Бауыржанның «былықтары» басқа әкімдерге сабақ болса, қане!

194
0

6

Биылғы жарқыраған жаз айында Қарағандыда ашық күнде найзағай ойнағандай болды. Барғанына бір жарым жыл ғана болған Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевті ел Президенті Н.Назарбаев қызметтен босатты. Соңғы жағы «өзінің берген өтінішімен» деп жайма шуақтандырылды. 46 жастағы азамат, үлкен болашағы енді ғана қаланып келе жатқан Бауыржан Әбдішев не істеп қойды деген сауалдың жауабын «Шахтерлар күні» мерекесіне орай Қарағандыға ат басын тіреген Нұрсұлтан Әбішұлының өзі жиналған қауымның алдында ашық айтып берді.

Билік қолына тиген облыстың бірінші басшысы қысқа мерзім ішінде біраз «былықтарды» істеп, өзін-өзі батпаққа батырған екен. Әкімнің әкімдік қызметіне емес, оның заңсыз әрекеттеріне байланысты көктем айында бір топ кәсіпкер Елбасының атына топтасып хат жазып, болып жатқан жағдайдың бәрін тайға таңба басқандай етіп ашып көрсетеді. Тексеріс басталады. Сөйтсе, кәсіпкерлер жалған айтпапты, ал жалғанды жалпағынан басып өтемін деген Б.Әбдішев (суретте) елдің заңын әлде білмеді, әлде білгісі келмеді, әйтеуір жерге байланысты талай бұрмалаушылықтардың басы мен қасында жүріп, оған көзін жұмып қарапты. Облыс басшылығына тікелей қатысы бар бір фирмаға жалпы аумағы 49 га болатын 7 жер телімі «Жер туралы» заңның баптарын белінен сызып тастап тұрып берілген. Тағы бір қисынсыз әрекет – Қарағандыда 11 жер телімін бір фирма алып, оған жеке тұрғын үй құрылысын жүргізудің орнына іргетасын да қаламай үстеме бағамен сатып жіберген. Осының барлығы облыс басшысының көз алдында жүзеге асқан. Байбалам салғандардың жан даусын ешкім естімеген, қайта олардың өздеріне қысым жасалған. Тіпті Қарағандыны кеңейту мақсатында «Жаңа қала» жобасын бекіту кезінде биліктің тізгінін ұстаған әкімдік жер телімдерін шағын және орта бизнес өкілдерінен тартып алудың адамның ойына келмейтін схемалары мен айла-шарғыларын ойлап тапқан. Бұл – Президент Н.Назарбаевтың өз аузынан айтылған баға. Мұндай әрекеттерден кейін барлық «былықтарды» білген Елбасы өзі соншама сенген адамға, елдің тізгінін ұстатқан азаматқа шара көруге мәжбүр болғандығын айта келіп, «Осы үшін мен бұрынғы әкімді орнынан алып тастадым, осыны біліп жүріңдер. Мұндай бассыздық болып жатқанда, ол қалайша осында бұйрық беріп отыра береді?!» деген қорытынды сөз өзге әкімдерге қалай сабақ болатынын әлі алдағы өмір көрсете жатар.
Қарағандылық жосықсыз әрекет, заңсыз тірліктер жүздің бірі ғана секілді. Алысқа бармай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысын, ондағы бір-екі жөнсіз жағдайларды айтып өтсек, ол мүмкін басшыларды ұйқысынан оятып, өздеріне деген жауапкершілікті сезініп, селт еткізе ме деген жақсы ниеттен де аулақ емеспіз.
Біз әулекі әңгіме айтып, өзімізді де, өзгелерді де адастырмай, Қазақстан елінде заңның орындалуын қадағалайтын бірден-бір органды басқарып отырған Бас прокурор Асқат Дауылбаевтың сөзімен сөйлейік. Бас прокурор сол кезде Шымкентте мемлекет мүддесі үшін бөлінген жерлерге жалған құжат жасалынып, жеке тұлғаларға сатылғанын айтқан. Бұл сату ешқандай заңға сыйыспайды. Кейіннен оны бюджет есебінен қайта сатып алуға қатысты 90 факті анықталған. 3 қылмыстық іс қозғалып, қалғандары тексеріліп жатқаны да Дауылбаев мырзаның аузынан шыққан.
Бас прокуратураның 4-ші департаментінің басшысы Ә.Шындәлиевтің келтірген фактілері төбе шашты тік тұрғызды. Мемлекет иелігіндегі әлгі сатылған жерлердің бас құжаттары түгелдей жойылған. Жер-кадастрлық іс жоқ, электрондық базадан қажетті мәліметтер түгелдей өшірілген. Әкімдік осы жерлерге әкімшілік-іскерлік орталықтарын салу үшін оны қайта сатып алуға мемлекеттің қоржынынан қыруар қаржы жұмсаған. 4 га жер телімін әкімдік 146 млн теңгеге сатып алыпты. Бір сорақысы, кезінде бір азаматқа берілген, бірақ бос жатқан жерді мемлекет есебінен сатып алуға 270 млн. доллар (?!) төленген. Тағы осындай бір бос жерді жеке қожалықтан сатып алып, балалар алаңын салу үшін 12 млн. теңге ақша бөлінген. Ал мемлекеттің байлығын талан-таражға салуға әуел баста негіз қалаған жауапты мамандар әлі күнге жауапқа тартылмай жүр.

Бұл фактілерді көріп жағаңызды ұстап отырсаңыз, Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының келтірген фактілері есіңізден айырады. Біз әлгі 90 фактінің төңірегінде жүрміз. Бас прокурор А.Дауылбаевтың Шымкенттің шенеуніктерін – «алыпсатар» деген тосын мәлімдемесінен облыс әкімдігіндегі үлкен жиында қала әкімі бұрын «бұғып» жатқан біраз былықтардың «көрпесін ашып» тастады. «Бақсақ бақа екен» демекші, қала бойынша заңсыз берілген жердің көлемі 3,5 мың гектарға жуық, яғни 30 000 жер учаскесі. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу мақсатында белгіленген 3480 га жер қаланың бұрынғы әкімдерінің тұсында жеке азаматтарға қыл үстінен үлестірілген. 30 мың тұрғын жерлі болғанмен, мемлекеттің белгілеген жоспары орындалмай, талай-талай қиындықтар туындап жатыр.
Қазір шекарасы кеңейіп, елдің үшінші қаласы атануға барын салып жатқан Шымкентте қала аумағы кеңейтілгенге дейін 50 мыңға тарта адам жылдар бойына сарылып кезекте тұрып келді. Соңғы есеп бойынша сол сарылғандардың саны 200 мыңның үстіне бір-ақ шықты. Оларға бөлінген жер жоқ. Бірақ амалын тапқандар бірен-саран болса да астыртын қара жерге ие болып жатыр.
Жалпы, Шымкент жақта 10 соттық жерге қатысты дау өте көп. Елдің заңы бойынша әр азамат республика аумағынан өзіне бір рет 10 соттық жерді тегін алуға құқылы. Алайда, оны көбі біле бермейді. Шенеуніктер соны өз мүдделеріне пайдаланып жатады. Кейде мынандай да жағдайлар болады: берілген жер біреу, ал оның қожайындары үш-төртеу. Мұның атын «жермен бизнес жасау» десек артық болмас. Мұның артына түсіп, тексеріп, заңсыздықты ашып, оған тиісті шара көретін жан жоқ. Қазанның жабылған қақпағы қайтып ашылмайды. Әлгі жерлердің барлығын сырттан келген біреу үлестіріп берген жоқ, шешімге басшы қол қойды. Мамандар оны дайындады. Аяғы анадай дауға ұласты. Өкініштісі сол, осыған жауап беретін адам тағы жоқ. Жоқ емес бар, бірақ оны бүркемелейтін құқық қорғау органдарының қызметкерлері төбешікті тегістеп, бәрін ешкім білмейтіндей етіп жоғалта салады. Заң деген ышқырға тағатын резеңке секілді. Қалай тартсаң, солай созылады. Мемлекетке тиесілі жерлер жеке тұлғаға сатылып, талан-таражға ұшыраған. Бас прокурор А.Дауылбаев биік мінберден айтып, оған «алыпсатарлық» деп ат қойып, айдар тағып берді. Тіптен, бас прокуратураның 4-ші департаментінің басшысы Әсет Шындәлиев Шымкент қалалық әкімдігі шенеуніктерінің бұрын жасап, бүгінде жалғастырып келе жатқан жерге қатысты заңсыз әрекеттерін «ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті» деп бағалаған болатын. Жер шенеуніктері Шымқалада мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысын салу үшін бөлінген жердің жартысын сатып жіберген. Мемлекет басшысының «Қолжетімді баспана-2020» секілді аса ірі бағдарламасы қолға қайта алынып жатқан кезде Оңтүстікте әлгіндей былық пен шылық әлі тоқтай қойған жоқ. Оның барлығы Бас прокуратураның ашқаны мен айтқаны және Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық кеңестің алқа отырысында алақанға салып тұрып, ақиқатын көрсеткен фактілердің бірқатары ғана.
Жылдар бойына қордаланған, көмбеде тығылып жатқан заңсыздықтарды Оңтүстіктің заңгерлері емес, Бас прокуратураның тексеруі ашты. «Техас» атанған Шымкент осының барлығын көз алдарында тұрған кезде неге ашпады, кім ашқызбады?» деген жанды сауалға жан баласы жауап бере алмай отыр. Рас, тексеру нәтижелері алқалы жиындарда айтылды, ел құлақтанды, билік білді. Одан бері бақандай 6 ай, яғни жарты жыл өтті. «Мына заңсыздыққа мынадай шара көрілді» дегенді әлі ешкім айтқан жоқ, болмаса «тексеру біткен жоқ, пәлен уақытта аяқтаймыз, сөйтіп жария түрде бар жәйтті жайып салып, оған заң бойынша шара көреміз» деп биліктің бірде-бір өкілі бой көрсетпей отыр. Тіптен әлгі сорақы фактілердің төңірегінде облыстың салалық басшылары мен үлкен лауазым иелері егер айтылған нәрселер, келтірілген фактілер анықталмаса «Бас прокуратураның тексеруі қате болыпты, Шымкенттің әкімі Д.Сатыбалды ет қызумен байқамай айтып қалыпты» деп жариялы түрде неге жаһанға жар салып ақталмайды? Бейне бір «тығылмашақ» ойнаған секілді.
Біз аталмыш мақаланы Қарағандыдан бастап, Шымкентпен аяқтап отырмыз. Қарағандыдағы 49 га немесе 11 жер телімі дегендеріңіз «Техас» облысының қасында жіп есе алмай қалды. Яғни, соншама «дамбалымызды қолға алып, аттандап» айтқан Қарағандының былықтары Шымкенттің қасында «ерунда» болып қалды. Осы үшін 18 ай ғана әкім тағының қызығын көрген Б.Әбдішев «без теріп» кетті. Ал Шымкент балбаннан соққан ескерткіштей, былқ етпейді. Былқ еткізетін адам да жоқ, билік те жоқ. Тексерудің аяғы сиырқұйымшақтанып, күндердің күнінде «шымкентский варианттың» жолымен құмға сіңген судай болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені…
Өйткені, облыс орталығына ең жақын орналасқан Сайрам ауданында 4000-ға тарта азаматтың жер телімі төңірегіндегі дауына айлар емес, жылдар өтті. Шұбырған ел ауданнан ештеңе шықпаған соң Шымкентпен екі ортаны жол қылды. Ашпаған есігі, қақпаған тесігі қалмады. Бәрінің қолында құжат бар. Қол қойылған, мөр басылған. Оны берген адам да бар. Олар аман жүр. Мемлекеттің мүддесіне пайдаланылатын жер екенін көзбен көріп, санасы жетіп тұрып, оны жеке меншікке сатып жібергендің бірі – Мұхит Әлиев. Қайта қызметі өрлеп облыс деңгейінде үлкен қызмет атқарды. Қазір Қазақстанда тұрады, нақтылап айтқанда жер басып жүр. Анау сабылған жұрттың көз жасы, обалы мен сауабы енді кімнен сұралмақ? Мәселенің мән-жайын анықтап, оған тиісті баға беретін, заңсыз болса заң орындарын көмекке шақырып, мемлекет мүддесі үшін жеке азаматтардың обалы мен сауабы үшін шырылдайтын басшы қайда? Біз осының жауабын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов пен ОҚО прокуроры И.Имановтан сұрасақ дейміз. Шын шамалары жетпей жатса, көмекке елдің Бас прокурорын және Президент аппаратын шақырудан да кет әрі емеспіз. Біздің басылым БАҚ-тың мүддесін емес, елдің және оның азаматтарының мүддесін көздеп, қорғап, осындай батыл қадамға аяқ басып отыр. Ендеше, істің ақырын күтелік. Кім не дейді және одан не шығарады? Құлағыңызды түре жүріңіз, жәмиғат!

Қ.Қалиев