«АвтоНұрды­­ң» құпиялары көбейіп тұр

DSCN0122Ұзында өшіміз, қысқа да кегіміз жоқ. Біз пақыр ештеңе таппағандықтан емес, қолымызға тағы бір құжат келіп түскеннен кейін өзіміз дабыл көтеріп, бірнеше рет жазған «АвтоНұр» базарының төңірегін тағы шиырлағанды жөн көріп отырмыз. Осыған дейінгі қос мақалада сауда орнының салыққа, базардың мемлекеттік қабылдауға алынуына байланысты қаржы полициясы, прокуратура және салық органдары тарапынан бізге жіберілген, әйтеуір жауап берілмеді дегеннен құтыла салу үшін жіберген жауапсыз жауаптарынан кейін біз базарға қатысты мәселелерді одан әрі жарыққа шығаруды дұрыс деп санаймыз.

Күні кешеге дейін бір ашылып, бір жабылып «байғұстың» күйін кешкен базар өзі қызметке кіріскеннен бергі алты жарым жыл ішінде талай былықтарға белшесінен батып үлгергенге ұқсайды. Тіптен қала әкімдігінің арнайы құрылған қабылдау комиссиясының қабылдау актісіне қол қойған құжаттары тиісті орынға тапсырылғанда әртүрлі болып тіркеуге алынған. Оның бірінде базардағы сауда орындарының реті қолмен жазылып көрсетілсе, екіншісіне ондай жазулар түспеген. Оның үстіне 2007 жылдың жазында жұмысын бастаған базар Шымкент қаласындағы Абай аудандық салық басқармасына екі жылдан кейін тіркеуге алынған. Дәл осы аралықта кәсіпкерлерден, яғни сауда жасаушылардан базар әкімшілігі салық жинағандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Бір қызығы сол тіркеуге алынғанға дейінгі мерзімдегі салық қаражаттары кімге, қайда берілген? Бұл жұмбақ жоғарыда бізге сырғытпа жауап берілген мекемелер тарапынан ешқандай назарға алынбаған. Қабылдау актісіндегі орындардың бірдей құжаттарда бірде көрсетіліп, бірде көрсетілмегендігі салықтан жалтарудың таптырмас тәсілі екендігі күні бүгінге дейін ешқандай мекеменің қаперіне кіріп те шықпаған. Базар басшылығы біз жария еткен жайларға байланысты осы күнге дейін ләм-лим демей отыр. Шындығында да біз қозғаған жайлар жалған болса, базар әкімшілігі осы күнге дейін шырылдап шығып, шыңғырып тұрып газетті сотқа берер еді. Егер салық төлеу жөнінде барлығы ойдағыдай орындалып жатса, онда оны бізге нақтылы дәлелдермен көзімізге шұқып тұрып көрсетер еді. Біз олардың үндемегенін жазылған мәселенің ақиқат екенін мойындағаны шығар деп күдіктенеміз.
Шымкент қаласының сол кездегі әкімі А.Орман 2007 жылдың қаңтарында №98 «АвтоНұр-LTD» ЖШС-не №62 Темірлан тас жолында орналасқан өз жер телімінде халық тұтыну тауарлары және киім-кешек базарын жобалау және құрылысын салуға рұхсат ету туралы» қаулы қабылдап, онда екі гектар жерге, уақытша 3 жыл аралығында пайдалану үшін базарды жобалау және құрылысын салуға рұқсат етілген. Арада көп уақыт өтпей сол жылдың жазында-ақ базар өз тұтынушыларына қызмет көрсете бастайды. Содан бері жеті жыл уақыт сынаптай сырғып өте шықты. Дәл осы жерде базардың пайдалану мерзімі тиісті құжаттармен ары қарай жалғасын тапты ма деген заңды сұрақ өзінен-өзі туындайды. Бүгінгі көп құпияның бірі осы болып тұр. Арғы жағындағы салыққа байланысты жұмбақтар сол кезден бастау алған. Бұл турасында базардың директоры Н.Айтбаев, құрылтайшылары Г.Айтбаева мен Н.Ергендер ешқандай құпияны сыртқа шығармауға бекем бел буғандай ұзақ үнсіздіктерін осы уақытқа дейін сақтап келеді. Мұның қашанға дейін созылатындығы әзірге белгісіз.

Егер базар әкімшілігі барды бар, жоқты жоқ деп айтқан жанды жауабын бізге жолдар болса, біз де көкейдегі күдікті сейілту үшін оны газет бетінде жариялауға сөз береміз.
«Ұра берсе, Құдай да өледі» деген жайсыздау теңеудің жетегінде кетіп отырғанымыз жоқ. Біле білген жанға біздің жанайқайымыз жанашырлық болып табылады. Ендігі ретте Шымкент қаласы әкімдігі мен қала және Абай аудандық салық басқармалары салық төлеу төңірегіндегі айтылған күдікті фактілерге, сондай-ақ базарға қатысты құжаттардың түрлі бұрмалаушылықтары жөніндегі айтылған мәселелерге, ӘСІРЕСЕ ПАЙДАЛАНУ МЕРЗІМІНІҢ ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАНДЫҒЫ НЕМЕСЕ ТАППАҒАНДЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ ЖАҢА БІР ҚҰПИЯ САУАЛҒА ерекше ден қойып, оны нақтылы тексеруден қайыра бір өткізсе еш әбестік болмайтынын тағы да назарға ұсынып отырмыз. Ал, заң орындары бұл жолы әдеттегідей сырғытпа жауап бермей, жазылған жайлардың анығы мен қанығын деректі дәйектермен қайта бір қарап, шынайы шешімдерін шығарады деген сеніміміз бар. Қазакең «Өзің біл» деген қысқа сілтемені үлкен салмақпен айтқан. Біз де бүгінгі ойымызды тиісті басшылардың назарына «Өзің біл» дей отырып қорытындылағанды дұрыс санадық.
Қ.ҚАЛИЕВ