АУДАРЫСПАҚТАН ҚЫТАЙДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ МАРАПАТТАЛДЫ

312
0


Күні кеше Шымкентте аттың құлағында ойнайтын спортшылар марапатталды. Олар шілде айының 13-мен 15-і аралығында Қытай жеріндегі Мұңғылкүре ауданында аударыспақтан өткен II Азия чемпионатында топ жарып еді. Айту керек, бұл жарысқа «сары құрлықтың» 10 елінен 50-ге тарта спортшы қатысты. Төл спортымыз аударыспақтың беделін асқақтатқан жерлестеріміз алдыңғы орындардан көрінді.
Аспанасты еліндегі жарыста әуелі 60 келі салмақ дәрежесінде жерлестеріміз өнер көрсеткен. Екі топқа бөлініп, белдескен спортшылар арасынан қырғыз бен қазақ балуандарының мерейі үстем болды. Жалпы чемпионат 5 салмақ дәрежесінде өтті. Қалған салмақтарда жарысқа қатысқан спортшылар арасында қазақ балуандарына тең келер ешкім болмады. 70 келіде Ермек Жапішов, 80 келіде өнер көрсеткен Түймебек Жұмалиев, сол секілді Сырым Ізбасаров, Біржан Қосалиев чемпион атанды. Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен өткен жарыста ең қызықты бәсеке «алтын белбеуге» таласқан түйе балуандардың арасында өрбіді. Бұл сында Сырым Ізбасаров абсолютті чемпион болды. Бұл құрмет — сол спортшылардың еңбегіне баға.
Cоңғы жылдары ұлттық спорттың көсегесі көгеріп, мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі күнде аударыспақ тек Қазақстанда емес, сондай-ақ Ауғанстан, Әзірбайжан, тіпті, Венгрия мемлекеттерінде дамып, үлкен қызығушылық тудыруда. Жалпы, аударыспақ сырттай тамашалаған жанды ерекше әсерге бөлеп, спортқа үндейді. Ептілікке баулып, сабырлыққа шақырады. Мұны тек білегінің күші, жүрегенің түгі бар жігіттер ғана жанына серік ете алады.