«ШЫМБҰЛАҚТАН» КЕМ ЕМЕС «ТАУ САМАЛЫ»

468
0

Келешекте Қазақстан халықаралық туризм нарығына енуді межелеп отыр. Өйткені туризм – әлемдік экономиканың маңызды саласы. Табысты бизнес көзі. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет туризм керегесінің кең болуына айрықша көңіл бөлуде. Осы мақсатта саланы өркендетудің жүйелі қадамын жасап, оны дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлегені белгілі. Қазақстанға туристердің қызығушылығын арттыру жағы мемлекет басшысының Ұлт жоспары реформасының 57-қадамында айтылған. Онда «туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту» қажеттігі көрсетілген.
Оған негіз де жоқ емес. Себебі Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да ондағы табиғаттың туризмді дамытуға өте қолайлы екеніне көз жеткізуге болады. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты да туризм саласының дамуына сүбелі үлес қоса алады. Әсіресе Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас сынды көрікті аймақтар мен ондағы шатқалдар туризм саласының серпінді өсуіне өте ыңғайлы. Осыны терең түсінген аймақтағы бірқатар білікті кәсіпкерлер адамзат бойына керемет әсер беретін ондағы көркем жерлерді табиғаттың бір көрінісі деп емес, халықты тынықтыратын мекенге айналдыру мақсатында демалыс кешендерін ашуда. Солардың қатарында «Тау самалы» демалыс аймағы бар. Облыс орталығы Шымкенттен 45 шақырым қашықтықта орын тепкен «Тау самалын» нағыз демалуға арналған ғажайып орын дерсіз. Ал ондағы «Алатау» шаңғы базасы орны бөлек өзгеше мекен.

ЖАЙЛЫЛЫҚТЫҢ БАРЛЫҒЫ ОСЫ ЖЕРДЕ…

«Тау самалы» демалыс аймағында сіздің талғамыңыздан шығатын ағаштан тұрғызылған 32 коттедж үй бар. Өз мүмкіндігіңізге қарай 2, 4, 6, 8 және 10-15 адамға лайықталып салынған үйлердің бірін таңдап, жайғаса аласыз. Немесе 28 бөлмеден тұратын «Тау самалы» қонақ үйінің стандарт-класс, жартылай люкс, жоғары стандартты VIP бөлмелеріне тұрақтауыңызға болады. Бәсекеге қабілеттілік жағынан өзге демалыс кешендерін басып озатын «Тау самалындағы» ағаш үйлердің ішкі көрінісі бес жұлдызды қонақ үйлерге сәйкестендірілген.

КЕҢ ТАҢДАУ ҚЫЗМЕТІ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН

«Ас адамның арқауы». Мұны қызықты қыдырыстап, табиғаттың әсем аясында тынығатын әрбір адам жақсы біледі. Сондықтан да кешенді демалыс аймағына келушілер үшін тиімді дәрумен мен минералды заттарға өте бай ас мәзірі қарастырылған. Яғни, «Тау самалы» рестораны мен мейрамханасында тәжірибелі аспаздар дайындаған ұлттық және еуропалық тағамдардың дәмі тіл үйіреді. Ондағы әрбір өткізген уақытыңыз ұмытылмас естеліктерге толы болу үшін бірнеше қызмет түрлері ұсынылады. Мәселен, тау баурайында салт атпен серуендей аласыз. Уақытыңызды қызықты өткізу үшін бірнеше бильярд ойын залдары жұмыс істейді. Монша процедураларын сүйетіндер тиісті талаптарға сай жасалған орыс моншасы қызметіне жүгініп, сұлулығы мен денсаулығын нығайта алады. Суда жүзіп малтығанды ұнататындар үшін де тұнық суға толған ашық және жабық бассейндердің жұмыс істеуі жолға қойылған.
Балық аулауды құмартатындар демалыс аймағындағы жасанды көл бар екенін де біле жүргені абзал. Ал мәжіліс залында маңызды іс шаралар, дөңгелек үстелдер мен керім кездесулерді ұйымдастыру қамтамасыз етілген.


ҚҰНАРЫ МОЛ ӨНІМДЕР ӨЗДЕРІНЕН ШЫҒАДЫ

Бүгінде мамандар қатерлі ісік ауруларының көбеюіне жасанды тамақтардың кері әсері мол екенін алға тартып, экологиялық таза, энергетикалық құнды тағамдарды көп тұтынуға кеңес беріп отыр. «Тау самалы» басшылығы бұған үлкен мән берген. Бұл туралы демалыс аймағының басшысы Айнұр Әлішерқызы:
– Қызмет сапасын жан-жақты жетілдіру мақсатында бізде бірнеше шаруашылық жұмыс істейді. Онда айран, қымыз, қымыран, құрт сынды сүт-май өнімдері дайындалып, қонақтарға ұсынылады. Табиғи ауыз су да өзімізден шығады. Көкөністердің бірнеше түрлері өсірілетін жылыжайларымыз тағы бар. Жаздыгүні бау-бақшамызда піскен алма, алмұрт, жүзім, шабдалы сынды жеміс жидектеріміз келуші қонақтарымыздың сүйікті тапсырысына айналады. Өзімізде жолға қойылған мал шаруашылығы демалыс аймағын ет өнімдерімен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар емге дауа ара балын да өз омарташыларымыз әзірлейді. Осылайша біз қонақтарымызды сапалы тағамдармен қамтамасыз ете отырып, табиғи таза өнім тұтынуды насихаттаудамыз,-дейді.
Демалыс аймағында «Тау самалы» санаториясының құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде қабырғасы қаланып, төбесі жабылған санаторийдің болашақта аймақтағы алдыңғы қатарлы емдік-сауықтыру орталығы боларына сенім мол.

«АЛАТАУ» ҚЫСҚЫ ДЕМАЛЫС МАУСЫМЫН АШТЫ

Онда «Бәйтеректе» бар, «Кремльде» болады, «Тау самалы» демалыс аймағындағы «Алатау» шаңғы базасына бара қалсаңыз сіз «Куршавельде» жүргендей күйге бөленесіз. Ыңғайлы отырғыштары бар арқанды жолмен аспанмен таласқан биік таулардың демін сезініп, одан ескен салқын самалдан ерекше ләззат аласыз. Бұл құбылыс сіздің бойыңызда біраздан бері жиналған шаршауды бір мезетте шығарып тастайды. 1370 метр қашықтыққа созылған арқанды жолмен Сіз биікте орын тепкен «Бәйтерек» қарау алаңына бет аласыз. Ал ол жерден ақ ұлпа қар жамылған тау бөктерін тамашалайсыз. Демалыс аймағының басқарушысы Айтбаев Нұрбол:
– 2013 жылдан бері көптеген жұмыстарды қолға алдық. Шапшаң сырғанауды сүйетіндер үшін шаңғы трассаларының ұзындығы 1800-метрге дейін ұзартылды. 152 отырғышы бар арқанды жол бір мезетте 400-ден астам адамды биікке көтере алады. Оған келуші қонақтардың күн сайын арта түсуі бізді қуантып отыр. Бугельді жол да жөндеуден өтті. Кәсіби шаңғышыларға арналған жаңа бағыттарды ашуды көздеп отырмыз. Шаңғы сырғанауды енді үйреніп жатқандар шеберліктерін тау баурайларындағы трассаларда шыңдай алады. Келуші қонақтар демалысты қызықты өткізу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз. Басқару тізгіні бар шаналар, шаңғы мен арнайы киімдерді жалға беретін пункт, шаңғыға тұруды үйрететін тәжірибелі нұсқаушылар жұмыс істейді. Тамақтанатын орнымыз бар. Қазіргі таңда біз арқанды жол арқылы көтерілетін «Бәйтерек» қарау алаңының жанынан ресторан құрылысын салып жатырмыз. Оның сәулеті бір қарағанда Мәскеудегі Кремль ғимаратын еске түсіреді. Ол аяқталса «Алатауға» келген қонақтар «Кремльден» Ақсу Жабағылы қорығының аумағында орын тепкен Тянь-Шань тауының батысына, Тоғыс және Доңғыстау өзендерінің жағасына көз тастап, таң қалып, таңдай қағып тамақтанатын болады,-дейді.
Бұл жоспар жүзеге асса, «Алатауға» келген де арманда, келмеген де арманда болады емес пе?!

С.ӘСКЕРБЕКҰЛЫ.

P.S.
Кешегі демалыста әріптестермен бірге осы «Алатауда» бас қосып, содан алған әсер мен көңілге түйген ой осындай болды. Жалпы шаңғы тебу ашық аспан астында, таза ауада жүзеге асатын болғандықтан ол денсаулықтың нығаюына үлкен әсер етеді. Шаңғы тебу кезінде адамның барлық дене мүшелері қозғалысқа түсіп, жұмыс істейді. Ал оның берер пайдасы шаш-етектен. Ол адамның бойындағы шапшаңдық, қырағылық, дер кезінде дұрыс шешім қабылдау, ептілік сынды өмірге аса қажетті қасиеттердің қалыптасуына мол көмегін тигізеді. Біз шаңғы тебуді осылайша насихаттай отырып, оған жастарымыздың жаппай бет бұруына үлес мақсат тұтудамыз. Жалпы жүрек түкпірінде осы шаңғы базасының келешекте еліміздегі шаңғышылар мен конькишілердің қатарын арттыра түседі деген сенім жатқанын да жасырмай айтқым келеді.
Ендеше, ардақты әлеумет! Балаңызды «Алатауға» апарып, шаңғы тебуге баулуға асығыңыз. Кім біледі, бәлкім, оның келісті келешегі «Алатауға» ат басын бұрудан бастау алар…