8 жылдан бері сергелдеңмен жүрмін

153
0

Біздің елде жер дауы жыл өткен сайын басылмақ түгіл, өршіп бара жатқандай. Әсіресе, Оңтүстікте жерге қатысты дау көп. Оны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Редакцияға осындай жер дауын «арқалаған» тағы бір шағым келді. Шағым иесі шаруа қожалықтағы жерін 2006 жылдан бері демалыс аймағы ретінде заңдастыра алмай сарсаңға түсіп жүр екен. Төлеби ауданының әкімдері Айсұлу Жамалбекованы неге сергелдеңге салып қойды, шағым иесі өзі айтсын…

Менің Төлеби ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Біркөлік шатқалында шаруа қожалығыма қарасты 6 га жерім бар. 21.05.2006 жылы Төлеби ауданының сол кездегі әкімі Мұхит Әлиевтің атына меншігімдегі жерді демалыс аймағына ауыстыру туралы өтініш жазған болатынмын. Жер Кодексінің 25-бабы 1-тармағына сәйкес «…жер учаскесiнiң меншiк иесi мемлекеттiк органдардың қандай да бiр рұқсатын алмай, жер учаскесiн өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асыра алады». Әкімнің атына өтініш жазғанда мен осы заң талабына сүйенген болатынмын.
Жер учаскесіне құқық беруді комиссия анықтайды. Төлеби аудандық жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссияы 1.08.2006 жылғы мәжілісінде менің үлесімдегі жердің мәселесін қарап, №229 хаттамасының негізінде жер учаскесін сатып беруге қорытынды шығарған. Осы қорытындыға сәйкес мен 27.07.2006 жылы №000080900 есеп шотына 1 220 310 (бір миллион екі жүз жиырма мың үш жүз он) теңге төледім. Оған дейін де аталмыш есеп шотқа 72 450 теңге төлеген болатынмын. Осы аралықта ауданға әкім болып Б.Көшербай келді.
Жерімді заңдастырып беру үшін жаңа әкімнің атына тағы да өтініш жазуға тура келді. Көп ұзамай аудан әкімінің сол кездегі орынбасары Ж.Рысбековтен «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Төлеби ауданындағы филиалының директоры Е.Ережеповтен арыз түсті, Сіз олардың әрі-бері өтуіне жол бермей жатыр екенсіз, осы мәселе шешімін тапқанша арызыңызды қарамаймыз» деген жауап алдым. Алайда, жауапта келтірілген дәйек негізсіз еді. Мен осы мәселені айтып «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ж.Тұрғановтың алдына бардым. Ол жақтан аудан әкімінің орынбасары Ж.Рысбековтің атына хат жіберілген. Бірақ, ол «жауап келмеді» деген сылтаумен менің арызымды қарауды кейінге қалдыра берді. Болмаған соң «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ж.Тұрғановтың хатының көшірмесін аудан әкімі орынбасарына өз қолыммен әкеліп тапсырдым. Міне, содан бері қанша жыл өтсе де түрлі сылтаулармен жерім заңдастырылмай келеді.
Менің жұмысымды жүргізбеу мақсатында аудан әкімі мен оның орынбасарының арнайы тапсыруымен ОҚО аумақтық жер ресурстарын басқару басқармасының жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақлау бөлімінің инспекторы Қ.Дүйсенбиевке «6 гектар жеке меншік құқығымен алған жерін күні бүгінге дейін демалыс аймағына заңдастырмаған» деп хат жіберіліп, осы үшін екі рет мәжбүрлеп әкімшілік айыппұл төлетті. 17.05.2007 жылы 5460 теңге және 10920 теңге (барлығы 16380 теңге) айыппұлды банкке №204101 есеп шотқа төледім. Осыдан кейін ОҚО аумақтық жер ресурстарын басқару басқармасы мамандары Төлеби ауданының сол кездегі әкімі Б.Көшербайға «салынған айыппұлдарды төлеуіне байланысты 6 га жерін берген өтініші бойынша демалыс аймағына ауыстырып беруге толық жатады, бізден қарсылық жоқ» деген хат жазған. Бірақ, Төлеби ауданының әкімдігі тарапынан бұл хатқа жауап та болған жоқ, орындалған да жоқ.
Сөйтіп жүргенде 2008 жылдың мамыр айында Төлеби аудандық әкімдігі менің иелігімдегі 6 га жерді мемлекеттік арнайы қорға мәжбүрлеп алу туралы ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа шағым түсіріпті. Алайда, сот әкімдіктің бұл шағымын қанағаттандырусыз қалдырып, менің №229 хаттама бойынша төлеген 1 220 310 теңгені негізге алып, Төлеби ауданы әкіміне 27.06.2006 жылмен 6 гектар жерімді демалыс аймағына ауыстырып, заңдастырып беруді міндеттеді. Сонымен қатар, жер учаскесінде салынған құрылыстарға меншік құқығын тануға, Төлеби ауданы әкімдігінің 2006 жылы ақшасын төлетіп, жерді заңдастырып бермеген әрекетін заңсыз деп тану және келтірген моральдық залал 100 000 теңгені өндіру туралы талап арызын жартылай қанағаттандыруға шешім шығарды.
Дәл осы дау ҚР Жоғарғы сотында да қаралып, ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі өзгеріссіз қалды. Алайда, Төлеби ауданының сот орындаушылары аудан әкіміне бұл шешімді орындата алмады. Сот орындаушылардан қайран болмаған соң мен ОҚО прокуроры Б.Құлтасовқа қайта шағымдануға мәжбүр болдым. Осының нәтижесінде облыстық прокуратура Төлеби ауданының қазіргі әкімі Ә.Тұрғымбековке жерді заңдастырып беру туралы шешім шығарды. Осы шешім негізінде қажетті құжаттарды Ленгір қаласындағы аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырдым. Алайда, дайын құжатты алудың орнына мен тағы кедергіге тап болдым. ХҚКО-ның жетекшісі А.Елтаев, Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі бастығының міндетін атқарушы М.Жайлаубаевтың, Төлеби жер-кадастр филиалының директоры Т.Жеткеровтің аттарынан құжаттарды қайтарып беру туралы хаттар алдым. Бұл хаттарда құжаттардың аудан әкімінің қаулысы қайтадан күшін жоюына байланысты кері қайтарылатыны туралы көрсетіліпті.
Аудан прокуроры А.Бабишевтің наразылық хаты негізінде аудан әкімінің шешімі қайта бұзылыпты. А.Бабишевтің хатында «BALNUR» ЖШС директоры С.Садықов пен «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Төлеби филиалының директоры Е.Ережеповтің жол және су мәселесі бойынша арыздануына байланысты шешімнің қайта бұзылатыны көрсетілген. Жол мен су мәселесі кезінде Төлеби ауданының сол кездегі прокуроры Х.Маматев пен «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ж.Тұрғановтармен шешілген болатын. Ал, С.Садықовтың өзінің орман шаруашылығына тиесілі жерге қалай ие болып отырғаны күмәнді. Бұл басқа мәселе…
Құрметті ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мырза, ҚР Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев мырза! Менің меншігімдегі жерге қатысты ҚР Жоғарғы сотының шешімі Төлеби ауданында әлі күнге орындалмай келеді. Оған Төлеби ауданының прокуроры А.Бабишев, Төлеби ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Ж.Рысбеков және Төлеби ауданы әкімдігі аппаратының заң бөлімінің басшысы Қ.Тұрғынбаевтар кедергі келтірумен болды. Дәл осы азаматтар түрлі себептермен қаншама жылдан бері мені әуре-сарсаңға салып, құжаттарымды заңдастыруға мүмкіндік бермей отыр. Осы мәселені қарап, дұрыс шешім шығуына көмектесулеріңізді сұранамын.

Айсұлу ЖАМАЛБЕКОВА,
ОҚО Төлеби ауданы,
Ленгір қаласы,
Қырықбаев көшесі, 38 үй тұрғыны