Асқаровтың балалар темір жолы бұзылады ма?


Ескі көздердің бәрі біледі, Шымкент облысын қазақтың біртуар азаматы, қоғам қайраткері Асанбай Асқаров басқарып тұрған 1979 жылы облыс орталығының шырайын келтіретін бірнеше ірі құрылыс өмірге келді. Алматыда ғана бар зообақ қаланың шет жағынан орын тепті. Оның екі шетінен «Тұлпар» су айдыны, дендробақ орнап, оның ішінен тұңғыш рет балаларға арналған серуендейтін темір жол салынды. Екі тепловоз, алты вагон балаларға қызмет істеп, бүкіл ел Шымқалаға қызыға да, қызғана да қараған сол күндер қандай ғанибет кез еді.

2011 жылдан бастап теміржолдың жұмысы тоқтады. Алты вагонның төртеуі, екі тепловоздың біреуі темір өткізетін орындарға арзымайтын ақшаға беріліп кетті. Дархан Сатыбалды Шымқалаға әкім болып келгеннен кейін бір кездегі халықтың игілігіне қызмет еткен 8 шақырымдық теміржолдың бары мен жоғын түгендеуге кірісті. Екі вагон мен бір тепловоз табылып, кері қайтарылды. Теміржолдың рельстері жөнделді. Мұхтар Мұхамбетжан сынды халықшыл азаматтар осы істің басы-қасында жүріп, нәйеті 7-8 миллион теңге жұмсап 2015 жылы теміржол қайтадан балалардың игілігіне беріліп, жұмыс істей бастады. Бірақ өкінішке орай бұл қуаныш ұзаққа созылмай, тоқтап қалды. Талай «білгір» басшылар кезінде осы балалар теміржолының толыққанды жұмыс істеуі үшін 200 миллион теңге керек дегендері рас та болуы мүмкін.
Қазір Шымкентте дендробақ тозып кеткен күйінен арылып, қайта қалпына келтірілді. «Тұлпар» көлі шымкенттіктер мен қала қонақтарының ең көп баратын орнына айналған. Зообаққа барған жаңа басшы Нұрғазы Бұқарбаев бюджеттен көлемді қаржы бөлдіріп, зообақты толық күрделі жөндеуден өткізді, жаңа жануарларды сырттан алдырды. Бұл елге қызмет ететін, олар демалатын үш жай да қазір қалыпты жұмыс істеп тұр. Оңбай тұрған – сол баяғы балалардың темір жолы. Тарихи жәдігер саналатын теміржолдың төңірегінде қазір қауесет пен өсек қаулап тұр. «Қала әкімі бұл балалар темір жолын сырып тастап, оның орнына велотрек жасамақшы» деген сөздің қаншалықты шындыққа жанасатындығын қала әкімдігінен сұрастырғанмен оның толық анық-қанығын біле алмадық. Көзі ашық, көкірегі ояу қаланың патриоттарымен осы мәселеге байланысты пікірлескенімізде «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ОҚО мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдеханов мырза өз пікірін ашық және барынша орнықты білдірді.

—Балалар теміржолына қатысты айтылып жатқан долбарлардың шындыққа қаншалықты жанасымды екендігі маған беймәлім. Бірақ осы тарихи орын саналатын балалар теміржолының тарихи әріден басталады. Осы теміржолдың аты айтылса, оған қосарлана Асанбай Асқаровтың да аты бірге аталады. Бір кездердегі Шымкенттің ең халық көп баратын, басқа облыс орталықтарының тұрғындары үшін таңсық болған көлді, зообақты, дендробақты сақтап қалып ғана қоймай, оны жаңартып жатқан ел басшыларына рахмет. Менің пайымдауымша облыстың да, қаланың да әкімдері теміржолдың әрмен қарай жұмыс істеуіне қарсы емес секілді. Мүмкіндігі болса дайын тұрған нәрсені жоқ етіп, оның орнына басқа нәрсе салудың қажеті жоқ. Егер теміржолдың орнына түсетін құрылысты ешқандай қиналусыз-ақ қаланың кез келген шет жағынан салуға болады. Қазір Шымкентте құрылыс үшін жер жеткілікті. Бүгінде қолда бар осынау теміржолды 600 метр созса, іргесіндегі «Тұлпар» көліне дейін балалардың баруына болады. Тағы бір ұсынысты ой – 700-800 метрге теміржол созылар болса, Абай паркіне дейін қатынас орнайды. Сонда бір мезгілде балалар талай тарихи орындарға саяхат жасауына мүмкіндік туады. Біз балалардан еш нәрсені аямауымыз керек. Бұл құрылыстарды жаңарту мен дамыту үшін ары кетсе 250-300 миллион теңге ғана жұмсалады. Біз қазір онсыз да өзендердің бойын абаттандырамыз деп миллиардтаған қаржыны қайтарымсыз құрылыстарға жұмсап жатырмыз. Баланың қуанғанынан артық бақыт жоқ. Қала басшылығы осы мәселені ең басты назарда ұстап, барды жоғалтпауға ерекше назар аударғандары дұрыс секілді, – дейді Ө.Мелдеханов.

Біз орынды айтылған бұл пікірге еш нәрсені алып, қоспаймыз. Тек көптің аузында айтылып, көңілдеріне селкеу түсірген сөздің жай ғана қаңқуға айналғанын қалаймыз. Егер Шымкент қаласының әкімі мен тиісті бөлімдері ел аузындағы айтылып жүрген жәйтке байланысты нақтылы түсінік береміз десе, оны да қабыл алып, халықты хабардар ететіндігімізді басшылардың қаперіне салғымыз келеді.
«Уақыт».

ПІКІР ЖАЗУ