Жауапсыздық пен қатігездік алдында заң неліктен дәрменсіз?

Біз бір арыздың мән-жайымен танысқаннан соң, дәл осы сұрақты басқаға емес, еліміздегі заңның орындалуын тікелей қадағалайтын Бас прокурордың жеке өзіне қойғанды ең дұрыс шешім деп санадық. Шындығында да, қолға ұсталып, көзге көрініп тұрған бір оқиға төңірегіндегі жауапсыздық пен қатігездік әрекеттерге осы күнге дейін, арадан жылдар өтсе де, бір нүкте қойылмай отыр.

Заңның тұтқасын ұстағандар оны қоя алмайды ма, әлде қойғысы келмей ме, ол өздеріне ғана мәлім. Осыдан кейін біздің елімізде неліктен болған жағдайларға тиісті заңның баптары мен талаптарына сай баға беріліп, сараланбайды деген сауалдың туындауы шындық және заңдылық. Барған жерінен, басқан тауынан, ашқан есігінен шындық пен әділет таппаған Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылындағы Ш.Уәлиханов көшесі, 61-ші үйдің тұрғыны Тажибаев Ықтиор Қошқарұлы ашынған ащы азапқа толы жанайқайын қағазға түсіріп, «Уақыт» газетіне алып келген екен. Бір әділдікке қолым жетсе осы баспасөз жеткізер деген соңғы үмітінің бар екендігін де жасырған жоқ. Біз де арызды қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Менің анам 2014 жылдың 17-ші қарашасында мемлекеттен бөлінген жолдама арқылы Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» ЖШС-нің иелігіндегі «Жетісай» шипажайына жатқан болатын. Арада апта өткенде анам сол шипажайдан аяқ-қолы сал болып ауруханаға түсті. Оқиға былай болған: 24-ші қараша күні таңертең қан қысымы көтеріліп, сондағы қызметкерлерден жәрдем сұраған. Олар қан қысымын өлшегенде 225-ке жеткен. Алайда, шипажай қызметкерлері осындай жоғары қысымды көре тұра өз тараптарынан ешқандай көмек бермеген, жедел жәрдем шақырудан бас тартқан. 25-ші қараша күні түнгі сағат екілер шамасында анамның қан қысымы бұрынғыдан да қатты көтеріліп, қараусыз жатқан кезде, кіші дәретке шығамын деп орнынан тұрғанда құлап, жамбас сүйегі сынып, сол жақ аяғы мен қолы істемей қалған. Қасында бірге жатқан Елмира Серікова оны көріп не істерін білмей, мейірбекені іздеп, оны әзер дегенде екі сағаттан кейін тауып келген. Мейірбике келгенмен еш көмек көрсетпей, «таңертең тоғызда дәрігер келіп өзі қарайды» деп кетіп қалған. Біздерге, яғни туыстарына анамның ауыр халі жайлы ешкім ешқандай хабар бермеген. Таңертең сағат 10-да келген дәрігер оған көмек беріп, жылы сөзін арнаудың орнына «бұл аурухана емес, бұл санаторий» деп қатты дауыс көтерген. Жағдайы аса ауыр болғандықтан жедел жәрдем шақырылып, ол 11:30 да келіп, анам сол күні түскі сағат бірде Мақтарал аудандық орталық ауруханасының терапия бөліміне жатқызылыпты. Дәрігерлер ол кісіге «ми қан айналымының бұзылуы, ишемиялық инсульт» диагнозын қойған. «Жетісай» шипажайы қызметкерлерінің өздеріне тиісті міндеттеріне асқан жауапсыздықпен және ұқыпсыздықпен қарауы, қатігездік жасауы салдарынан анам күні бүгінге дейін төсекке таңулы. Жүрмек түгілі отыра да алмайды. Сол аяғы мен сол қолы толығымен сал болып, қимылсыз қалған.

Біздің отбасымыз үшін аса ауыр болған осы оқиға бойынша шипажай қызметкерлерін жауапқа тарту үшін мен Мақтарал аудандық прокуратурасынан бастап, ҚР Президентіне дейін арызданып жүріп, ОҚО прокуратурасы Мақтарал ауданының ішкі істер бөліміне аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 317-бабы, 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғау жөнінде нұсқау берді. 2015 жылдың наурыз айында ҚР ҚК-нің 317-бабы, 1-бөлігі бойынша «Күлпаршын» ЖШС-нің «Жетісай» шипажайы қызметкерлерінің үстінен Мақтарал аудандық ішкі істер бөлімінде қылмыстық іс қозғалып, оны жүргізу аға тергеуші С.Оспановқа тапсырылған. Менің анам Тажибаева Иноят жәбірленуші ретінде танылған.

Облыстық прокуратура нұсқау берген бап бойынша емес, аудандық ішкі істер бөлімі ҚР ҚК-нің 320-бабы емес, тым болмағанда 317-баптың 2-бөлігімен емес, 1-бөлігімен іс қозғағандығын әлі күнге дейін түсінбеймін.
Тергеу барысында күні бүгінге дейін заңға қарама қайшы әрекеттердің куәсі болдық, талай олқылықтар орын алды. Анамның қасында болған Е.Сериковадан куә ретінде жауап алуды талап еткенмен, тергеуші оның құлағы естімейтіндігін және сөйлей алмайтындығын басты сылтау етіп, куәлікке шақырудан бас тарты. Бұл адамды кемсіту емей немене?

2015 жылдың 25-ші желтоқсанында тергеу әрекеттері үстірт жүргізіліп, жәбірленушіден ешқандай жауап алынбастан сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатып, іс қысқартылып кетті. Біз қайтадан облыстық прокуратураға шағымданып, 2016 жылдың 22-ші сәуірінде қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін қайтадан Мақтарал аудандық ішкі істер бөліміне жолданды. Одан бергі уақытта тергеу әрекеттері дұрыс жүргізілмей, істі бір жақты қарап, созбалаңдыққа салып, қайта қозғалған істі дұрыс жүргізбей келеді. Біз аудандық ішкі істер бөліміне және тергеу ісіне сенімсіздік білдіріп, басқа жаққа ауыстыру жөнінде өтінгенбіз. Одан нәтиже шықпады. Биылғы мамыр айының 28-де тергеуші Бағдаулет Тынғариев сотқа дейінгі тергеп-тексеруді (қылмыстық қудалауды) тоқтату туралы қаулы шығарып, іс тағы да қысқарып кетті. Бұл қаулыны заңсыз әрі негізсіз деп, «Жетісай» шипажайы қызметкерлерінің іс-әрекеттерінде ҚР ҚК-нің 317-бабы 2-бөлігінде және 320 бабында көзделген қылмыс құрамы бар деп қайтадан прокуратураға шағымдандық. Қазіргі күнде демалып, емделуге барған адамды мүгедек қылып қойған азаматтар ешқандай жауаптылыққа тартылмастан жүр. Тіптен мына бір нәрсені де айта кеткім келеді. Бізге қатысты жағдаймен 2015 жылдың қаңтар айында шипажайға Фармацевтикалық бақылау комитеті тексерумен барғанда, ондағы дәрігерлердің тиісті жұмыс істеуге сертификаттарының да жоқ екендігі анықталған болатын. Алайда бұл мәселеге ішкі істер бөлімі де, аудан прокуратурасы да ешқандай шара көрмей, тексеру жүргізбей, шипажай әкімшілігі мен қызметкерлері жауапкершілікке тартылмай қалды.

22.10.2015 жылғы облыстық сот-медициналық сараптамасының №82 қорытындысына сай шипажайда анама физиоемдеу процедураларын шектен тыс жасағандығы себепті, онда ми қан айналымының шұғыл бұзылуы (инсульт) орын алған болуы мүмкін деп көрсетілген. Сонымен қатар, осы қорытындыда анамды ауыр тағамдар жеп (бесбармақ, қазы), өз жағдайын ушықтырып алған болуы мүмкін деп көрсеткен. Алайда, қорытындының бұл бөлігі анамның амбулаториялық картасында көрсетілген мәліметтерге ғана негізделіп жасалған. Шипажай қызметкерлері менің анамды осылайша қаралап, оған жала жауып отыр. Ондай жағдайдың орын алмағандығына дәлел айтатын куәлердің бар екенін айтқанымызбен, тергеуші бізді тыңдамай, істі жауып тастай береді. Осы күнге дейін біз ұсынған куәлердің айғақтарын, басқа да дәлелдемелер мен бейнежазбаларды қабылдамай, іс материалдарына тіркеуден бас тартып, керісінше жәбірленуші тараптың емес, жауапкер «Жетісай» шипажайының ойдан шығарылған дәлелдерін қабылдаудан танбайды. Сот-медициналық сараптамада медициналық көмек көрсетудің сатылары дұрыс жасалмай, гипертониялық криз басталғаннан қайта инсульт алуы аралығында жеті сағат өткізіп алғанын, негізінде мұндай кезде көмек 3-6 сағат ішінде көрсетілетіні атап жазылған. Ол да тергеуде ескерілмеді.

Екі рет қысқарып, екі рет қайта қозғалған қылмыстық істің бізге берілетін қаулы көшірмелерін алған емеспіз. Жәбірленуші ретіндегі ҚР заңнамасымен көзделген құқықтарымызды бұзып, заң талаптарын орындамай келеді. Аудандық, облыстық прокуратураға жазған шағымдарыма уақытында жазбаша жауап берілмей, өзім барып жалынып, зорға аламын. Соңғы рет облыстық прокуратураға 10.06.2016 жылы жазған шағымыма тіптен жауап келмеді. Ауызша ғана менің шағымымның қаралуын Мақтарал аудандық прокуратурасына тапсырдық, қылмыстық істі қайта қозғалттық деп айтады. Мен оған сенбеймін. Себебі, іс қайта қозғалса, тергеу амалдары жүрген болар еді. Бірақ тым-тырыс, ешқандай қозғалыс жоқ.
Қылмыстық істің қайта-қайта жабылып, бүгінде мүлдем тоқтап қалуының себебі «Жетісай» шипажайын иеленуші «Күлпаршын» ЖШС-нің иесі облысқа белгілі қалталы азамат. Сондықтан, мұнда сыбайластық орын алып отыр деген күдігім бар. Менің арызым осылай аяқсыз қалатын болса, әлгі қатігездік танытқандар мен жауапсыздық көрсеткен қызметкерлерге өзімше жауапқа тартатын шара жасасам ба деген ниетімнің бар екендігін де жасырмаймын.

Д.АСҚАРҰЛЫ.

РЕДАКЦИЯДАН:

Ықтиар Тажибаевтың арызының бар мазмұны осы. Қарап отырсаңыз қылмыстық істі тоқтататын, қысқартатын нақтылы себеп көрінбейді. Біз ендігі ретте осы істің нүктесін аудан мен облысқа сілтемей, ҚР Бас прокуратурасының өзі қолға алғанда ғана оған әділ нүкте шындыққа сай қойылады деген оймен оны Бас прокурордың назарына ұсындық. Арыз редакцияның тұрақты бақылауында болмақ.

ПІКІР ЖАЗУ