдаған ойлы оқырман, біздің барар жолымыз, түпкі ниетіміз, асқақ арманымыз, маңызды міндеттеріміз, бар мақсатымыз – ортақ. Ендеше, біздің сіздермен әрқашан бір сапта екендігімізді естен шығармаңыздар. Босаға аттаған жылымыз еліміздің бейбіт күндеріне, берекелі табыстарына, әр отбасындағы шаттық пен қуанышқа және ырысқа толы  болсын деп бірге тілеу тілейік.

Баршаңызға деген ілкі ілтипат, ізгі ниетпен «Уақыттың» директоры Талғат Балтабаев