АҚТАЛМАҢЫЗ, АЛЫП-ҚОСПАҢЫЗ, ТЕК ӘДIЛIН АЙТЫҢЫЗ, ҚҰРМЕТТI СЕРIКБАЙ САДЫҚҰЛЫ!

349
0

8989

Серікбай Ерімбетов мырза, біздің «Уақыт» газеті елге танымал депутат Ө.Мелдехановтың сізге және сіз басқарған департаментке қатысты көлемді мақаласын нақтылы деректері болғандықтан жарыққа шығарып, көптің назарына ұсынды. Біздің сізге жіберген арнайы хатымызға заң бөлімінің басшысы қанағаттанғысыз жауап қайтарды. Онда мақала авторы Ө.Мелдеханов жеке тұлға болғандықтан редакцияға мақалада айтылған мәселелерге жауап берілмейтіндігін бізге мәлімдеді.

Біздің де БАҚ туралы ҚР Президенті қол қойған өз заңымыз бар. Ол заңда мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, жауапты тұлғалар көрсетілген мерзім ішінде мемлекеттік құпия болып саналатын мәселенің барлығына жауап беруге тиіс екендігі атап көрсетілген. Редакция тарапынан сұрау салынған жәйт, арыз, дерек, факті болсын, оған аталмыш органдар жауап беруге міндетті екендігін мүмкін сіздің заңгеріңіз білмейтін шығар. Жақында ғана сіз басқаратын қаржы полициясы департаменті осы мақалаға байланысты баспасөз мәслихатының өтетін мерзімін белгілеп, оған БАҚ өкілдерін шақырды. Газетте көтерілген автордың мақаласындағы деректерге жауап бере алатын адам біреу ғана, ол – СІЗ. Өкінішке қарай, бұл баспасөз мәслихатына өзіңіз қатыспағандықтан өте төмен деңгейде, мардымсыз өтті. Көптеген сауалдарға жауап алынбады. Мақала авторы, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдеханов осы баспасөз мәслихатына өзіңізге баспасөзде жолдаған сауалдарына бетпе-бет жауап алу үшін арнайы келді. Егер өзіңіз осы жиынның төрінде отырғанда, жиын ағымы мүлдем басқаша белең алған болар ма еді?!
«Уақыт» газетінің редакциясы сізге газет арқылы арнайы ұсыныс жасап, назарыңызға көкейде жүрген, шешімін табуы бүгінге дейін қиынға соққан бірнеше арнайы сауалдарды жолдауды дұрыс шешім деп санайды. Өйткені сіз облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарын менсінбедіңіз бе, әлде сауалдар саны артып кетеді деп тайсалдыңыз ба, ол басқосуға «айтары аз» орынбасарыңызды жіберумен шектелдіңіз. Біздің бір білетініміз бүкіл Қазақстанның миллиондаған халқы хабардар болған «7 арнаның» тілшісіне берген жауабыңызда «Уақыт» газетіндегі Мелдехановтың айтқан фактілерін, атап көрсеткен деректерін түгелдей дерлік жоққа шығардыңыз. Қаржы жаратудағы мәселелерді сіз заң бұзушылықтың бар екендігін мойындай отырып, қаржының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпегендігін қылмыстық іс қозғамаудың негізгі факторы етіп алдыңыз. Сонда біздің де, елдің де түсінгені мынау болды: мемлекет мына нәрсені атқар деп өз қоржынынан ақша бөледі. Ал ақшаға иелік еткен мекеме мектеп соғуға деп берілген қаржыны мәдениет сарайын соғуға немесе басқа бірдеңе істеуге жұмсап жібереді. Рас ақша түгел, бірақ ол тапсырысқа берілген нәрсеге жұмсалынбады. Сонда мұнда ешқандай қылмысқа тән жауапкершіліктің болмағандығы ма? Біздің түсінбей отырғанымыз осы мәселе.
Серікбай Садықұлы, біз сізге көптің көкейінен кетпей тұрған, оларды ойландырып жүрген, біз арқылы сізге жолдағысы келетін бірнеше сауалдарды топтастырып, жеке назарыңызға ұсынып отырмыз. Баспасөзді құрметтейтін, халқын қадірлейтін басшы-азамат ретінде осыларға нақтылы жауап беруіңізді сұранған болар едік. Өзіңіздің ашық ойыңызды, мүмкін қосымша айтар пікіріңіз бен ұсынысыңыз болса, редакция оны ешбір өзгеріссіз сол қалпында қалың қауымның назарына ұсынады. Өйткені аталмыш мақала сол қара халықтың біршама алаңдаушылығын туғызып отырғандығы сізге де мәлім деп санаймыз. Назарыңызға сауалдардың нұсқасын ұсына отырып, жазбаша жауабыңызды бір апта көлемінде алуға мүмкіндік жасауыңызды сұранамыз:

1. Сізді апта сайын Астанаға сапар шегеді деген дерек бар. Егер қызмет бабында болып жатса, сіз неліктен жұма күні ұшақпен ұшып барып, жексенбі күні Шымкентке қайыра қайтасыз. Әлде Астанадағы басшыларыңыз жеке сіз үшін демалыс күндері жұмыс істей ме?
2. Өзіңіз қызметіңізге лайық жалақы аласыз. Ал, демалыс күндергі іссапардың шығындарын кім төлейді? Қалтаңыздан төлейсіз бе немесе біреулер демеушілік жасай ма?
3. Сіз Оңтүстікке қызмет ауыстырғалы да біраз уақыт өтті. Отбасыңыз Астанада. Қазір қайда мекендейсіз? Пәтер жалдадыңыз ба, болмаса қонақ үйде тұрасыз ба? Оның шығындарын қалай қамтамасыз етесіз?
4.Шымкентке қоныс аудару ойыңызда бар ма және қашан?
5. Мелдехановтың сізге қатысты жазған сын мақаласы қаншалықты шындыққа жанасымды? Оған қарсы ақталу емес, нақтылы фактілермен баспасөзде жауап беру жоспарыңызда бар ма?
6. Алқандай Шымкентте әңгіме жатпайды. Бізге жеткен кейбір деректер бойынша, сіз басқаратын департаменттің тарапынан мақала авторының балаларына қызметіне тексеру ұйымдастырып жатыр деген дерек бар. Бұл қаншалықты рас?
7. ОҚО тексеру комиссиясының тексеру қорытындысы сіздерге тапсырылғанмен, ол көп ретте аяқсыз қалып жатады екен. Ондағы тексерулер дұрыс болмаса, жалған анықтама дайындағаны үшін сіздер неге сол комиссияның өзін тексермейсіздер?
8. «Уақыт» газетінде жарияланған мақаланың өн бойында Бәйдібек, Ордабасы, Созақ, Шардара, Арыс, Кентау, Түркістан аудандары мен қалаларының тек тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомовиль жолдары бөлімдерін тексерулер қорытындысында ұдайы заң бұзушылықтарға жол берілуіне бағасын берудің сіздердің тараптан қауқарсыз болуын қалай түсіндіресіз?
9. Шымкент қаласының әкімдігіне қарайтын бұрынғы спорт бөлімінің басшысы Н.Смановтың заңсыз жаратқан 10 млн 350 мың теңге мемлекет қаржысының ысырапқа ұшырауы мен оған 2 жылдан бері нүкте қойылмағандығын қалай түсіндірер едіңіз?
10. «Пара алды, мемлекет қаржысын талан-таражға салды, заңсыз әрекеттерге жол берді» – деген талай азаматтардың қылмыстары дәлелденбей, жылдар бойына әуре-сарсаңға түскені басшы емес, жай азамат ретінде сізді қаншалықты толғандырады? Осындай әрекетке барған, жазықсыздардан жазықты жасауға жол берген қанша қызметкеріңіз жазаға тартылды? Аты-жөні, лауазымын айтсаңыз.
11. Шымкент қаласының бүгінгі әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновқа қатысты тағылған бұрынғы қызметіндегі айыптар қайдан алынған, кімдердің тексеруі ол кісіні жауапкершілікке тартқызды?
11. ОҚО құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы, кейін орынбасары болған А.Орманчина қазір қайда? Оны тексеру неге ұзап кетті? Осы іске қатысты қазір не істеп жатырсыздар?
12. Әбілсейіт Рабаевқа қатысты тексеру не себепті ұзаққа созылуда? Оған облыс әкімінің экс-орынбасары, осы салаға тікелей басшылық жасайтын Б.Нәжметдинұлының «Ә.Рабаев ісіне қатысы жоқ» деп нақты айта аласыз ба? Ә.Рабаевтың сыбайластары кімдер және олар қазір қайда?

«Уақыт»газетінің редакциясы