«БЕРЕКЕ» БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ ЖАСАДЫ

241
0

Балаларға жақсылық жасау, оларға қуаныш сыйлап, қамқорлық таныту асыл міндет. Осы ойды көңілге түйіп, өскелең ұрпаққа көмек көрсетіп жүретін жақсылар мен жайсаңдар арамызда аз емес. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, «Корпорация «Береке А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Рәшкүл Оспанәлиева.

Ол жыл сайын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында өз округіндегі тұрғындардың балаларына жаңа оқу жылы қарсаңында қажетті заттарын алуына жәрдем ретінде қайырымдылық жасап тұруды игі дәстүрге айналдырған. Биыл да ол осы қасиетінен таймай, өзі сайланған округтегі №25, 30, 36, 40, 43, 44, 85 орта мектептерде білім алатын 75 оқушыны мектеп формасымен қамтамасыз етті. Бұл үшін олардың барлығын ата-аналарымен бірге Шымкенттегі Қазыбек би атындағы №36 орта мектепке арнайы шақырды. Халық қалаулысы жартылай жетім, көп балалы отбасынан шыққан және әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяның балаларын мектеп формасымен қамтамасыз ету үшін Шымкенттегі «SABTEX» ЖШС-гі «Гауһар» тігін фабрикасымен келісім-шарт түзіп, тиісті сала мамандары мақұлдаған киім үлгісіне тапсырыс береді.

Балаларға тарту таралғыны облыстық мәслихаты депутаты атынан «Корпорация «Береке А» ЖШС-нің бас директоры Айнұр Арғынбаева табыстады. Оқушыға берілген мектеп формаларының барлығы да ұл балалар үшін костюм, шалбар, жейде, жакет, ал қыз балалар үшін костюм, белдемше, жакет, жейде болып жинақталып берілді. Өз сөзінде Айнұр Әлішерқызы:
– Біздің өміріміздің мәні де сәні де ол балалар. Балаларға көрсетілген бүгінгі жақсылық шынайы көңілмен жасалып жатқанын бөле-жара айтқым келеді. Біздің тарту еткен сыйлықтарымыз Сіздерді қуантты деп ойлаймын. Ендеше Сіздер де біздерді, ата-аналарыңызды, мұғалімдерді үлгілі тәртіптеріңізбен, оқуда озат болуларыңызбен қуанта береді деп сенемін,- деді.

Іс-шараға қатысқан Еңбекші ауданы әкімдігінің мәдени ағарту бөлімінің басшысы Асылжан Түйебаев та мектеп оқушыларына қайырымдылық жасап жатқан мәслихат депутаты Рәшкүл Жәлелқызына аудан әкімдігі атынан алғыс айтты. Жиын барысында №36 мектеп директоры Сәуле Мамытбаева барлық ата-ана мен оқушылар атынан берекелі істің иесі «Корпорация «Береке А» мекемесінің жұмысына сәттіліктер тілеп, осы істің ұйытқысы болған оның құрылтайшысы Рәшкүл Оспанәлиеваға алғысын білдірді. Ал Алпамыс батыр атындағы №40 орта мектепте білім алатын Әшірбай Рауанның әкесі Дани Қалымбетов:
– Рәшкүл ханымның көмекке мұқтаж қаншама баланың басын қосып, осындай сыйлық жасауы өзгелерге сабақ болар сауапты іс. Ол кісі осы бетінен таймай, әрдайым халықтың жанашыры болып, жанымыздан табыла берсін. Жұмысы алға бассын, — деп өзінің лебізін білдірді.
Өз кезегінде біз де балаларды қуанышқа бөлеп, жүздерін жайнатқан халық қалаулысының жұмысына табыс пен сәттіліктер тілейміз.

«Уақыт»- ақпарат.