КӨКСӘЙЕКТІҢ ЛИМОНДАРЫ

307
0

Үндістан, Үнді Қытай, Оңтүстік Қытайда өсірілетін цитрусты жеміс — лимонды баптауды төлебилік шаруалар да меңгеріп келеді. Алғашында жүрексініп жүрген азаматтар ерекше жеміс түрін жылыжайларға егіп көріп, бүгінде төккен терінің нәтижесін көре бастады.

Лимон баптаудың тәсілдерін меңгерген жергілікті азамат Юрий Пак Көксәйек елді мекенінде көлемі 0,07 га жылыжайда лимон өсіруді қолға алған. Мұнда 400-ге жуық лимон көшеті отырғызылды. Шаруаның үміті ақталып, алғашқы өнім шыға бастаған соң, оны кәсіпке айналдыру идеясы өздігінен туындады.
Нақтырақ айтқанда, үш жыл бұрын егілген көшеттер биыл-ақ алғашқы нышандарын көрсете бастады. Кәсіпкер Юрий Алексеевич өз қаражатына салған бұл лимонарийдегі цитрусті жемісті баптау үшін асқан төзімділік қажет екенін айтады. Осыған қарап, өзге де банан, киви сияқты тропикалық жемістерді еш қорықпастан жылыжайларда өсіруге болатын сияқты дейді ол.

Биіктігі 3-6 метрге жететін лимон жемісінің биіктігі үй жағдайында 2 метрге дейін жетеді. Баяу өсіп, алғашқы жемісін 6-10 жылда бере бастайтын лимон ағашы 60 жылға дейін өседі.
Әзірге Төлебиде лимон өсіруді қолға алып, кәсіпке айналдырған азаматтар саусақпен санарлық. Мәселен, ондағы Кемеқалған ауылдық округіндегі «Нематулла» шаруа қожалығы да соңғы 3-4 жылдан бері 5,5 гектар жеріне қияр, қызанақтан бөлек, лимон өсіріп, оны ішкі нарықта саудалап жүр.
Жалпы ауданда аталған кәсіп түріне қызығушылар жетерлік. Табысты кәсіптің көзін кәсіпкерлер болашақта одан әрі көбейеді деп күтілуде.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.