Ердәулет және «Уақыт»


«Уақыт» газеті өз оқырманына жол тартқаннан бері 5 жылдай уақыт өтіпті. Қаламын қару еткен қаламгерлердің мұнда талайы еңбек етті. Олар басылымды көтерді, басылым оларды биіктерге шығарды. Бірін бірі демеп, септесіп елге танымал басылым, қарымды қалам иесі атанды. Біз осы мерейлі мерзімге байланысты “Уақыттың” уақыт көшіне ілесіп, іргелі басылымға айналуына үлес қосқандар жайлы қалам тербеп, оларды көпшілікке таныстырмақпыз.

Солардың бірегейі қатарындағы – журналист Ердәулет Сұлтан «Уақыттың» бас редакторы қызметін бір жыл мүлтіксіз атқарды. Ол кісінің кезінде талай жаңа айдарлар пайда болды, тосын тақырыптар қозғалды, игі идеялар өміршеңдігі көптің ойынан шықты.
Бұған ­дейін тәуелсіз басылымдар арасынан алғаш рет облыс әкімдігінің «Алтын қауырсын» номинациясы «Уақытқа», оның ішінде бас редактор Ердәулет Сұлтанның қанжығасына байланды. Әрине, мұндай үлкен сый ерен еңбекке, тынбас тірлікке, кәсіптік іскерлікке, шынайы шеберлікке лайықталып берілді. Газет ұжымының да, оның басшылығының да мәртебесін бір үстем еткен сол кездегі шығармашылық бірлік, ынтымақ, шынайы достық әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Қазір Ерекең шығармашылық жұмысын Сайрам ауданында жалғастыруда. Бүткіл Қазақстанда жеке-дара үш тілде жарық көретін аудандық газеттер – «Мәртөбе», «Сайрам садоси», «Пульс Сайрама» газеттерін біріктіретін «Исфиджаб» ЖШС-нің директоры қызметін абыроймен атқарып жатыр.
Талай жастардың тәлімгері бола білген қаламгер ағаға күні кешегі төл мереке кезінде бұрынғы ұжымының атынан жақсы тілектер айттық, табыс тіледік. Қатар жүрген кездерде «Ереке, жүрген жерің береке» деп әзілдейтінбіз. Әзіліміз шынайы еді. Ол әзіліміз асылға бергісіз-тұғын. Бүгін де жаны жайсаң, жүрегі жомарт, қаламы ұшқыр, ел таныған қаламгер ағамыз Ердәулет Тұрапбекұлына бар жақсыны тілейміз. Берекелі күндер, мерекелі күндер көп болсын!

«Уақыт».

ПІКІР ЖАЗУ