«Менің кәсіпкерлігіме неліктен тосқауыл қойылуы тиіс?»

303
0

Өмірі бір тыншымайтын Шымкентте тағы бір шу шықты. Бұл жолы кәсіпкерлер Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшылығына қарсы ашық бас көтерді. Сөйтіп әзірге арашаны облыстық кәсіпкерлер палатасынан сұрап отыр.


Мәселенің мәнісін таратып айтсақ, оның барысы былай болыпты. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері өзінің нәсібін кәсіптен табуға ниеттенген Қадырбек Әбдібекұлы мал шаруашылығын дамыту үшін шаруа қожалығын құрып, фермер атанып, мал бордақылаумен айналысып келеді екен. Өткен жылы ешкімнің жәрдеміне арқа сүйемей, өзінің қалтасынан шыққан қаржыға мал бордақылайтын жаңа қоралар салып, оның құрылысын аяқтағаннан кейін техникалық бақылау мекемесінен бастап, тиісті құзырлы органдардың барлығынан арнайы құжаттарды рәсімдеп, оны әділет басқармасынан тіркеуден өткізген. Кәсіпкер Қ.Әбдібекұлы дайын болған нысанды қабылдауға өтініш жасап облыстық сәулет-құрылыс басқармасы басшысының алдына бірнеше рет барып, басшының ауызша келісімімен тиісті комиссияны күтіп жүрген кезде, шалғай ауылдағы кәсіпкер өзінің екі миллион теңгеге жуық айыппұлдың иесі болғандығын білген. Тіптен айыппұл туралы шешімге қол қоюдан бас тартты деген екі куәгердің өзі бұл оқиғаның қалай орын алғандығын білмейтін болып шыққан. Әділет басқармасында тіркелгеннен кейін арада төрт ай өткенде кәсіпкердің мойнына ілінген айыппұлдың төңірегінде қазір айқай шығып, оның төрелігін айтуға облыстық кәсіпкерлер палатасы араласып, екіжақты мәмілеге келтіруге тырысып, комиссия құрып, жұмыс істеуге кірісіп кетті. Сотқа талап-арыз түсірілген.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Дәу Баба елдімекеніндегі «Қайнар» шаруа қожалығының басшысы Қыдырбек Әбдібекұлы: «Менің барлық құжаттарым бар. 2015 жылы «заң өзгерді, әзірге сіздің нысаныңызды қабылдай алмаймыз» деген соң Түлкібас аудандық сәулет-құрылыс бақылау бөліміне құжаттарымды өткіздім. Әділет басқармасынан тіркеуден өттім. Мынау бір миллион тоғыз жүз мың айыппұлдың менің қорамды көрместен қалай салынғанына түсінбей отырмын. 200 миллион теңгеге үш қора салынды. Онда жүз жылқы, екі жүз қара мал бағылуға және төрт жүз ірі қара бордақылауға толық мүмкіндік бар. Тіптен жолды өзім салып, суды өзім жеткізіп, электр қуатын өзім тарттым. Менің ниетім малдың басын көбейтіп, өзіме де, халыққа да жағдай жасау. Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету жөнінде ерекше атап көрсеткенін білемін. Мен кәсібімді дамытсам деймін, ал жергілікті билік мені аяғымнан шалып, ісіме тосқауыл қоюда. Әділетті шешім түбінде болады деген ниетпен жақсылықтан әлі күдер үзбей отырмын» дейді.

Иә, кәсіпкер мен билік арасында әзірге осындай түсінуі мен түсіндірілуі қиын бір орынсыздау, жайсыздау дау туындап тұр. Мемлекеттің экономикалық және саяси тұрғыдан дамуында шағын және орта кәсіпкерліктің орны ерекше. Кез келген дамыған ел ең әуелі еңсесін тіктеу үшін кәсіпкерлікке ерекше мән беріп, үлкен қолдау көрсетуді бірінші кезекке қояды. Кәсіпкердің шырылына құлақ түргенде облыстың жаңа басшысы Ж.Түймебаевтың күні кеше ғана үлкен басқосуда кәсіпкерлікке байланысты айтқан қадау-қадау әңгімелері мен берген тапсырмаларының далаға айтылғаны ма? Сондықтан бір ғана мәселенің төңірегінде қалып қоймай, Қ.Әбдібекұлының ісіне соттан бұрын облыс әкімінің өзі араласқанда ғана бұл іске нақтылы нүкте қойылып, оң шешімін табады деген пікірдеміз.

Д.АСҚАРҰЛЫ