ШЫМКЕНТТІҢ ШЕНЕУНІТЕРІ – АЛЫПСАТАР, АЛАЯҚ!

ШЫМКЕНТТІҢ ШЕНЕУНІТЕРІ – АЛЫПСАТАР, АЛАЯҚ!

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда баспанасыз жүрген де, ұлан-ғайыр даладан ұлтарақтай жерге ие бола алмай жүрген де – қазақ! Мемлекет «Қолжетімді баспана-2020» секілді бағдарламаны қолға алғанмен, құрқылтайдың ұясындай баспанаға қол жеткізе алмай жүрген қазақ көп! «Жер кодексінде» азамататрға жеке тұрғын үй салу үшін 0,10 га жеке меншікке бір рет тегін беріледі» деп тайға таңба басқандай жазылғанмен, тапқан-таянғанын жалдамалы пәтерге төлеп жүрген отбасылардың көбінің алақандай жерді тегін алуға құқы бары жайлы бұл заңнан мүлде хабары жоқ.

Құқын қозғап, жер алуға өтініш бергеннің өзінде пәлен жылдан бері кезегін сарыла күтіп, күдерін үзгендер қаншама?! Басқа жақты білмейміз, Шымкент жақта осы он соттық жерге қатысты дау өте көп. Мұны басқа емес, үлкен жиындарда судьялардың өздері айтып жүреді. Жер – біреу, қожайындары – үш-төртеу. Атап өтерлігі, әлгі үш-төрт адамның қолдарындағы меншік құқын білдіретін мемлекеттік актілердің бәрі де – шынайы. Әділет басқармасынан тіркеуден өтіп, басшылардың қолы қойылып, мөрі басылған құжат, әрине, ешкімнің күдігін туғыза қоймайды. Мұның кесірі сол, екі қазақ жерге таласып, бір-бірімен соттасып жүр. Алайда, қарапайым халықты осындай әлекке душар етіп, былыққа батырғандардан, расы керек, бүгінге дейін жауап алған жан болған жоқ.
Сыздауық әбден “пісіп-жетілгенде”, оның өзегі өздігінен жарылады. Шымкенттегі жерге қатысты сыздауықтың да өзегі жуырда тарс жарылды. Мұнда мемлекетке тиесілі жерлер жеке тұлғаларға сатылып, талан-таражға ұшыраған. Бұл туралы жуырда ресми түрде ҚР Бас прокуратурасы мінберінен айтылды. ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаев мырза мұны «алыпсатарлық» деп атады. Ал, мұндай «алыпсатарлықпен» бұл жолы базардағы саудагерлер емес, шенеуніктер айналысқан. Бас прокуратураның 4-департаментінің басшысы Әсет Шындалиев Шымкент қалалық әкімдігі шенеуніктерінің бұл әрекетін ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті деп баға берді. Бас прокуратура өкілінің мәлімдеуінше, ұйымдасқан қылмыстық топ бұл жолы мемлекет қажеттілігі үшін бөлінген жерлерге қол салған. Жер шенеуніктері мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысын салу үшін бөлінген жердің жартысын сатып жіберген.
Бұл туралы Президент Әкімшілігі мен Жоғарғы Сот өкілдері, ҚР Парламенті депутаттары, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, Өңірлік даму, Әділет, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Көлік және коммуникация министрліктерінің, жер ресурстарын басқару және қаржылық бақылау комитеттерінің, бағалаушылар республикалық палатасының басшылары, Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан алқа отырысында айтылды. Алқа жиында 2012-2013 жылдары жер телімдері мемлекеттік қажеттіктер үшін алынған кездегі заңдылық пен сот-прокурорлық тәжірибенің жай-күйі туралы мәселе қаралған болатын.
Прокурорлық тексеру Шымкент шенеуніктерінің біраз былығының бетін ашып отыр. Шымкентте тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру үшін «Нұрсәт» мөлтекауданының құрылысына 2004 жылы 283 гектар жер бөлінген. Бұл жерден әлеуметтік нысандар салынатынынан сол кездің өзінде бүкіл қала құлағдар болған.

Алайда, қалалық әкімдік осы жердің жартысын жеке азаматтарға сатып жіберген. Ол үшін олар бүкіл бастапқы құжаттарды жойып жіберген. Жер-кадастрлық іс жоқ, электронды базадан қажетті мәліметтердің бәрі өшірілген. Қазір әкімдік бұл жерге әкімшілік-іскерлк орталық салғысы келеді, ал ол үшін сол жерлерді өздері қайта сатып алуы керек. Әсет Шындалиев бұған қатысты біраз мысалдарды да айтып өтті. Мәселен, осындағы 4 жер телімін әкімдік 146 млн теңгеге сатып алыпты. Бір азаматқа бос жатқан екі гектар жері үшін 270 млн доллар төленіпті. Қала әкімдігі тағы бір азаматқа жеті соттық жерді заңсыз бөліп берген. Сосын бос тұрған ол жерді балалар алаңын салу мақсатында 12 миллион теңгеге сатып алған. Ал, мұндай ақша жер телімі қымбатқа бағаланатын Алматы мен Астананың өзінде берілмейді екен.
Бүгінде арнайы прокурорлар шымкенттік жер-кадастр бөлімінің басшысының үстінен іс қозғап, тергеу-тексеру жүргізіп жатыр екен. Мәліметтер базасының тазартылып, құжаттардың көзін жою да осы бөлім басшысының нұсқауымен жүргізіліпті. Бұл іске ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы болғанын тергеу мәліметтері көрсеткен.
Прокуратураның мәліметінше, Шымкентте қазірше мемлекет мүддесі үшін бөлінген жерді жалған құжаттар жасай отырып алдымен жеке тұлғаларға сатып, кейіннен оны бюджет есебінен қайта сатып алуға қатысты 90 факті анықталған. 3 қылмыстық іс қозғалып, қалғандары әлі тексеріліп жатыр екен.
Міне, жерге қатысты мұндай алаяқтықты басқа емес, мемлекетке адал қызмет етуге ант берген мемлекеттік қызметшілер жасап отыр. ҚР Бас Прокуратурасының 4-департамент басшысы Оңтүстікте мұндай әрекеттің кең етек жайғанын ел алдында жайып салды.
Осыдан соң Оңтүстіктегі жер дауындағы былықтар іле-шала облыс әкімдігінде қаралды. Шымкенттің жаңа әкімі Д.Сатыбалды келтірген шындық бұл сұмдықтан да сорақы болып шықты. Сөйтсек, қолда бар мәлімет бойынша заңсыз берілген жер 3,5 мың гектарға жуық екен. Бұл — 30 000 жер учаскесі. Мұның жанында Бас прокуратура мысалға келтірген 90 факті түк емес. Оның мәлімдеуінше, жаңа бас жоспар бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында берілген 3480 гектар жерді өзіне дейінгі әкімдер 8 сотықтан бөліп сатып жіберген. Орта есеппен ол — 30 мың тұрғын үй, Шымкенттегі жер сатудағы құйтырқылықтар осылай ашылып жатыр.
Ресми деректерге сенсек, Шымкент қаласында тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандар саны 212 мыңнан асады екен. Ал, қалада мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында көпқабатты үй салуға жер тапшы. Тиісті сала мамандары облыста 16 мыңнан астам жер телімі пайдаланылмай жатқанын, оның 1600-ден астамы Шымкент қаласында екенін айтады.

А. ҚАЛЖАН.

P.S. Шымкенттік шенеуніктер – алыпсатар, алаяқ! Мойындағымыз келмесе де, бүгінгі шындық осы болып тұр. Бұл – басқа емес, ҚР Бас Прокуратурасы өкілдерінің аузынан шыққан сөз. Сөздің шыны керек, соңғы жылдары ҚР Парламентінің қос палатасы қабылдап, Елбасы қол қойған ешбір заң Шымкентте жүрмейтіндей, Оңтүстік өз «заңымен» ғана өмір сүре беретіндей көрінуші еді. ҚР Бас Прокуратурасының бұл шындығы Шымкенттегі баспанасыз, үйсіз-жерсіз жүрген қалың қазақты елең еткізді. Қазақтың жерi қазақтың өзіне бұйыруы керек. Бұл – өз жерiнде өгейдiң күйiн кешiп жүрген халықтың сөзі.

ПІКІР ЖАЗУ