Жылына 1 миллионнан астам турист келетін Түркістан қаласы

267
0

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласында жұмыс сапарымен болып, бірқатар туристік, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты.

Түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылатын Түркістан қаласын аралау кезінде аймақ басшысымен бірге Түркияның астанасы — Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен измирлік кәсіпкер Омур Онур мырзалар да қатысып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Ең алдымен, облыс әкімі бастаған делегаттар Орта Азияда теңдесі жоқ тарихи жәдігер саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болды. Сонымен қатар, олар «Көне Түркістан» тарихи-мәдени туризмін дамыту концепциясымен танысты.
Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі екенін айтқан өңір басшысы тұжырымдаманы әлі де жетілдіріп, халықаралық стандартқа сай ету арқылы толықтырып, қайта жасауды тапсырды. Бұл ретте, әкім жылына 1 миллионнан астам турист келетін аймаққа алдағы жылдары 1 миллионға жуық түркиялық туристердің келуге дайын екенін xабарлап, соған сай сервистік қызметтердің сапасы да жоғары талапқа сай болу қажеттігіне тоқталды.

Мұнан соң, өңір басшысы жаңадан бой көтерген «Отырар» шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысып, оның сапасы мен онда қолданылатын құрылыс материалдарының отандық өнімдер болуы керектігін назарға алды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, аталған шағын аудандағы 5 қабатты екі тұрғын үй, яғни 120 пәтер үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен отбасыларға пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінде мұнда тағы 60 пәтерлі 8 тұрғын үй мен «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» арқылы 72 пәтерлік 2 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жалпы Түркістан қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтар саны 3 мыңнан асады. Осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында аталған үйлер бой көтеріп жатқан аумаққа «Отырар» шағын ауданы деген атау беріліп, келешекте 100 үй салу жоспарлануда.

Сапар барысында жұмысшы топ Түркістан қаласының батыс бөлігінде орналасқан индустриалды аймақтың жұмысымен танысты. Онда әкім жиһаз шығаратын «Гранд Микс» кәсіпорнының жұмысын көріп, бағасы төмен, сапасы жоғары жиһаз шығарушы кәсіпкердің жұмысына оң бағасын берді. Және шығарылатын өнімді кеңінен насихаттап, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде өтетін кәсіпкерлік көрмелеріне қатыстыруды жүктеді.
Аумағы 40 гектар болатын индустриалды аймақта құны 8865,5 млн. теңге болатын 14 жоба орналастырылып, 720 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бүгінде оның 5-уі жұмыс істеп тұр.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан киелі Түркістан қаласына жасаған сапары барысында Ж.Түймебаев қала активімен кездесті.
Жиында Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша 10 айда атқарылған жұмыстарды баяндаса, қала әкімінің орынбасарлары проблемалық мәселелер бойынша мәлімдеме жасады.
Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі біршама жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтып, проблемалық мәселелердің де жоқ еместігіне тоқталды.

«Біріншіден, Түркістан қаласы дотациялық өңір. Себебі, қала бюджетінің тек 7,8 пайызы немесе 2,1 млрд. теңгесі өзіндік кірістер, ал қалған 24,7 млрд. теңгесі облыстан және республикадан берілетін субвенция мен трансферттер. Сонымен қатар, мұнда 10 айға қаралған бюджет қаражатының 249,3 млн. теңгесі игерілмеген, оның 26,5 млн. теңгесі субъективті себептермен игерілмеген. Бұл жергілікті бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жеткіліксіз жұмысының нәтижесі», — деді әкім.

Еліміздің экономикасын дамытуға инвестиция тарту ең басты мақсат және бұл туралы Мемлекет Басшысының тікелей тапсырмасы бар екенін айтқан аймақ басшысы былтырғы жылдың 10 айымен салыстырғанда, биыл аудан экономикасына салынған инвестиция көлемі 27,7 пайызға немесе 3,9 млрд. теңгеге кеміген. Сондай-ақ, жыл сайын Түркістан қаласына келетін 1 млн. астам туристер мен зияратшыларға көрсетілетін сервистік қызметтер деңгейі төмен.

Осыған орай, облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасымен бірлесіп қаланың туристік потенциалын арттыру бойынша нақты қадамдық іс шара жоспарын бекітуді тапсырды.

Сондай-ақ, әкім ветеринаринарлық шараларға және бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану мәселесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей отырғанын атап өтті. Мәселен, мал өлекселерін тастайтын орындар саны 18, немесе 40%-ға ғана қамтылған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 мың гектар және кәсіпкерлік мақсаттағы 1,6 мың гектар жер пайдаланылмай отыр.
Жиынды қорытындылаған Жансейіт Қансейітұлы жоғарыда аталған кемшіліктерді жою мақсатында бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Атап айтар болсақ, салық салу базасын ұлғайту, бюджеттік емес инвестицияларды тарту бағытындағы жұмыстарды арттыруды, сонымен бірге, қалаға келуші туристер мен қонақтарға көрсетілетін сервисттік қызметтер сапасын арттыру үшін арнайы іс — шара жоспарын әзірлеп, бекіту нұсқалды. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылық және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайта айналымға қосу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді міндеттеді. Сонымен бірге, қоғамдық көлік қызметіне, автовокзалдар мен автобус тұрақтарының жағдайына сараптама жасауды, жаңа жұмыс орындарын ашу және жұмыссыздар санын азайтуды, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сапар соңында жұмысшы топ Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік унивеситетінде аялдады. Ондағы оқытушы құраммен болған кездесуде аймақ басшысы ғалым, профессорлардың өңірімізді дамытудағы ұсыныс, тілектерін тыңдады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі